Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада мас күйінде көлік жүргізген полицейдің кесірінен 3 жасар бүлдіршіннің өмірі қиылды

Астана іргесіндегі Қосшы ауылында полиция қызметкері мас күйінде рөлге отырып, жол- көлік оқиғасына себепші болды. Соның салдарынан қақтығысқан екінші көліктің ішіндегі 3 жастағы қыз бала көз жұмды.

Тергеу жұмыстары басталғанымен, күдікті қазір тергеу изоляторына тоғытылмаған. Тек үй қамаққа ғана алыпты. Бұл жайт сәбиінен айырылған ананы алаңдатып отыр. Сезікті жазасын алмай, сытылып кете ме деп қауіптенеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл таспа кішкентай бүлдіршіннің алаңсыз күндерінің бір көрінісі. Соңғы видеожазбалардың бірі. 19 тамыз Жанар Күпенованың отбасы үшін суық хабармен басталды. Астана іргесінде ішімдікке сылқия тойып алған полицей рөлге отырып, келіншектің қайын атасы мен 2 бірдей баласы отырған көлікке келіп соғылады. Соның кесірінен кішкентай қызы көз жұмған.

«Жол көлік оқиғасын көргендер тәртіп бұзған көліктің жылдамдығы 100 шақырым сағаттан артық болды дейді. Жүрісін тоқтатпаған күйі менің балаларым мен қайын атам отырған көлікке барып соғылған. Рөлде отырған полиция қызметкері алкоголді ішімдік ішкенін сараптама растады» – дейді қала тұрғыны Жанар Күпенова.
Қайғылы оқиғаның болғанына бір айдан астам уақыт өтсе де тергеудің қарқынды жүріп жатқаны байқалмайды дейді зардау шегуші. Қосымша сараптамалардың қашан жасалатыны тағы белгісіз. Бұдан бөлек, Жанар адам өліміне қатысы бар күдіктінің қамауға алынбағанына наразы.

«Қазіргі сәтте кінәлі азаматтың үй қамақта отырғанына көңілім толмайды. Әуел баста уақытша тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарылды емес пе? Мен жоғарғы сотқа арыз жазып жолдадым. Мас күйінде рөлге отырып, оған қоса тәртіп бұзып соңы адам өліміне апарған қылмысқа қатысы бар адам қалай үйінде отырады?» – дейді қала тұрғыны Жанар Күпенова.

Заңгер Жандос Тұяқов аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қарастырылуы керек деген пікірде. Ал полиция қызметкерінің үй қамаққа алынуы қалыптасқан тәжірибеден тыс жағдайға саяды дейді.

«Адам мас күйінде болғандығы бұл былайша айтқанда қасақханамен пара пар деп санаймын. Сондықтан мұнда бұлтартпау шарасына келер болсақ әрине бұл таң қаларлық нәрсе. Өйткені тәжірибеде көп жағдайда мұнда жалпы қамауда ұстайды» – дейді заңгер Жандос Тұяқов.

Көлікті мас күйінде жүргізген полиция қызметкері жұмыстан босатыла ма? Жалпы тергеудің барысы қандай? Осындай сауалдар Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ Ақмола облыстық Ішкі істер департаментіне қатар жолданды. Бірақ, құзырлы органдар әзірге үнсіз. Баласынан айырылған Жанар Күпенова болса, іс жылы жабылып кетуі мүмкін деген күдіктен арылар емес.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау