Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алпамыс Шәрімов республикалық деңгейде қайырымдылық шарасын ұйымдастырмақ

Алпамыс Шәрімов десе, бүгінде көпшілік оны Димаш Құдайбергеннің досы әрі пиар-менеджері ретінде ғана таниды. Димашпен шегара асып, Қазақстанды шетелге танутуда еңбек етіп жүрген жігіт  қазір танымал әншімен жұмыс істемей қойған. Көпшілік бұл өзгерісті дос әрі әріптес жандар арасында түсінбеушілік туындады деп болжады.

Жас та болса  ірі тележобаларға продюсерлік етіп үлгерген ол, жақында «Қазақ радиосының» шаңырағында «136 сұрақ» деп аталатын авторлық бағдарламасының тұсауын кесті.

Stan.kz тілшісі Алпамыс Шәрімовтің не себепті  Димаш Құдайбергенмен жұмыс істеуді тоқтатқанын да анықтап көрді.

– Алпамыс  халық жаңа жобаңды «Радиодағы тың формат» деп бағалауда. Расымен, жүйелік байқалады. Блиц-сұрақтарға негізделген бағдарлама, оның ішінде радио-бағдарлама ашу туралы идея қайдан келді?

– Жалпы, медиа саласында өзіндік тәжірибесі бар маман ретінде байқағаным,  «қай жерде тудыңыз?», «осы салаға қалай келдіңіз?» сынды «жаттанды» сұрақтармен қазір тыңдарманды таң қалдыру өте қиын. Меніңше, журналистің сұрағы жүйесіз құрылса, сөйлеуші де ойын жеткізуге қиналады.

Сұқбат берушінің ұзақ сөйлеп, бір айтқанын бірнеше рет қайталап кететіні де осыдан. Мен негізі шет елдік бағдарламаларды жиі қараймын, соның ішінде, ең сүйікті бағдарламам-ол Владимир Владимирович Позднердің «Позднер» бағдарламасы. Неге бұл бағдарлама? Өйткені, тікелей эфирге келген қонақпен,  жүргізуші қысқа да нұсқа сұрақтар арқылы тілдесіп, қосымша, француз жазушысы Марсель Прустың өмірінен алынған блиц-сұрақтар арқылы кейіпкерді жан-жақты ашады.

Міне, осы форматты мен де өз тәжірибемде қолданып көрейін деп шештім. Берілген аз уақыт ішінде, жүйелі «136 сұраққа» – нақты әрі шынайы жауап алу. Бұл журналист үшін тиімді тактика, ал, радио жанрында ерекше әрі тың формат болмақ.

–   Бағдарламаны ашпас бұрын сұқбат алу, блиц жанры туралы, біраз зерттеу жүргізді деп естідім…

– Мен қазіргі таңда екі елде білім алып жатырмын. Бірі – Францияда, екіншісі – Қазақстанда. Осында Қазақ ұлттық Өнер университетінің магистрантымын.

Ал, Парижде оқып жүргенімде, көбіне Прусттың еңбектерін зерттедім. Естеріңізде болса, мектеп кезінде, қысқа әрі қызықты сұрақтардан тұратын «Анкета» толтырушы едік қой, сол «анкеталық сұрақтар» сонау ерте кезден ойлап табылған дүние екен. Оның терминдік атауы – «Пруст анкетасы» деп аталады.

Онда адамды толық танып білуге арналған 10-20 шақты сұрақ жазылған. Мен әрбір келетін қонағыма дайындайтын «136 сұрақтың» ішіне, «Пруст анкетасынан» алынған сұрақтарды да  енгізіп отырамын. Мендегі мақсат – қатты танымал емес, бірақ, атқарып  жүрген жұмысы орасан зор, талантты жандармен тілдесу, елге таныту, үлгі ету.

Және бағдарлама тұсауы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Асхат Маемировпен ашылды.

– Қазір кімге «136 сұрақ» дайындап жатырсыз?  Алғашқы бағдарламаларға кімдерді шақыру жоспарда?

– Көп адамнан сұқбат алып көргім келеді. Мәселен, Тоқтар Әубәкіров, Сүндет Байғожин секілді ел ағаларының халыққа айтары көп деп ойлаймын.

– Сұқбат алушылардың тізімінде Димаш бар ма? 

– Димашқа қоятын сұрақтарымның жауабын мен жақсы білемін. Сондықтан, маған басқа адамдарды танып-білу қызығырақ.

– Алғашқы бағдарлама рейтинг берді ме?

– Рейтингке қараған жоқпын. Мен үшін ол маңызды емес. Бастысы, адамдардың қызығушылығы бар.

– Атауының өзі қызық қой. Бұл санға тоқталуыңыздың себебі бар ма? Неге «136 сұрақ»?

– Сіз осылай сұрақ қою үшін мен бағдарламаның атын, осылайша, атадым. Әркім өзінше, қабылдап жатыр бұл санды. Ел аузында талқыға түсіп жатқанына қарағанда, жаман атау емес сияқты.

– Қазіргі уақытта тек осы жобамен ғана жұмыс істеп жатырсыз ба? 

– Жоқ. Қазір тележобалар жасаумен қатар, «Бастау» домбырашылар тобын құрып, шығармашылық жұмыстарын бастап кеттік. Негізгі мақсаты – қазақтың қара домбырасын шет елдік сахналарда паш ету. Алда, Түркия еліне барып өнер көрсету жоспарлап отырмыз. Бүгінде қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде.

– «Алпакино» деп аталатын инста-блогыңызды қарап шықтым. Онда көрген киноларыңыз туралы пікір жазып қалдырады екенсіз. Бұл да бір жаңа жобаға дайындық секілді көрінді маған … 

– Жақын достарымның арасында мені көбіне «Алпа» деп атайды. Алғаш рет Аша Матай атаған сияты бастап. Кино саласы мен үшін өте қызық.

Сол үшін де көрген киноларым жайлы, алған әсерімді #Алпакино деген хэштэг бойынша жазып қалдырып жүргем. Кейінірек, оқырмандарыма ұнайтынын байқап, инста айдар ретінде жүргізе бастадым. Бүгінде Отандық кино саласының танымал режиссері мен продюсерлері арнайы хабарласып, менің пікірімді сұрап жататыны қуантады.

Жоғарыда айтып өттім, кино саласы маған қызық деп. Жыл сайын өтетін «Канн» фестивалінен қалмауға тырысамын. Сонымен бірге, Отандық туындыларды да уақытында қараймын. Біріншіден, «трендте» болу үшін, екіншіден, киноиндустрияда қазақ киносының деңгейін біліп отыру үшін керек.

– Қайырымдылықпен де айналысуға уақыт табасыз. Осы туралы толығырақ тарқатсаңыз.

– «Қайыр» деп аталатын қайырымдылық қорым бар. Қайыр – менің атамның аты. Ол ҰОС кезінде тыңшылық қызмет атқарған, телефонист болған. Бір қызығы, бұл фактіні, тек 2017 жылы ғана білдім. Осылайша, қорды атамның атымен атадым.

Қордың атқарып жатқан жұмысына тоқталсам, жыл сайын туған жерім Орал қаласында қайырымдылық «Гранд балын» ұйымдастырамын. Шараға елімізге танымал көптеген әншілер тегін өнер көрсетіп, белсенділік танытады.

Осы мені ерекше қуантады. Алда, аталмыш балды республикалық деңгейде өткізгім келеді. Сол үшін жұмыстар атқарып жатырмын.

Инстаграмыңызды қарап отырып, демалыста жүрген суреттеріңіз аз екенін байқадым. Қалай демаласыз?

– Мына сұрағыңызды «136 сұрағыма» қосу керек екен. Негізі, жақсы сұрақ. Мен істеген жұмысымнан ләзат алмасам, мен ол жұмысты істемеймін. Мен ешқашанда таңғы сағат тоғызда жұмысқа келіп, кешкі алты жарымда үйге қайтатын жұмыс істеп көрмеппін. Қанша, өте жақсы ұсыныстар болса да.

Сондықтан, ләззат алатын жұмысымнан, мен шаршамаймын. Яғни, шаршамаған адам, демалмайды. Бір сөзбен айтсам,  жұмыс істеп жүріп – демаламын.

– Димаш десе, Алпамысты бірге айтады кез-келген тыңдарман. Ол былай тұрсын, қайда болмасын, бірге жүргендеріңізге көпшіліктің көзі үйреніп қалған еді. Бірақ, соңғы кезде бәрі өзгерді. Не болды? Кетуіңіздің себебі не?

– Не үшін, халық бізді қатар көрген кезде сүйсіне қарайды? Себебі, екеуміз де шығармашылық адамымыз. Бірақ, біздің жолымыз екі басқа. Яғни, менің өз жоспарым, өзім ләззат алатын дүниелерім жетеді. Димашта да дәл солай.

Айтпағым, Димаштың алдындағы достық миссиямды мен толық орындадым деп айта аламын. Қолдайтын жерінде жанынан табылдым, қуанышын бірге бөлістім. Әрине, Димашпен әрі қарай жұмыс істеуіме де болар еді, өйткені, оның өнерде алар белесі биік.

Десе де, әр адам бұл өмірде өзіндік қолтаңба қардыру керек деп есептеймін.  Сол үшін шығармашылықта әркім өз жолыммен жүргені дұрыс деп шештік.

– Жоғары да «Пруст сауалнамасы» туралы айтып өттіңіз. Менің де сізге дайындаған қысқа әрі нұсқа бірнеше сұрағым  бар. Ойыңызға келген алғашқы жауапты айтып көріңізші…

– Жақсы, келістік.

– Неден қорқасыз?

– Алладан.

– Жағымпазданатын кездер бола ма?

– Жоқ, болмайды.

– Алда қандай жоспар?

– Егер де Робин Шарманың «Монах который продал свой феррари» кітабын оқысаңыз, автордың айтқысы келген ойы – өз жан-дүниеңнің ләззатын іздеу. Менің де мақсатым сол.

Соңғы рет қашан қуандыңыз?

– Әр күнге – махаббатпен! Менің өмірлік ұраным осындай. Сондықтан, әр күннен жақсылық іздеп тұрамын, сол үшін қуануға тырысамын.

– Алпамыс, сізге шығармашылық жетістіктер тілеймін. Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін рахмет. 

Оқи отырыңыз:

Головкин: Бұл жолы ешқандай күмән болмайды, мен жеңіске жетемін

Головкин мен Альварес үш жекпе-жек өткізбек

Мұхамеджан Тазабек: Головкин біздің балалардай емес, миллиондарды кешіп жүргеніне қарамай тым қарапайым екен

Он бір жыл түрмеде отырған боксшы Головкинді жекпе-жекке шақырды

Талқылау