Астаналық жалғызбасты әке мүгедек қызына дәрігерлердің өтірік диагноз қойғанына айтып ашуланды
Дәрігерлер дұрыс диагноз қоймады. Астанада мүгедек қызына бас-көз болып жүрген жалғызбасты әке арнамызға хабарласып базынасын айтты. Себебі, перзенті өмірге келісімен жергілікті ақ халаттылар дертінің дауасын таба алмады деп ашынады.
Олардан қайран болмаған соң, ем қонар деген үмітпен баласын өзге өңірлерге де алып барған. Ол жердегі ақ халаттылар мүлдем басқа диагноз қойған. Ал, жергілікті дәрігерлердің бұл жөнінде өз пікірлері бар. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
“Мына жерінде ет жетілмеген. Жүрмейді. Мына жерін Алматыда снимокқа түсіргенде екі сіңір болады екен. Сол қысқа екен”.
Қала тұрғыны Рысмахан Айтбаев екі жылдан бері жалғыз қызын бір өзі асырап жүр. Оның жергілікті ақ халаттыларға деген өкпесі қара қазандай. Себебі, 3 жастағы баласына туылғанынан дұрыс, нақты диагноз қоймапты. Енді, шындық іздеп шырылдаған әке, бір бума құжаттарын арқалап дәрігерлермен дауласып жүр.
“Менің снимкамды көрді де, ешқандай патология жоқ, жүреді, уайымдамаңыз деп шығарып жіберді. Ойымда ештеңе жоқ жүретін шығар деп ойладым. “Кезінде бұған ешқандай диагноз қойған жоқ. Біздің 5 поликлиника ешқандай диагноз қойған жоқ. Мен Алматыға барып, меніі 12 участок, 5 поликлиникада врачымыз педиатр 3 жыл болған жоқ. Мына қызым 1,5 жасқа толғанда барып педиатр келді”, – дейді Рысмахан Айтбаев.
Жалғызбасты әке қазіргі таңда Астанадағы жатақханалардың бірінде аядай ғана бөлмені жалдап, өлместің күнін кешуде. Баласына қараймын деп, жұмысынан да шыққан. Ал, мәңгі бірге боламыз деп серттескен әйелі, ащы судың жетегіне еріп, отбасын тастап кетіпті.
“Иә, балаға ыңғайластырып әйтеуір барынша жақсы бөлмені бердік. Бірақ, ол жерде жылы су болған жоқ. Сосын бір айдан кейін мына жердегі барынша жылы суы бар команатаға көшірдік. Анасын танымаймын. Көрмегенбіз, жоқ мүлдем. Қазір, жалғыз өзі қызына қарап жүр”, – дейді жатаөхана меңгерушісі Жазира Төреханова.
Осы уақытқа дейін, әкенің бауыр еті баласы үшін, бармаған жер, баспаған тауы қалмаған. Еліміздің бірқатар өңірлеріне барып ем қонар деген үмітпен қызын қаратыпты. Алайда, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Рысмахан 3 жастағы қызына, әр 3 ай сайын ортопедиялық арнайы аяқ киім сатып алады екен, онсыз сәби аяғын баса алмайды, – дейді.
“Мені бір сұрақ мазалайтыны – сонда апталап артынан іздеп жүргендегі, шешесін. Босанғаннан кейін, неге менің қызымды дұрыс контрольге алмады. Мен қанша жерге врачтарға бармасам, айтады бала деген 1 жасқа келгенде 15 сөз айту керек екен. Кеше көрсеткенімдей мына жақтың невропотологтарының диагнозы басқа, Алматының диагнозы басқа. Екі жақтың диагнозы бір-біріне сәйкес келмейді”, – дейді жалғызбасты әке.
Бүгінде отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан қол үзген Рысмахан қарызға белшесінен батыпты. Себебі, баласына қарайтын адам жоқ. Әйелінің қайда жүргені белгісіз. Жалғызбасты әке, дәрігерлер о баста қызым сап-сау, екі-үш айда шауып кетеді деп шығарып салған болатын. Міне 3 жыл өтті, дұрыс жүре алмайды, сөйлей алмайды деп ашынады.
“Біріншіден, біз бұл отбасының мәселесімен жақсы таныспыз. Жалғызбасты әкенің бұрынғы әйелі балаға жүкті кезінде учаскелік дәрігерге уақытылы қаралмаған. Бүлдіршіннің анасы аяғы ауыр бола тұра алкогольдік ішімдікке әуес болатын. Инспекторлармен әйелді тіркеуге қою үшін апталап іздеген күніміз болған”, – дейді №5 қалалық емхананың әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Бағдат Байдалина.
Яғни, бұл жерде дәрігерлер өмірлік жар таңдауда қателескен әкені кінәлауда. Есесіне өздеріне шаң жуытар емес. Тіпті, үш ай бұрын Алматыдан келген уақытта, барар жері жоқ жалғызбасты әкені бір апта қонақ үйде жатқыздық, – дейді. Ал, неге дұрыс диагноз қойылмады деген сұраққа мардымды жауап ала алмадық.
“Балада неврологиялық қиындықтар туылғаннан бар. Мұны анасы да, учаскелік дәрігер де білетін. Бірақ, өкінішке орай, біз жүктілік кезінде әйеліне дұрыс қарай алмадық. Ал, қыз дүниеге келісімен қан аздықпен ауырады. Ондай жағдайда, бүлдіршінге жүруіне көмектесетін оңалту массажы, түрлі жаттығуларды жасауға болмайды. Себебі, баланың иммунитеті әлсіз”, – дейді емхананың орынбасары Ольга Инякина.
Бүгінгі күні қызына анасы да, әкесі де болуға тырысып жүрген Рысмахан мұнымен шектелмеймін, дейді. Себебі, 3 жылдан бері дұрыс диагнозын таппай сандалтқан ақ халаттылар өз жазасын алу керек деп есептейді екен. Ол үшін, жұмысына немқұрайлы қарағандар үстінен құзырлы органдарға шағымданудан да қайтпаймын деп белді бекем буып отыр.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.