Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менен 20 жыл бойы жасырып келген": Атасы мен әжесі өсірген қазақстандықтар туған әке-шешесі туралы қалай білгенін айтып берді

Stan.kz тілшісіне туған ата-анасынан ажырап, туыстарының қолында өскендер өз әке-шешесін не себепті “ана, әке” деп атай алмағандарын, “бауырына салу” дәстүрі арқылы қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді. 

Фото: wikipedia

“Бәрі менен шындықты жасырып келген”

27 жастағы Анель есімді қыз өзінің ата-анасы басқа адамдар екенін кенеттен білген. Оның айтуынша, бұл жағдай ол үшін өте қиынға соққан.

"Ол кезде жасым 20-да еді. Күндердің бір күнінде әкем мен шешемнің (қазір ата-апам) мерейтойына үлкен әулет болып жиналдық. Дастархан үстінде нағашыларымның бірі әулетіміздегі қызық оқиғалар туралы әңгіме бастады. Сол кезде ол туысқан ағам мен жеңгеме қолын нұсқап, менің туған әке-шешем сол кісілер екенін айта салды. Шай ішіп отырған жерімнен шашалып қалдым. Бәрі әлгі нағашы ағама "Неге айтасың? Тыныш отырмайсың ба?" деп дүрсе қоя берді. Бәрі менен шындықты жасырып келген. Көзіме жас жиналып, үстелден тұрып кеттім. Сол кездегі ішкі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Сөйтсем "әке, шеше" деп жүрген адамдар атам мен әжем болып шықты. 20 жыл бойы олар да, туған ата-анам да үндемей келген", – деді Анель.

Анельдің айтуынша, ол үлкендерге жарты жылдай ренжіп жүрген. Кейін неліктен бұлай істегенін өз ауыздарынан естігенді жөн көріпті.

"Ата-анамның сөзінше, сол уақытта қиын заман болып, екеуі жұмыс істеуге қалаға кеткен. Сөйтіп жүргенде менен кейін екіншісін, үшіншісін дүниеге әкелген. Туған әкем мен анам ата-әжеме қарсы шықпай, мені бере салған. Алайда кішкентай кезде бұл кісілер маған неге мейірлене қарайды деген сұрақ туындайтын. Жауабы осынша жылдан кейін белгілі болды. Өзіме келу үшін психологпен жұмыс істедім. Қазір бәрі ойдағыдай секілді, алайда туған ата-анамды "мама", "папа" деп айта алмай жүрмін. Әлі күнге дейін қысыламын...", – деді Анель.

“Анаммен бірге болу үшін өзіме қол жұмсауға дейін бардым”

27 жастағы Айсұлтан есімді азамат ата-әжесі оны қалай бауырына басқанын және басынан өткен қиындықтарын еске алды.

"Атам мен әжемнің туған ата-ана емес екенін білсем де, әке-шешемді атымен атап келдім. Ешкімнің ренжігенін қаламадым. Себебі олар бар мейірім-шапағатын төгіп, барынша қатты еркелететін. Сөйте тұра, өз анам үйге келгенде аяғым жерге тимей, қуанып тұрсам да, эмоциямды жасырып қалатынмын", – деді Айсұлтан (аты өзгертілген).

Айсұлтанның айтуынша, ол анасын ата-әжесінің көзінше құшақтауға батылы жетпеген.

"Анам мені ешкім көрмей тұрғанда қатты құшақтап алып, мауқымын басып алатын. Бұл сезім маған да қатты ұнайтын. Бұл біздің құпиямыз секілді еді. Алайда анам маған мейірлене қарағанда, жылы сөйлеп қалғанда атам мен әжем бірден ренжіп, тымырайып қалатын. Анам сол үлкендердің көңіліне қарап, олардың көзінше маған көп жақындамайтын. Анамнан аумай қалғанмын. Кейде атам маған қарап "мынау нағашыларына тартып кетіпті" дейтін, осы сөзі әлі есімде", –  деді ол.

Ол анасын басқа жерге кеткен уақытта қатты сағынғанын және түнде түсінде жиі көріп, қалай ағыл-тегіл жылағанын айтты.

"Бастауыш сыныпта оқысам да, анамды сағынып жылап қалатынмын. Көз жасымды әжем ренжіп қала ма деп көрсетпейтінмін. Олар үйде, тұрмыстағы болмашы нәрсе үшін ата-анама ұрысқанда маған ұрысып жатқандай қатты қабылдадым. Алайда 16 жасымда анам күтпеген жерден қайтыс болды. Бұл өмірдегі ең қиын кезең болды. Бұл сәтте өзімді қалай ұстау керек екенін түсінбедім. Қазір есіме алсам, әлі қиналамын. Тіпті анаммен бірге болу үшін өз-өзіме қол жұмсауға дейінгі ойларға бардым", – деді кейіпкеріміз.

“Анам әжемнің көзінше “балам” деп айта алмайды”

Сонымен қатар тағы бір 38 жастағы Арман есімді (аты өзгертілген) кейіпкеріміз өзі үйде тұңғыш бала болса да, өзінің және баласының да әке-шешесінің қолында тәрбиеленіп, өспегенін айтып берді. Туғандары кім екенін білсе де, оларды "әке", "ана" деп айта алмай, "көке" және "тәте" деп келген.

"Үйдегі үлкендер мені ата-әжемнің қолына 1,5 жастан бастап берді дейді. Кейін анам ол кезде екіншісіне аяғы ауыр болып, қыз босанады. Қарындасыммен айырмашылығымыз – 2 жас. Араға 3 жыл салып, тағы бір қарындасым дүниеге келді. Атамды "әке", әжемді "мама" деп өстім. Туған анам маған жылы қабақ танытып, сөйлей бергенде әжем мені қызғанып, басқа бөлмеге алып кететін. Содан болар қазірге дейін анамды "тәте" деп келемін. Туған әкем жан тапсырған соң, артынша атам да бақилық болды. Атаның қабағынан қаймыққаннан ба, туған әке-шешеме мейірлене алмадым. Кейін бірнеше жыл өткен соң барып, анама көп көңіл бөле бастадым. Анам көрші ауылда тұрғандықтан, әжемнен тығылып барып, үй шаруаларына көмектесіп қайтатынмын. Жарым екеуміз анама қазірге дейін көмектесіп тұрамыз. Әжеміз жұбайым екеуміздің қолымызда тұрады. Қуанышқа орай ма, білмедім...", – деді Арман.

Арманның сөзінше, қазір ол анасына көбірек алғыс айтуға тырысып жүр.

"Анам әлі күнге дейін үлкендерді сыйлау керек деген әдеппен жүреді. Әжемнің көзінше балам деп айта алмайды. Тек атыммен атап, шақырады. Атымды еркелетіп шақырғанынан-ақ, "балам" деген сөзді естіп тұрғандай сезінемін. Ата-апамыздың қас қабағына қарап өссек те, олар мені туған қарындастарымнан ажыратпады. Бөле қарамады. Керісінше, туған бауырың, қамқор бол деп өсірді. Алайда менің басымда болған жағдай баламда қайталанатыны үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген еді", – деп кейіпкеріміз ағынан жарылды.

Кейіпкеріміз екінші баласын бөле әпкесінің бауырына салуға береді. Оның айтуынша, 6 айлық сәбиді ана сүтінен жырып беру екі жас жұпқа оңай соқпаған. Мұнда да әжесінің сөзі басым болып, балаларын туысқанының қолына береді. Себебі бөле әпкесі ұзақ жыл бала көтере алмаған.

"Жан жарыма емшектегі баласын уызынан айырып беру өте қиын болды. Біраз уақыт күйзелісте жүрді. Алайда ол туысқандарға балаларды берерде оларға шарт қойды. Ата-анасының кім екенін біліп өседі және әкесінің тегі өзінде қалады деп шорт кесті. Себебі менің фамилиям мен тегім атамның атында еді. Ол соны ескеріп, жағдайдың тағы да ушыққанын қаламады. Қазір баламыздың жасы 14-тен асты. Қазір баламыз бізді де, бағып жатқан әке-шешесін де "мама", "папа" деп атайды. Әрбір қазақ отбасында мұндай жағдайдың қайталанып жатқанын білеміз. Бірақ бұл дұрыс емес. Әркім өз отбасында, туған ата-анасының қолында, тәрбиесінде өсуі керек. Мұндай жағдайдың ешкімнің басынан өткізгенін қаламаймын", – деді Арман.

“Біздің баласың деп айтпаған”

Этнограф қазақ халқында бауырына салу дәстүрінің бертінге дейін жойылмай келгенін және бұл ырым-жоралғының маңызын түсіндіріп берді.

"Қазақ қоғамында бала асырап алу, баланы тымаққа салу, баланы қалап алу, баланы сұрап алу сынды дәстүр және ескі ғұрыптар болған. Оның да өз мәні, мағынасы, жолы болған. Қазақ халқы ешқашан істейтін жұмысын жолсыз, кәдесіз, салтсыз, дәстүрсіз істемеген. Мәселен, жас жұбайлар тұңғыш баласын ата-әжесіне беріп, тәрбиелетудің де өте үлкен тағылымды, тәрбиелік мәні бар. Қазақта "алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді" деген мақал бар. Осы мақалдың мәйегінде жатқан сөз тұңғыш баланы көпті көрген, көп бала тәрбиелеп өсірген тәжірибелі ата-әжелер баулып өсірсе, одан кейін туған бауыр-сіңлілері де сондай тамаша тәрбиелі ұрпақ болып өседі деп сенген. Тұңғыш баланы басқа мақсатпен бермейді. Ол үлкенді сыйлайтын, кішіге ізет ететін, туыс құмар, арлы адамгершілікті азамат, азаматша болып өссін деген ізгі ниетпен береді", – деді Болат Бопайұлы.

Этнографтың айтуынша, бала асырап алған адам тұтқиыл қайтыс болып кеткен күннің өзінде де, ол баланы біздің баласың деп айтпаған.

“Себебі олай айтса, бала мінезіне жаман ықпал қалдырады. "Мен асыранды бала екем, мені менсінбей кішкене күнімде елге беріпті" деп ойлап, өзінің туған әке-шешесіне қарсы шығады деп ұйғарған. Сондықтан қазақ бала беру және бала асырап алу дәстүріне ерекше мән берген. Ал ерекше балаға зәру болмаған жағдайда бала бермеген, бала асырап алмаған. Баланы бала бақытынан айырмаған. Адам өмірге ұлы мұраты – дүниеге тәрбиелі ұрпақ өсіру үшін, мағыналы өмір мүру үшін келді емес пе?!" – деді Болат Бопайұлы.

“Ата-әжесінің бауырында өскен балалардың 80%-ы бөлектеніп тұрады”

Ал отбасылық психолог Гүлдана Бабаомарова бала тәрбиесінде өзінің туған ата-анасының атқарар рөлі көп екенін айтты. Оның сөзінше, бала ата-әжесінің емес, әке-шешісінің қолында өсуі керек. 

"Ата-ана баланы өмірге әкелмей тұрып, жауапкершілікті сезінуі керек. Жас отбасы үйленгеннен кейін балалы болуға дайын ба, тұлға ретінде саналы адам болып қалыптасты ма, соны бірінші ойланып алуы қажет. Балалы болмастан бұрын, өздері балалық шақтан алыстауға тиіс. Екеуі жас болып үйленіп алып, одан кейін баланы дүниеге әкеледі. 3 жасқа дейін ананың құшағында өскен бала психологиялық, физиологиялық және эмоциялық тұрғыдан толық сезіне алады. 3 жастан асқан ер балаға әкесінің тәрбиесі өте маңызды. Әкесінен қайсарлықты, талапшылдықты, еңбекқорлықты және тағы басқа адами құндылықтарды үйренеді. Анаңды, қарындасыңды сыйла деген сөзді әкесінің мейірім-махаббатынан сезінуі керек", – деді Гүлдана Бабаомарова.

Психологтың айтуынша, әке-шешесі алыста немесе кім екенін біліп, бірақ ата-әжесінің қолында тәрбиеленген балалар өздерін іштей қорғансыз сезінеді.

"Уақыт өте келе кейбіреуі тұйықталса, енді бірінде агрессия пайда болуы мүмкін. Маған бір күні туған әкесі мен анасын 21 жасқа дейін "аға", "жеңге" деп келген ер адам көмекке жүгінді. Қазір ол адам қанша жасқа келсе де, бәрібір қаржылай сауатқа және өмірде жеткен жетістіктеріне келгенде белгілі бір кедергілерге тап болатынын айтып берді. Дегенмен ата-әженің тәрбиесі де керек. Олар балаға ертегі айтып берсе, жеткіншектің өзін-өзі бағалуы жоғары болып, қиялы дамиды. Есте сақтау қабілеті жақсарады", – деді психолог.

Гүлдана Бабаомарова өзіне жас отбасының бірі көмекке келіп, ата-әжесінің қолында өскен балаларының денсаулығында ақау пайда болғанын айтқан.

"Жас ерлі-зайыпты 5 жастағы баласын ата-әжесінің бауырына салып, Алматыға жұмыс істеуге және оқуын жалғастыруға кеткен. Анасы медицина саласында оқып, ал күйеуі қасына барып жұмыс істеймін деген. Өкінішке қарай, қазір бала тұтығып сөйлейді. Қандай жағдайда бала тұтығады? Ең бірінші баланың психикасы әлсіз болғанда және ол ата-анасын іздеген кезде тұтығады, яғни кекештеніп сөйлейді. Тиісінше, таңдайдың, еріннің, тілдің, жұтқыншақтың бұлшық еттерінің жұмысында да кейде ақау кездеседі. Ал бұл аталған мүшелер адамның дыбыстауына, сөйлеуіне тікелей қатысады. Ал әуелде ата-әжесінің бауырында өсіп, кейін туған әке-шешесінің қолына барған балалардың 80%-ы бөлектеніп тұрады. Себебі кішкентай кезінен бір нанды бөлісіп жемеген, бір тәрбиені көріп өспеген, сол отбасындағы психологиялық ахуалды сезінбеген балалар өздерін жалғыз сезінеді", – деп сөзін түйіндеді психолог.

Талқылау