Астанада босанғаннан кейін көз жұмған әйелдің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Астанада тағы да ана өлімі. Өмірге сәби әкелмек болған осымен төртінші жан перзентханада көз жұмды. Бала бақытын көрмей, бақилық болған келіншектің туыстары оның ажалына ақ халаттыларды айыптауда. Ал дәрігерлер болса, өздеріне шаң жуытпай әлек.

Астанада босанғаннан кейін көз жұмған әйелдің туыстары оның ажалына дәрігерлерді кінәлап отыр

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздің денсаулық сақтау министрі, көз жұмған төрт нәзік жанның бірі шылымқор болса, кейбірі тіркеуге уақытылы тұрмаған деген деректі алға тартты. Ең сорақысы, жыл басынан бері босануға келген 31 әйел қайтыс болған.

«Мен өз әйелімді білемін. Денсаулығы жағынан бәрімізді қарайтын адам болды. Сондықтан, ауырған адам деп айта алмаймын», – дейді қайтыс болған босанушы келіншектің күйеуі  Сапар Әміртай.

Әйелінен қапияда көз жазып қалған жанның бірі Сапар Әміртай. Қазір айдай жары болған Айдансыз күндер кешуде. 31 жастағы марқұм екінші қызын өмірге әкеліп, өзі бұл өмірмен қош айтыса барды. Қайғыдан қан жұтып отырған күйеуі әйелінің жүктілік кезеңі жақсы өткендігін айтады.

«Жүкті болған кезде ешқандай ауырған жоқ. Өйткені өзін жақсы сезінді. Уақытысында талдау тапсыратын кезде тапсырады. Серіктестік босану болған кезінде мен қасында жүрдім, ол өзін жақсы сезінді. Босанғаннан кейін де өзін жақсы сезінгеннен кейін, мені шығарып салған. Одан кейін не болғаны туралы ештеңе айта алмаймын» – дейді марқұм болған келіншектің күйеуі Сапар Әміртай.

Жас келіншектің артынан екі жарым жасар тұңғышы мен қырқынан шықпаған қызы қалды. Биыл жыл басынан бері жалпы, 31 сәби дүние есігін аша сала, анадан жетім атанды. Соңғы қайғылы жағдай күні кеше ғана Астанада тіркелді.

«34 жастағы қайта босанушы Астана қаласының екінші перниаталдық орталығына келіп, 15 шілде күні түскен. 16 шілде күні өздігінен табиғи жолмен босанды. Босанудан кейін жағдайы нашарлады. Қолдан келген барлық жағдай жасалды. Бірақ, өкінішке орай, осындай жағдай болды» – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының акушер-гинекологы Гүлнәз Досмырзаева.

Осылайша, Астанада жаңа босанған төртінші әйел о дүниеге аттанды. Мәселе Үкіметке де жетті. Премьерге есеп берген қала әкімі ана өлімі себебін анықтау үшін Еуропадан мамандар шақырылатынын айтты.

«Тәуелсіз сараптама жүргізу үшін акушерлік-гинекологиялық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда» – дейді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Өңірлердегі жағдай да ақсап тұр. Көштің басын оңтүстік өңірі бастайды. Бірақ, ондағы туу көрсеткішін ескерсек, Ақмола облысындағы жағдай сын көтермейді. Жылына жиынтығы 60 әйел көз жұмады екен.

«Әрбір ана және бала өлімі жағдайында арнайы стандартталған тексеріс зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде, қажетті әкімшілік шаралар қабылданатын болады» – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, көз жұмғандардың жартысынан астамы есепке кеш тұрған. Қалаберді патологиялық аурулары болған. Мұндайда бала көтеруге болмайды. Ал елордада қайтыс болған үшінші келіншек ерте жастан темекіге әуес болған көрінеді.

«Екі қабат болып жүріп, үш түрлі препаратпен емделген. Оның үстіне, 19 жасынан бастап күніне 20-30 реттен темекі шегетін болған. Қазаның басты себебі осыдан деген ойымыз бар» – дейді қалалық №1 перинаталдық орталық директорының орынбасары Ербол Әубәкіров.

Ал Астанада жаңа босанған үш бірдей ананың мәйтінін шығарған перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді қабылдау уақытша тоқтатылған еді. Онда тиісті тексерулер жүргізіліп, оның нәтижесі он күн ішінде шығуы тиіс болатын. Алайда, бұл мерзім өтіп кеткенмен, сараптама қорытындысы әзірге шыққан жоқ. Ал өткен аптада осы перинаталдық орталықтың қайтадан жұмысын бастағаны хабарланды. Алайда, әзірге онда жүкті келіншектер босанып жатқан жоқ. Басқа перзентханаларға жөнелтілуде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
19.11.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар