Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ашық жатқан құдыққа тағы бір бала құлап, өлім аузынан қалды

Қарағанды облысында ашық жатқан құдыққа тағы бір бала құлап, өлім аузынан қалды. Сегіз жастағы баланы жақындары дер кезінде аман алып шыққан. Екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан Диас жақында үйіне шығарылды. Ал айдың басында ғана ашық кәріз жүйесіне түсіп, мерт болған баладан соң да шенділер сабақ алмаған сыңайлы. Өйткені, қаладағы алты жүзге жуық құдықтардың көбінде қақпақ та жоқ, беттері ашық,- дейді.

photo_173958

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Сегіз жастағы Диас сол күні үлкен әпкесімен бірге серуендеуге шыққанын айтады. Кенеттен қар басқан кәріз жүйесіне құлап кеткенімді өзім де байқамай қалдым,- дейді. Тереңдігі үш метр болатын шұңқырдан бауырын аман алып шығу үшін қасындағы апайы дереу жақындарын көмекке шақырады. Абырой болғанда, қоқысқа толы құдықта су ағысы болмаған. Тек жиналып қалған суға үсті-басы шылқыған баланы әкесі шығарып алды дейді анасы.

«Көзі шығып кеткен, сөйлей алмайды. Іш киіміне дейін өтіп кеткен су деген. Зорға тазалап алдық. Соседтер құстыр құстыр деп айтып жатыр»,- дейді Диастың анасы Жанар Әбдірахова.

Тереңдігі үш метр құдыққа түсіп, ажал аузынан аман қалған бала бірден жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Іш жарақаттарымен түскен Диас екі күн бойы жансақтау бөлімінде емделіп, кейін жалпы бөлімге шығарылыпты. Дәрігерлер бүлдіршінге салқын тигені болмаса, жағдайы қалыпты,- дейді.

«Ақпанның жиырмасы күні кешкі сағат алтылар шамасында түскен бала суын көп жұтқан. Салқын тиген. Бірақ қазір жағдайы тұрақты»,- дейді Теміртау қалалық ауруханасы балалар бөлімшесінің меңгерушісі Наталья Щербинина.

Болған оқиғаны естіген жауаптылар жапа тармағай кәріздің бетін жабуға кіріскен. Оның өзінде темір құбырды құм сеуіп, жасырып қойған. Ал Теміртау қаласында 15 мың құдық бар екен, оның алты жүзі жөндеуді қажет етеді. Яғни оның ішінде ашық жатқан шұңқырлардың бетін жабу, жалпы жағдайын қалыпқа келтіру керек дейді атқамінерлер.

«Бұл құбырлар осыған дейін “АрселорМитталТеміртау” акционерлік қоғамының Оқжетпес мекемесіне тиесілі болған еді. Әкімшіліктің меншігіне жақында ғана өтті. Енді қазір біртіндеп жөндеу жұмыстарын бастаймыз. 130 құбырды жөндеуге ақша да бөлінеді»,- дейді Теміртау қаласы «ТКШ бөлімі» ММ басшысының орынбасары Қанат Юсупов.

Ал тұрғындар Теміртауда ашық жатқан құдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтады. Үйдің маңындағы шұңқырды айтпағанда, қала бойынша үңірейіп тұрғандары қаншама дейді. Айта кету керек, осыдан үш апта бұрын Теміртау қаласында аузы ашық құдыққа алты жасар бүлдіршін құлап, мерт болған еді.

Талқылау