Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аңду мен қоқан-лоқыға ұшырағандар қалай қорғана алады: Мамандар аталмыш әрекетке жаза қарастырылмағанын айтты

Қазақстандық әйелдер сталкингке ұшыраса да, қаскөйді жауапқа тарта алмайды. Алматылық Мария Кочневаны бір ер адам аңдып, мазасын алса да, ол заңнан еш қорған таппады. Себебі Қазақстан заңнамасында аңду деген бап жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Myseldon.com

28 жастағы Мария Кочневаны жігіт ұзақ уақыт аңдыған. Сосын оның артынан қуып, ұрып-соққан. Полицейлер оны аңдығаны үшін емес, денеге жеңіл зиян келтіргені үшін жауапқа тартты. Ер адам айыппұл төлеп құтылды да, қызды аңдуын жалғастыра берді. Әлі күнге дейін қорқытып, бопсалап, телефон соғып, хат жазып, тіпті арын таптады деп сотқа да берген. Салдарынан Мария ауруханаға түсті.

"Мен бұл оқиғаны өз парақшамда айттым, уайымнан денсаулығым сыр бере бастады. Үрейлі шабуыл пайда болып, мені жедел жәрдем алып кетті. Қазірдің өзінде осыған қатысты нәрсені естісем, денемді үрей билейді”, – деді жәбірленуші Мария Кочнева.

Заңгерлер Қазақстан заңнамасында сталкинг туралы бап жоқ дейді. Заң бойынша сізді аңдығаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Бірақ қоқан-лоқы көрсетсе, полицияға шағымдануға болады.

“Егер нақты қоқан-лоқы көрсетсе, жазаға тартуға болады. Мәселе қандай аңду болып жатқанына байланысты. Бәлкім, "Ұсақ бұзақылық" бабын қолдануға болады”, – деді заңгер Евгений Яворский. 

Бұзақылық кезінде қаскөй аз мөлшерде айыппұл төлейді немесе әкімшілік қамауға алынады. Мамандардың айтуынша, жазаның жоқтығынан қылмыстық қудалау көбіне қылмыспен аяқталады. Психологтар қоқан-лоқыны бастан кешірген құрбандар үнемі үреймен өмір сүреді, тіпті ұйқысыздық пен депрессияға ұшырауы мүмкін дейді. Өзін қауіпсіз сезінбейді.

“Аңдудан кейін адамда сенім сезімі әлсірейді. Бұрынғы жігіті сталкер болса, болашақта қарым-қатынас құруы қиын болады. Ол үшін мамандарға жүгіну керек”, – деді психолог Анастасия Лях. 

Биыл үкімет заңнамаға “сталкинг" ұғымын енгізуі мүмкін түзетулерді талқылауды бастады. Қаскөйді қандай жаза күтіп тұрғаны, оны жауапқа тарту үшін жәбірленуші қандай дәлелдер келтіруі керек екені әзірге белгісіз.

Талқылау