Алтынай Жорабаева алғаш рет Сәбиттен таяқ жеген күндері жайлы айтты
Алтынай Жорабаева Сәбит Әбдіхалықовпен некеде болған жылдары талай мәрте таяқ жегенін ашып айтты. Алайда әнші бұл туралы ешкімге, тіпті ата-анасына жақ ашып айтпаған. Тағдыры солай болғанмен, бүгінде сол күндері үшін де экс-күйеуіне алғыс білдіріп отыр.
Бұл туралы Алтынай 31 арнаның "Өнер мен өмір" бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.
"Үйлене салысымен басталды. Мен ойымды да айта алмаймын. Не үшін таяқ жегенімді сұрағаным үшін де таяқ жеген күндерім болды", - дейді Алтынай.
Ол бұл туралы ата-анасына тіс жарып айтпаған. Десе де, ана жүрегі талай мәрте сезіктенді, дейді әнші.
"Таяқ жеген күндерім үшін де рахмет айтамын. Маған сабақ болды. Кішкентай кезімде өте ұяң қыз болатынмын. Әке-шешем артық сұрақ қоймаса, ешкімге жауап бермес едім. Нағыз үндемес бадырақ көз болдым. Тұрмысқа шыққан соң, өмір болғаннан кейін адам піседі екен. Әрине, ол дұрыс нәрсе емес болғанмен, өмірден үлкен сабақ алып, ашылып, етек-жеңімді жинадым. Егер таяқ жемегенде мұндай нәрселерді істей алмас па едім деп ойлаймын", - дейді Жорабаева.
Сондай-ақ, өнер иесі бұрынғы күйеуіне тек қана бақыт тілейтінін айтып өтті.
"Күнде намазымда оны да сұраймын. Құдай сана берсін, жақсы жар кездессін деп тілеймін. Неге кезінде Айгүлге үйлендім, неге Алтынайға үйлендім деп, қатты жақсы көретіндей жар кездессе деп мен дұға жасап сұраймын. Оның абыройы түсіп кетіп, болмаса лауазымынан түсіп қалғанын қаламаймын. Бізге көмектеспегеніне де ренжімеймін. Өйткені бақытты болсын деп тілеймін. Шыны керек, біздің алдымыздан шықпаса екен, паралелль өмір сүре берсе екен деп тілеймін. Біз өзіміз бақыттымыз, ол өзінше бақытты боп жүре берсе деп ойлаймын", - деді ол.