Сәрсенбі
16.08.17
Алматы
23:27

Америкада тұратын 101 жастағы қазақ әже нағашыларын іздейді (фото)

Бейсенбі, 29 Маусым , 2017 12:29

Әсия әженің туған бауыры Исмайл Алматы облысында тұрады. Қазақстанға бала-шағасымен 1996 жылы көшіп келген. Нағашы жұрты Ұлы жүздің Ботбай руынан, деп жазады informburo.kz.

95_main

– Біздің әкеміз 1932 жылы Голощекиннің зардабынан Ауғанстанға ауып кеткен. Әкем Ажарбек, Әкімбек, Тұрар, Қисымбай, Сейітқазы деген аға-бауырларымен бірге көшкен. Мен жеті жылдан кейін 1939 жылы Ауғанстанда дүниеге келгенмін. Ұлы жүз, Жалайыр руынан боламын, – деп бастады әңгімесін Исмайл ата.

1976 жылы Исмайл ата отбасымен Ауғанстаннан Түркияға қоныс аударады. Ол жерде ширек ғасыр уақыт өмір сүріп, 1996 жылы атажұртқа оралған.

– Ауғанстандағы бірнеше қазақ бір-бірімізге туыс болып, қыз алысып, қыз берісіп жақындасып кеттік. Әкеден алты жасымда айырылдым. 16 жасымда Қазақстаннан ауып барған Ұлы жұздің Дулат руынан шыққан, өзіммен құрдас қазақ қызбен отастым, – дейді Исмайл ата.

– Біз бұрындары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан кеткен екенбіз. 1973 жылы Ауғанстаннан осы жерге қонақ болып келетінмін. Ол кезде әкеміздің көзін көргендер бар еді, хат алысып та тұратынбыз.

Зақария, Өмірия деген әкемнің қарындастары, Керім , Әбілқасым деген атамыз бар еді. Біз өзге елде тұрған 40 жыл көлемінде танитын туыстарымыздың барлығы о дүниелік болды. Шуда да Мойынқұмда да, Жамбылда да ағайынымыз бар.

Қазір сексенге жақындап, жасым ұлғайған сайын қатарластарым сиреді. Той-томалақта бата сұрағанда, жан-жағыма қараймын, менен үлкен адам қалмапты. Елу жылда ел жаңа деген осы екен, – дейді Исмайл ата.

Елге большевиктер келгенде Әсия да әкесімен бірге қазақ даласынан Ауғанстанға кеткен. Кейін 1982 жылы кеңес әскері ауған жеріне кіргенде бұл елді тастап, Түркия арқылы Германияға өтіп, одан АҚШ-қа қоныс аударған.

photo_2

– Әпкем Әсия сол Ауғанстанда әскер басының ұлына күйеуге шыққан. Рукия, Әмина, Әлия деген қыздары, Аман, Юсуф деген ұлдары бар. Негізі 12 құрсақ көтерген, аман қалғаны осылар.

1982 жылдары маған Түркияға келіп, бірнеше ай қасымда тұрды. Бірер айдан соң Германияға, араға бірнеше жыл салып 1987 жылы күйеу балаларымен Америкаға көшті. Біз тілімізге де дінімізге де жақсы болған соң Түркияда қалдық.

Әсия екеуіміздің басқа аға-бауырларымыз Ауғанстанда дүниеден өтті. Әсиядан кіші Орынбасар деген әпкем бар еді, артында ұрпақ та қалмады.

Әсия әже аты қазақ болса, өзіне туысқан қылып алады. Қай жерде жүрсе де екі-үш қазақтың басын қосып, қонақтай қоятын. Бұрындары араға екі-үш жыл уақыт салып келіп тұратын еді. Қазір қартайды, бірнеше ұшақ ауыстырып келу қиынға соғады. Өзің кел деп шақырады… Жиендерім мені іздеп жиі келіп тұрады, – дейді Исмайл ата.

Айтуынша, Әсия әже Қазақстанға көшіп келгісі келеді-ақ… Бірақ жолдасы қазақ болмағасын, балалары қазақша білмейді. Тіл білмеген соң күн көру қиын. Сондықтан үйреніскен Америкада тұрып жатыр, сол елде тұрақтап қалған.

Ауғанстанға барған бірінші қазақ

Әкеміз туған жерінде атақты да абыройлы, еліне сыйлы кісі болған дейді. Асан деген болыстың ақылгөйі (кеңесшісі) әрі діндар адам екен. Естуімше, адам санағын алып жүрміз деп ауылдағы адамдардың білегіне мөр басады. Бір жездеміз мөрдегі “расстрел” деген сөзді көріп, мұндай мөрлер атуға тізімделген адамдарға басылатынын айтады. Сөйтіп, ауыл болып жиналып, қашады.

– “Кәпірден зұлымдық көрдім, қайда көшсем де мұсылман елге көшем” деп жақындарымен Түркістанға, кейін Қарақалпақстанға, ары қарай Әмудария арқылы Ауғанстанға өткен. Сол елдің Маймана деген жеріне тұрақтайды. Ауғанстанға ауып барған ең бірінші қазақтар біздің әкелеріміз еді, – дейді Исмайл ата.

Ол жерде мал алып-сатып күн көрген

Ауғанстанда барған бойда әкеміз көзінен айырылыпты. Әйтеуір, мал танитындығының арқасында алып-сатуды кәсіп қылады. Көзі көрмесе де, ағам Әзімбекті, сол кезде 12 жаста еді, базарға өзін жетектетіп ертіп барып, малдың сауырынан сипап, арық-семіздігін айырудың сырын үйретеді екен. Сөйтіп, бала-шағасын бағып-қаққан.

Көп ұзамай ағама көз тиіп, 13 жасында қайтыс болады. Бала өлген соң уайым өзін де әкетті. Шешем 13 балам бар дейтін. Соның екеуі Қазақстанда туған. Қазір Әсия екеуіміз ғана бармыз.

Әкем қайтыс болған соң, анам бала-шағасымен әкемнің інісі Ажарбектің қолына барып тұрды. Ажарбектің екі баласы бар еді. Бәріміз Ауғанстанда киім-кешек, көйлек, қазақы шапан, аяқ-киім тігіп, күн көретінбіз. Машинамен, қолмен тігеміз. Әкеммен бірге Ауғанстанға барған аға-інілері, олардың балалары – бәрі қайтыс болды. Қазір олардан ұрпақ қалған жоқ.

Исмайл атаның тегі Отансүйер

Қазақстан мен Ауғанстанда жеке куәлікте әкесінің атымен жүрсе, Түркияда тегіңді міндетті түрде көрсетуің керексің. Сол жаққа көшіп барғанда құжаттарымды рәсімдеу кезінде маған да тегімді көрсету керек болды.

Әкемнің “елім-ай, жерім-ай, суым-ай, Отанымды көрер күнім болар ма екен” деген сөздері жадымда мықтап сақталған. Отаныма оралу менің де асқақ арманым болды. Сондықтан тегімді ойланбастан Отансүйер дегенімде түріктер орнынан тұрып, шапалақтап, қол соқты. Тамаша екен, қайдан таптыңыз деді. Олар Түркияға қатысты деп ойласа керек, ал негізі ол менің жүрегімнің түбінде жатқан арманым – Қазақстан, елім еді.

Әке-шешем өле-өлгенше қазы-қартаның дәмін аңсап өтті

– Түркияда 25 жыл өмір сүргенде тері илеуді, сапалы өнім шығаруды игеріп алдық. Ол жердегі төрт мыңға жуық қазақ отбасы осы кәсіппен күнін көріп отыр. 50 адам қол астымда жұмыс істеді. Қазақстанға келіп те сауда-саттықпен айналысып көрдік. Сол жақта ішіктерді тігіп, осында әкеліп сатып жүрдік.

Кейін Қазақстанның жағдайы жақсара түсті ме, бағалы құндыз тондар шықты, біздің ішіктеріміз саудаланбады. Оның үстіне Қытай теріге ұқсас материалдан тігілген ішіктерді арзан бағамен мол шығарып, біз шығынға баттық. Сосын оны да қойдық.

Негізі малмен айналысқымыз келеді. Кезінде Мойынқұмның жанында Қырыққазық деген жерде әкемнің жайлауы болған. Малмен өскен әке-шешем өле-өлгенше қазы-қартаның дәмін аңсап өтті. Біз енді Қазақстанға келіп, қазыны жеп жүрміз ғой.

Бірақ көңіліме қаяу түсіретіні, елім-жерім деп келгенде, осыншама байтақ даладан, соғымымызды өзіміз баптап отыратын, төрт тұяғы сиятын ұлтарақтай жеріміз жоқ, көп қабатты үйде тұрамыз, – дейді Исмайл ата.

Әсия әже мен Исмайл атаның арманы бар

Исмайл атаның нағашы жұрты Ұлы жүзден тараған Ботбай руы (Дулаттың тармағы болуы керек). Шешесінің аты – Ұлтықаш, нағашы атасы – Әлкебай.

– Әсия екеуіміздің арманымыз нағашы жұртымызды табу. Ағасы ма, інісі ме, білмеймін, Төлеп пен Ысқақ деген аттары есімде. Шешем Меркінің қызымын деп отыратын. Ауғанстан асқанда 50 жас шамасында болған шығар деп ойлаймын. Нағашыларымды тауып, иықтарына шапан жауып, анамның жеткізе алмай кеткен аманат сәлемін айтып, баталарын алайын деп едім, – дейді Исмайл ата.

Әсия әженің Америкада Вирджинияда тұрып жатқанына 36 жыл болды. Жуырда 101 жасқа толған қазақ әжеге АҚШ билігі жеке пәтер сыйлап, күтуші жалдап берді.

Тағы да оқыңыз:

ДАИШ әскерімен күле жүріп атысқан снайпер қыздың батылдығы елді таңғалдырды (видео)

Павлодарда көпқабатты үйдің алдынан қалташаға салынған сәбидің денесі табылды

Фатима қажы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақалын 4 ұрпақ бойы сақтап келгендерін айтты (фото)

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
16.08.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар