Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасынан зәбір көрген 14 жастағы Диана: Мен әрдайым анамның басқа адам болғанын армандаушы едім

Талай жыл бойы туған анасынан зәбір көріп келген 14 жастағы алматылық Диана Иванованы асырап алған өгей шешесі - оның ресми қамқоршысы болып танылды. Барлық құжатты реттеген келіншек енді жасөспірімге ота жасатпақ.

Анасынан зәбір көрген 14 жастағы Диана: Мен әрдайым анамның басқа адам болғанын армандаушы едім

Фото: Қазақпарат

Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Дәрігерлер анасының ауыр соққыларынан езіліп кеткен құймышақ сүйегін, жырылған ерні мен құлағын қалпына келтірмек. Ал, мұғалімдер мектеп бағдарламасынан әлдеқайда артта қалып қойған оған үйге келіп сабақ беріп жүр екен. 

Үнемі томсырайып жүретін Диананың бұл күнде жүзіне күлкі үйірілген. Туған анасына қарағанда өгей шешесін жақсы көреді. Жуырда ғана Надежда Борсукова оның ресми қамқоршысы болып танылды. Ұзақ уақыт көрген қорлығынан кейін Диана бұл жанның құшағында өзін бақытты сезінеді. 

"15 наурыздан бастап Диананың ресми асыраушысы болып танылдым. Оған қол жеткізу үшін екі жыл бойы жүгіріп, нәтиже шығара алмаған едім. Көптен күткен күнге қолымыз жетіп, қуанып жатқан жайымыз бар. Енді еліміздің кез-келген ауруханасына қаралып, ота жасата аламыз. Қазір бізде барлығы жақсы", - деді Диананың қамқоршысы Надежда Барсукова. 

Дәрігерлер анасының ауыр соққысынан үгітіліп кеткен Диананың құймышақ сүйегін қалпына келтірмек. Бұл пластикалық операцияны тегін жасауға уәде беріпті. Әзірге, мұғалімдер үйіне келіп сабақ беріп жүр. Математика мен еңбек пәнін ұнатады екен. Ең бастысы, өзіне осындай бақытты отбасын нәсіп еткен тағдырына риза. 

"Мен әрдайым анамның Аня емес, басқа біреу болғанын армандаушы едім. Сол арманым орындалды. Қазіргі анам - әлемдегі ең жақсы ана", - дейді жәбірленуші Диана. 

Бұл күнде Диана талай жылдар бойы әбден азаптап, қорлығы өткен өз анасы есіне де алғысы келмейді. Кешіру де ойында жоқ. 

"Маған көрсетпегені қалмаған ол менен кешірім сұрауда. Өткен жолы қателік жіберіптім. Қазір кешіре алмаймын", - деді жәбірленуші Диана.

Диананың қиын тағдыры былтыр тамызда қоғамды елең еткізген болатын. Бұл сұмдықты жалпақ жұртқа оны асырап алған анасының танысы жариялады. Туған шешесі Анна Иванова оны балғамен ұрып қасқа тістерін қағып, құлағының жартысын жұлып алған. Қолын да сындырған кездері болыпты. Ал, қатыгез келіншек қызының Ресейдегі туыстарына кеткенін айтып, оны ресми органдардан бірнеше жыл жасырып келіпті.

"Бұл оқиға мен жуынып жатқанда болды. Анам мені бірдеңе бүлдірді деп ойласа керек, газ кілтін алып, мені  ұрмақ болды. Ол менің құлағыма тиіп, жартысы жұлынып қалды. Жарақатымды анам үйде өз бетінше емдеді", - деді жәбірленуші Диана. 

Көз жасы көл болып, қиын жағдайда қалған Диананы анасының қорлығынан екі жыл бұрын көршісі Надежда Борсукова құтқарып қалған. Ал ақпан айында Анна Иванованы сот 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы бұл шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсіріпті. Сот тыңдалымы келесі аптаға жоспарланған. Қандай шешім қабылданса да Надежда мен Диана барлығы артта қалды дейді. 

 

Талқылау