Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық шенеуніктер құны 400 мың теңгеге дейін баратын сыйлықтарды өз еркімен орталыққа тапсырған

Конфет, емдік заттар, суреттер, қанжар, антивирус. Мемлекеттік қызметкерлерге берілген сыйлықтардың бірсыпырасы осы. Шенеунік шетінен жемқор деп кім айтты? Өз еркімен берген кәдені арнайы орталыққа тапсырып жіберетіндері де бар.

Мемлекеттік қызметкер керек қылмаған, құны 400 мың теңгеге дейін баратын сыйлықтардың қайда жатқанынан хабардар болыңыз, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Бұл – Астана шетіндегі қоймалардың бірі. Сыртынан қарасаң, әлдебір базардың тауарлары жатқан гараждар секілді. Біріне бас сұқтық. Партиямен тәркіленген ойын автоматтары, ішімдіктің арасында қымбат кәдесыйлар да жатыр. Оларды мемлекеттік қызметкерлер әкеліп тапсырған екен. Шаң басқан сандықтың ішінде көздің жауын алар заттар өте көп екен.

Бауыржан Момышұлы, Сәкен Сейфуллиннің бет-жүзі бедерленген кілемшелер, кен орнынан қазылған жез, антивирус, тіпті, ауыр қанжар да бар. Шаң басқан чемоданға көз түсті.

“Оооо! Мынау деген керемет қой. Мед дейді, бал бар. Пантакрин. Емдік заттар сияқты. Иә емдік заттар».

Мұның барлығын елордадағы ақ жағалылар тапсырыпты. Заң бойынша, олар сыйлық қабылдағаны үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапқа тартылуы мүмкін. Тек астаналық шенеуніктер 800-ден астам зат тапсырып үлгерген. Тәртіп бойынша керек болмаған сыйлық алдымен мемлекеттік мекемелерге ұсынылады екен.

«Мемлекеттік мекемелер алмаған жағдайда ғана ашық сатылымға шығады. Ашық сатылымда ол бірінші көтерілу әдісімен шығады. Көтерілу әдісімен сатылмаса, төмендету әдісімен шығады. Төмендету әдісімен сатылмаса ол әр шыққан сайын бағасы 50 пайызға төмендеп, бір теңгеге дейін сатылуы мүмкін. Бір теңгеге сатылмаса, ол жойылуға кетеді» – дейді Астана қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Ернұр Қайырбек.

Сыйлық алушы да, сыйды беруші де жауапқа тартылуы мүмкін. Мұны бұған дейін бірнеше мәрте айтқан едік. Биыл он айдың ішінде ел бойынша шенеуніктер 1 500-ге жуық кәдені өз еркімен тапсырған. Дені сатылды. Қазынаға бұдан 2 млн 800 мың теңге түскен. Бір айтары, жауапқа тартылмауды көздеген қызметкер сыйлықты тапсырып, бірден сатып ала алады екен.

«Тапсырған кезде өздерінің өтініштерінде олар өздерінің сатып алу немесе сатып алудан бас тарту көрсетеді. Егер де сатып алатын жағдай болса, бағаланғаннан кейін олар біздің жергілікті департаменттерден сатып алуға құқылы», – дейді мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің басқарма басшысы Марат Сәрсенбеков.

Біз сұраған шенеуніктің қай-қайсысы болса да, заңсыз сыйлық алған жоқпын дейді. Кәдені бірден тиісті орынға тапсырамыз деп жауап қатады.

«Ешқандай сыйлық алмаймыз. Өз басым алған жоқпын. Тек 8 наурыз не болмаса Ұстаздар күніне орай гүл шоқтарын ғана сыйлайтын болса, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі белгілеген сома шеңберінде болады» – дейді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау