Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аралас неке әлегі: Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан қазақ қыздар өкіне ме

Елімізде жыл сайын қанша қазақ қызы басқа ұлтпен бас қосады?Өзге ұлт өкілінің етегінен ұстаған қыздар өкіне ме? Аралас неке ұлт үшін қауіпті ме? Таяуда аралас неке әңгімесі Астанадан шықты.

1-2

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Дұрысы, бұл дау Қытайдың қалталы азаматтарын қазақ қыздарымен таныстырып, қытайлық күйеу баланың қатарын көбейткісі келетін ниетін ашық айтқан неке агенттігінің мәлімдемесінен басталған-тын.
“Бұл азаматтардың барлығы қытай, ағылшын, орыс тілдерін меңгерген. Екі-үш дипломдары бар Қытай, Жаңа Зеландия азаматтар”, – деді Отбасылық неге агенттігінің директоры Татьяна Логвиненко.

Ал, жарнамасын жалаулата жөнелген агенттіктің айтқаны ашуына тиген бір топ азамат Астанада митинг өткізіп, ашық наразылықтарын білдірді.

“Естігенде 1 түн ұйықтай алмай шықтым. Қалай, біздің қыздарымызда сонда ар жоқ па, намыс жоқ па? Өзіміздің қыздарымыз өзімізде қалсын. Кететін болса азаматтығынан міндетті түрде айрылуы керек”, – дейді белсенді Нұрбй Сүйінов.

Айқай ащы шықты ма, күні кеше ғана өздері жарнамалаған күйеу балалардың қалтасының қалыңдығын айтып мақтанып отырған неке агенттігінің басшылығы,  қалыңдықты қазақ емес, қазақстандық қыздардың  ішінен іздегенін айтып ақталды. Ал, қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы, қытайлық азаматтар тарапынан сырт ел  қыздарына деген сұраныстың жоғары болуы заңдылық дейді.

“Анализ жасап көргенде, 80 пайыздан астамы ұлдар. Қыздары 20 пайыз”, – дейді қытайтанушы,ғалым Дүкен Мәсімханұлы.

Ғалымның меңзеп тұрғаны – 80 жылдардың басынан күні кешеге дейін Қытайдың ханзуларға 1 бала, ауылды жерлерде 2-3 бала тууға ғана рұқсат беретіндігі туралы заңы. Ал, кез-келген қытайлық азамат, болмаса азаматша басқа ұлтпен бас қосса, үкіметі тарапынан үлкен қолдауға ие болады екен. Бұл туралы қытай елінде ұстаздық етіп, өз отанына оралған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы айтып отыр.

“Жұмыртқаны тасқа ұрсаңыз да, жұмыртқа сынады, таспен ұрсаңыз да жұмыртқа сынады. Сондықтан қытай үшін қытай жігітінен туған бала да қытай болады, қызынан туған бала да қытай болады. Әкесі, немесе шешесі қытай болса, қытай туады”, – ақын Дәулетбек Байтұрсын.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, бұл мәселеге басқалар айтып жүргендей, бей-жай қарауға болмайды, – дейді. Өйткені, өзге ұлтқа тұрмысқа шығуды – өлім деп санайтын Қытайдағы қазақ қыздарының кейбірі де қытайға қалыңдық болып жатқанына алаңдаулы.

“Қытайда жасап отырған қазақтарды ала бастапты. Және Қытайдағы қазақтарға қыздарын бере бастапты. Себебі олар осы тәсілді қолдану арқылы санды көбейту. Олар жоспарлы туытты биыл алып тастапты. Бұл енді өте қауіпті”, – дейді Дәулетбек Байтұрсын.

Бірақ неке агенттігі таратқан мәліметтен қауіп көріп тұрғаным жоқ, – дейді саясаткер Дос Көшім. Өйткені, бұлай дауласа беретін болсақ, қытай фобиясын қалыптастырамыз дейді.

“Дүниежүзіндегі бар құбылыс қой, басқа ұлтқа шығу жөнінде. Мені таңқалдырып отырған, көңіл аударып отырған мәселем – тек қана қытай деген уақытта жарылып кеткеніміз. Қытай біздің ата-жауымыз сияқты көрініс жақсылыққа апармайды. Иә, сақтануымыз керек”, – дейді саясаткер ДосКөшім.

Ал, статистика агенттігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2011 жылдан 2015 жылға дейін әр жылда 5000-нан астам қазақ жігіті басқа ұлттан қыз алып, 5000-ға жуық қазақ қызы басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығады екен. Бірақ бұл көрсеткіште қанша неке қандай ұлтпен екені көрсетілмеген.

“Қытай халық республикасының азаматтары неке арызымен соңғы екі жылда келген жоқ”, – дейді Ақтөбе қ. Азаматтық  хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валентина Мамбетова.

Ақтөбе қаласында қытай компанияларының көптеп жұмыс істеуіне байланысты, аралас неке ахуалын осы аумақтан білгіміз келген еді. Арнайы маман, осыдан екі жыл бұрын қазақ қызы мен қытай азаматы некеге отыруға келіп, Қытайдан некеге бұрын отырмағаны туралы анықтама алдырыңыз дегеннен бері олардың қайтіп қара көрсетпегенін айтады.

Ал, психолог Анна ханым болса, аралас некеден дүниеге келген балаларға ерекше көңіл бөлінбесе, психологиялық соққы алуы мүмкін дейді. Ал, шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қыздардың әрекетіне жігіттер де жауапты дейді психотерапевт.

“Діні әртүрлі, тілі әртүрлі, мәдениеті әртүрлі. Тарихы әртүрлі. Сонда бала кім? Өзбек пе, қазақ па? Тәжіп пе, татар ма? Сондықтан алдын ала келісіп алса, жұбайлар”, – дейді психотерапевт анна Мергенбайқызы.

“Қазақтың қыздарын шетелге берген дұрыс емес. Себебі қазақтың қанын бұзамыз деп ойлаймын”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ғазиз Ізбасаров.

“Тисін өзіміздің қара қазағымызға. Енді не істейді? Бөтен жаққа кетеді, ертең балалары қытай болып кетеді”,- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Орынбасар Бисенов.

Қаны – қытай қызын тәрбиелеп отырған Айгүл есімді келіншек бармағын өте кеш тістеген. Алматыдағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істеп жүрген кезінде танысқан жігіті, кейін азаматтық некедегі қытай күйеуін, қызының әкесін қазір таба алмай қалыпты. Енді өзге ұлттың етегінен ұстаған қыздан өз туыстары да теріс айналған.

“Басқа ұлттың өкіліне шыққаннан кейін сен жамансың, әлі солай. Ауылда туыстарым той жасап жатады, ешбіріне бармаймын”, – дейді Айгүл.

ҚР Әділет министрлігінен жаңа ғана бізге келген мәлімет бойынша, 2016 жылы елімізде  6687 аралас неке тіркеліпті. Ал, бірінің азаматтығы Қытай Халық республикасы болып көрсетілген 127 неке қию туралы актісі  тіркелсе, оның 61-нде қытай азаматы Қазақстаннан қыз алып, 66 қазақстандық Қытайдан әйел әкелген. Ал, өткен жылы Қытай елімен дәл осындай 118 ортақ неке тіркелген. Яғни экономикалық тауар алмасудан өзге қыз берісіп, қыз алған қазақ-қытай құдалығы да қарыштап дамып бара жатқандай… Ендеше, қан араластырған қарым-қатынастан кім ұтылып, кім ұтады? Кейін… кеш болмасын!

Талқылау