Атырауда ата-енесі бес ұлы мен келінімен бір шаңырақ астында тұрып жатыр

Отбасы – шағын мемлекет. Онда адам бойындағы асыл қасиеттер қалыптасады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Қазіргі таңда «отбасы» сөзінің маңыздылығын түсінетін де түсіндіретін жандар азайып тұр.

Өйткені, қоғамда болып жатқан отбасы төңірігінде орын алатын екі жас арасындағы жағдайларға (ұрыс-жанжал, ұрып-соғуларға) күн өткен сайын үрейлене қараудан қалдық. Екі жастың бір-бірімен келісімге келмеуі, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктер көптеген шаңырақтың шырқын бұзуда. Десек те, өмірдің ақ пен қарасы сынды, кейінгіге үлгі болар пайым-парасаты мол, өнегелі отбасылар да аз емес, деп жазады Атырау.

Әңгіме арқауына айналып отырған киелі шаңырақтың өз ерекшелігі бар. Мұнда әулеттің бес ұлы, келіндері, бала-шағасымен бірге бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп жатыр. Қазіргі уақытта күнделікті тұрмыстан көріп-біліп жүргеніміздей, бес келін тұрмақ, бір келін де әрнемені бір сылтауратып, ата-енемен тұрмай, бөлек кетісіп жатқандары қаншама?

Сірә да бұл қарапайымдылық пен ізгілік ұстанымдарын ту етіп, өздері-нен өрбіген алты ұл мен бір қызын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай тәрбиелеп өсірген Хамит Ерғалиев ауылының байырғы тұрғындары Иван аға мен Батима апаның жақсылығы болса керек. Бүгінде өзгелер қызыға да қызғана қарайтын жарасымды бұл әулеттен үйренер тұстарымыз көп.

Бұл туралы бұл күндері Пайғамбар жасынан асқан Иван ағайдың өзі былай дейді:

“Мамандығым – геолог. Кетешағыл ауыл советінде дүниеге келіп, 42 жыл геология саласында қызмет еттім. Негізінен түзде қызметте болдым. Үйдегі балалар тәрбиесіне жұбайым жауапты болғанымен, үйде болған кезімде әкемнен мұра болған адалдық ұстанымын әркез балалардың санасына құйып отырдым”.

Ал, Жанбай ауылының тумасы Бәтима апа – бүгінде өз анасы сынды «Алтын алқа» иегері.

“1976 жылы үлкен әулетке келін болып түстім. Ата-ененің тәрбиесін алдым. Қазақта «Келін ененің топырағынан жаратылады» деген жақсы сөз бар. Өзім ене болғанша үйдегі жарымның анасымен қабақ шытысып, артық сөзге келіп көрмеппіз. Қызындай ақылын айтып, аналық өнегесін аямады. Сол сыйластықтың арқасы болар, енем 100 жасқа келгенше қолымызда болып, мәңгі мекеніне аттанды, осы шаңырақта қазір бес келініммен бірге тұрамыз. Келіндеріме келетін болсам, шаңырақтың босағасын аттағалы бері бір-бірімен ренжісіп, сөзге келгендерін көрмедім. Бұл да аналарынан алған тәрбиенің жемісі болар. Енемнен алған өнегені келіндеріме де айтып жүремін. Ұрпақ қуанышына бөленіп отырған бақытты отбасымыз”, – дейді Бәтима ана.

Әулеттің алғашқы келіні Гүлден бұл шаңыраққа 20 жасында келген. Екі енеден тәрбие алған ол, кейінгі түскен келіндерге де үлгі. 2001 жылдан бері ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда қызметте.

Жалпы бұл шаңырақтағы келіндерімен әңгіме айтып, сырласу адамды жалықтырмайды. Олар «келін» деген киелі сөзге ешбір шаң жуытпаған. Есіктен кіріп келгеннен-ақ, қонақ күтулері, үлкенді сыйлауы, кішіге ізеттіліктің белгісін көрсетеді.

“Бес келін бір үйдің бес қызындай тату-тәттіміз. Бізді тәрбиелеген енелеріміз алтын. Қашан да өнегелі отбасы болуға жетеледі. «Келінім» деп емес, қыздарындай аялады”, – дейді өздері.

Иә, бұл бір шаңырақтағы бес келіннің түйіндеген ойы. Расында да әрбір келін өз шаңырағын ыстық ұясындай сезінсе, отбасылық өмірде кездесетін кейбір көлеңкелі тұстар аз болар ма еді?

Тағы да оқыңыз:

Талдықорғанда туған анасын асқан қатыгездікпен өлтірген бозбала жат ағымның жетегінде кеткен болуы мүмкін

Желіде Мұхтар Шаханов жас келіншекпен көңілдес деген әңгіме тарады

ОҚО-дағы 7 жасар баланың ісін шетелдік сарапшылар тексереді

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
21.08.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар