Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда граната мен автомат ұстап жүрген жігіт сотта сөзден шатысып әрекетін түсіндіре алмады

Алматыда қаланың қақ ортасында қару-жарақ толы көлігімен полицейлерден қашқан күдікті Дәурен Әлеухановқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды КТК.

Оқ өтпейтін қымбат темір тұлпарымен қаланың тыныштығын кетірген азамат өз әрекетіне қатысты әр түрлі сылтау айтып, ақталам деп, соттың сенімсіздігін туғызды. Сонымен қатар, сол күні жанында болған куәгер Мәрлен Шалабаевтың да айтқаны Әлеухановтыкімен еш сәйкеспейді.

Бүгінгі сот отырысы біраз жайттың ақ-қарасын ажыратты. «Банданы қуған Хамит» фильміне бергісіз оқиғадағы екі жігіттің бірі күдікті, ал екіншісі куәгер ретінде сот алдында жауап беріп жатыр. Мәрлен Шалабаев Алматыға сол күні келгенін, оқыс оқиғаға аяқ асты тап болғанын айтады. Әлеухановпен араласқанына жылдың жүзі ғана болған екен. Куәгер ретінде келген азамат осыған дейін заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін істі болған. Ал, сақшылардан қашқанда не үшін танысына «тоқта» деп айтпағанын жөнді түсіндіре алмады.

Тіптен, көлік ішінде көз алдында жатқан автоматты да, гранатаны да көрмегенін айтады. Көрмес-түйені де көрместің кері келіп тұр.

-Сізге қорқатындай ешнәрсе болмаса несіне қашасыз?

-Мен айтып отырмын ғой сасқалақтап қалдым. Өзім жақында сотталып шыққаннан кейін , қорыққаннан кейін қашқанымызды тіледім.

Жігіттердің сасқалақтағаны соншалық, Назарбаев көшесінде құзырлы органдар жолдарын кесіп тоқтатқаннан кейін, көліктерінің есігін он минуттай ашпай отырып алыпты-мыс. Джип оқ өтпестей толықтай брондалған екен. Сақшылар жабылып жүріп терезесінің өзін сындыра алмаған. Тығырыққа тірелгендерін, басқа жолдың жоқтығын түсінгендіктен, ақыры өз еріктерімен сыртқа шыққан. Қымбат көліктен калашников автоматы, бронды кеудеше мен Ф-1 әскери гранатасы мен пышақ табылды.

– Мынау не оқтар?

– Оқтарды білмеймін.

-Неге арналған бұл оқтар?

– Бұғы ататын оқтар ғой бұлар.

Мұздай қаруланған жігіттер не мақсат көздегендерін ашып айтпай отыр. Әлеуханов гранатаны даладан тауып алдым дейді. Бірақ, Шалабаевпен қай жерде кездескендері туралы екеуі екі түрлі мәлімет беріп, судьяның күдігін туғызды. Сот медициналық сараптамасы сол күні Дәуреннің қанында есірткі құрамы барын анықтаған.

Ал, Әлеуханов тергеу барысында, тіптен төрт түрлі жауап берген. Әзірге бұл істің нүктесі қойылмады. Бүгін куәгер мен күдіктіні ұстаған полицейлер жауап берді. Ертең сот отырысы жалғасады. Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында мұздай қаруланған жігіттер қаланың қақ ортасында полицейлерден қашқан болатын. Күдікті Әлеухановқа қылмыстық кодекстің 287 бабы, 3 тармағы бойынша айып тағылып отыр.

Талқылау