"Мүгедек болып оралды": Шымкенттік баласын әскерилердің комиссариатқа күштеп апарып, бопсалағанын айтты
Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара сұрап, бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай, борышын өтеуге мәжбүрлі түрде жіберілген. Алайда жасөспірім көп ұзамай бұл жерден мүгедек болып оралды. Жәбірленушінің әкесі қылмыстық істі қатаң бақылауға алуды сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі бас әскери прокуратураға хабарласып, оқиғаның жай-жапсарын сұрап білді.
Фото видеокадрдан алынған / жәбірленушінің әкесі
Жергілікті әскери комиссариаттың қызметкерлері ұлдың ата-анасынан ол борышын өтемес үшін, ең әуелі 700 мың теңге, кейін 500 мың теңге ақша сұрап бопсалаған. Ақыр соңында ұлдары әскерден омыртқасы сынып, бірінші топтағы мүгедек болып оралды.
Жан ұшыра шырылдаған сарбаздың әкесі осы мәселені атқамінерлерден ерекше бақылауға алуды сұрайды.
“Мен А.Раушанбекұлы баламды 26 сәуірде әскери комиссариаттың қызметкерлері ұстап алып кеткен. Алып кеткенімен қоймай, ақша сұрап бопсалады. Сол жерде өздерінің жертөлесі бар. Ақша сұраудан бас тартпайтын мамандары да бар. Бәрін мойындамай отыр. Баламды сау күйінде алып кетіп, мүгедек етіп шығарды”, – деді жәбірленушінің әкесі.
Сарбаздың әкесі баласын ауруханадан шығарғанын, алайда аяғынан тұра алмайтынын айтты.
“Міне, баламның ауруханадан шығару қағазын алдым. Баламды үйге алып кеттім. Ол мүгедек, жүре алмайды. Әскерилер мүлдем көмек те берген жоқ, келмеді де, хабар да алмады. Енді балама “өзі секіріп, армиядан қашпақ болды, басына бәле тілеп алды” деп жауып жатыр. Мұндай болмаған. Бізде дәлел бәрі бар. Ақша сұраған, келіншегімнен жеке шығарып сұраған. Одан кейін балам достарынан, ағаларынан ақша сұраған. Олардың да телефондарында бәрі жазылып тұр. Әскерилердің үстінен қарайтын департамент пен бас прокуратураға осы істі аяғына дейін тергеп-тексеруді сұраймыз. Барлық ата-ана бұлай зардап шеге бере ме? Кім әскерге барады, кім баласын жібергісі келеді? Қағаз арқылы шақырады дейді, мейлі шақырсын. Барлық ата-ана айыппұл төлемеу үшін өздері-ақ балаларын апарады. Бұл шектен шыққандық. Осы істі соңына дейін әділ шешілуді өтініп сұраймын”, – деді мүгедек сарбаздың әкесі.
Аталған іске қатысты бас әскери прокуратура пікір білдіріп, сарбаздың екінші қабаттан секіргенін айтады.
“Бұл іс бойынша қысқаша ақпарат береміз. Оны ешкім ұрып соқпаған, ол бала әскерден қашу үшін екінші қабаттан секіріп қашқан. Сол кезде құлап, дене жарақатын алған. Оған көмек көрсетіліп, әскери комиссариат қызметкерлері және жедел жәрдем шақырылды. Қазір әскери тергеу басқармасымен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеуде бейнежазбада көрсетілген деректер тексеріледі”, – деп жауап берді бас әскери прокуратура.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінің сарбазы әскерде күн сайын соққыға жығылатынын айтып, шағымданғаны туралы жазған едік. Сарбаз Сапархан Қауынбайдың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтап қалған. Ішкі істер министрлігі оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының хабарлауынша, қылмыстық құқық бұзу фактісі анықталмаған.