Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар үй ішінде қолшатыр ұстап жүруге мәжбүр

Алматыда елу жыл бойы жөндеу көрмеген жатақхананың тұрғындары жаңбыр жауса төбеден сорғалайтын суды тоқтататын жан таба алмай отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Олардың айтуынша, үш апта бұрын жөндеу жүргіземіз деген құрылыс компаниясы шатырды алып тастап, төбені ашық күйінде қалдырып кетіпті. Ашынған ақжаулықты әже жаңбыр жауса сыртқа шелектеп су тасып әлек. Себебі, үнемі төбеден сорғалайтын су тұрғындарды әбден титықтатқан. Олардың айтуынша,  үш апта бұрын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген құрылыс компаниясы шатырды алып тастапты. «Содан бері ешкім ат ізін салмады» дейді олар.

“Үш күн ұйқтамай сүртіп жатырмыз. Кішкентай баламыз бар. Үйдің бәрі көгеріп кетті. Шифр келмей шешіп тастаған. Жаңбырдақалып отырмыз”, – дейді жатақхана тұрғыны Нүрия Сүтемгенова.

Жетпіс бес отбасы күн кешіп жатқан жатақхана 50 жылдан бері жөндеу көрмепті. Сондықтан, биылғы шатыр ауыстыру жұмыстарына 6 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал, қыстың қамын жаз ойламаған коммуналдық мекемінің басшысы өздеріне шаң жуытпай, бар кінәні мердігер компанияға аудара салды.

“Материалдары жұқа болып, сметаға сай келмеді. Басқа материалға тапсырыс бердік. Сол кешігіп қалды”, – дейді «Тұрар» ПИК төрағасы Асылбек Ерғожиев.

Бір қызығы, құрылыс компаниясы тұрғындарға еш ескертпестен жөндеу жұмыстарын бастап кеткен екен. Сондықтан барлығы қамсыз қалған. Енді қателікті қайталамаймыз деген жұмысшылар, шатырдың келесі қапталын ауыстыратын кезде мына секілді түгелдей ашып тастамай, рет-ретімен жауып отырамыз дейді.

“Енді уәде береміз, үш күннің ішінде жабамыз барлығын. Бүгін басталды. Екі бригада жұмыс істеп жатыр”, – дейді құрылыс компаниясының өкілі Қуат Беканов.

Алайда, тұрғындар үш апта бойы тоқтап тұрған жұмыстың үш күннің ішінде аяқталатына сенбейміз дейді. Тағы да жаңбыр жауса қолшатыр ұстап ұйқтауға мәжбүрміз деген олар, астаң-кестеңі шыққан пәтерлерінің құнын кімнен сұрарын білмейді.

Талқылау