Әшімов: Экраннан ашық көрсетілетін төсек қатынастарын заңмен шектеу керек
Бүгін Сенатта отандық кинолардағы төсек қатынасы сөз болды. «Мәдениет туралы» заң жобасын талқылауға қатысқан атақты актер Асанәлі Әшімов көркем фильмдердегі жыныстық қатынас жайлы қойылымдарға қарсы шықты,-деп жазды КТК арнасы.
Халық әртісі тіпті, ер мен әйелдің арасындағы анайы байланысты ашық көрсеткен режиссерлерді заңмен жазалауды ұсынды. Ал, депутаттар фонограммамен ән салып, жұртты алдап жүрген әншілерді де жауапқа тартуды сұрап отыр.
Қазақ киносының ақсақалы Асанәлі Әшімов соңғы кезде отбасымен бірге отырып отандық киноны көруден қалыпты. Өйткені, төсекте алысқан ер мен әйелдің жыныстық қатынасы ашық насихатталатын болған. Әйгілі актер бұл арсыздықты тоқтату үшін сенаторлардан араша сұрап отыр. Сондықтан Әшімов сексті көрсетуге заңмен тыйым салу керек дейді.
«”Қызды айналдыру – өнер, төсекке жату – өмір!” Режиссерлар соның ортасын көрсетеді. Ағайындарыңмен көріп отырып ыңғайсыз жағдайға қаласың. Осыны заңмен тыйсақ жақсы болар еді»,-деді КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов
Ал Мәдениет министрін экрандағы анайылықтан бұрын, «Феникс» пен «Қызғылт қоян» фильмдеріне бөлінген қаржының босқа рәсуа болғаны қынжылтады. Олардың орнына тарихи туындылар түсіру керек еді деп Мұхамедиұлы өкініп отыр.
«Мифке негізделген қайдағы бір «Феникс» деген фильмді түсірдік. Қазір олар қайда қалды? Бар ақшаны ұрлап кетті. «Розовый зайчик» те халықтың қаржысына түсірілген еді»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы
Дау тудырған «Феникстің» режиссері Тұңғышбай Жаманқұлов болатын. Актер қазір осы фильмге бөлінген миллиондарды жымқырды деген күдікпен үйқамақта отыр. Сондай-ақ, Сенатта фонограммамен ән салып, жұртты алдап ақша тауып жүрген әншілер жайлы да сөз болды. Депутаттар мыңдаған көрерменді жинап алып, өтірік аузын жыбырлатып концерт өткізетін жұлдыздарды шетінен жауапқа тартуды ұсынды.
«Концертке келген өнер иесі ол қызметін сатады. Көрермен тұтынушы. Ақшасын төлеп келген тұтынушы. Егер осы қарым-қатынаста қарайтын болсақ, тұтынушы сапалы қызмет алуы керек
Әрине, әншілеріміз айтуы мүмкін, кейбір концерт қоятын жерлердің сапасы келмейді, дыбыс қалпы бұзылады деп. Бірақ бұрындары да ән айтып жүрді ғой»,- деді сенат депутаты Сәрсенбек Еңсегенов
Ал Мәдениет министрі фонограммамен күресу үшін алдымен, ән кештерін ұйымдастыратын компанияларды лицензиялау қажет дейді. Сонда көрермен әртістердің тек жанды дауыспен өнер көрсетуін талап ете алады екен.
Бірақ «Мәдениет туралы» заң жобасында фоннограммаға тыйым салу туралы бір ауыз сөз жоқ. Осыған қарағанда сенаторлардың бұл ұсынысы жерде қалатын сияқты. Ал құжат күшіне енсе, жазушыларды жарылқап, қаламақысын көбейткелі тұр.
Сонымен қатар, жаңа заң бойынша, енді режиссерлер өзі түсірген әр фильмнің мазмұнына басымен жауап береді. Және олардан киноға кәсіби актерлерді шақыру да талап етілмек.
Оқи отырыңыз:
Мұхаммед Әлидің қызы Димаштың жанкүйері болып шықты
Димаштың суреті Нью-Йорктегі Таймс-Скверде пайда болды
Димаш Қытайда шығатын компьютерлік ойынның кейіпкеріне айналды (фото)