Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Алматылық имам ата-анасы бір жыл бойы іздеп жүрген мүгедек қызды тауып алды
Алматылық имам бір жыл бойы іздеуде жүрген қызды тауып алды. Оқиға кездейсоқ болған. Қасым Әшімов мешітте кешкілік кезекшілігін атқарып жүргенде куәгерлер сыртта ес-түссіз отырған қызды көргендерін айтқан. Имам барлық шаруасын ысырып, бірден көмекке ұмтылыпты. Сөйлесе келе оның жоғалғандығын анықтап, дереу ата-анасына хабар берген. Кеше олар 12 ай бойы көрмеген қыздарын құшақтап, қуанышты сәтке себепші болған имамға алғыстарын білдірді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қыздың нағашы апасы Мейрамгүл Тәтімжанова 12 ай бойы хабар-ошарсыз кеткен немересін тапты. Өксігі ол болған іске өзін кінәлайды. Себебі Айгүл жоғалған күні осы кісінің үйінде болған.
«Аяқ асты. Өзі мүгедек болатын. Зейнетақы алатын. Ертең дәрігерге апарамыз деп отырдық. Кешке басы ауырса керек. «Басым ауырып тұр», – деген. Үйден шығып кетіп қалды. Қашып кетті. Содан бері көрген жоқпыз. Полиция да іздеді. Қай жерден көргенін айтса, сол жерге барамын. Көзімнен жас тыйылмады» – дейді Айгүлдің нағашы апасы Мейрамгүл Тәтімжанова.
Айгүлді апасының қолына ата-анасының өзі берген. Өйткені, 16 жастағы бойжеткен аутизммен аурады. Ал, үйде Айгүлден бөлек тағы үш бала бар. Олар улап-шулаған кезде бойжеткен айқайға салып, мазасызданады екен. Осы себепті үйден бір емес, бірнеше мәрте қашқан. Бірақ, дәл осылай ұзаққа жоғалмапты. Бүгін оны тірі көрген анасы осы оқиғаға себепші болған имамға алғысын жаудырды.
«Мың да бір рақмет. Қызымды тауып берді. Құдай бала-шағаларын аман етсін. Осылар үшін не жемей, не ішпей, азып-тозып жүрміз. Осыны көріп, тірі екенін көргенде, жүрегім тыныш болып қалды» – дейді Айгүлдің нағашы апасы Мейрамгүл Тәтімжанова.
Белгілі болғандай қаладағы орталық мешіттің наиб-имамы Қасым Әшімов Айгүлді кеше кешкісін, мешіттің жанындағы саябақтан тауып алған. Қыздың сонда отырғандығын куәгерлер айтыпты.
Мешіт имамының айтуынша олар Айгүлді осы жерден тауып алған. Келген кезде қыз әлсіз күйінде жантайып отырған көрінеді. Әрі куәгерлер оны бірінші рет көрмеген. Оның алдынғы күндері де көрген екен. Соған қарағанда, қыз осы орындықта екі-үш күн бойы түнеген көрінеді.
Имам бойжетенді көрген бетте бірден жедел-жәрдем шақыртқан. Кейін одан ата-анасымен байланысқа шығу үшін өзі жайлы сұрай бастапты.
«Кішкене ауытқуы бар сияқты. Бірде былай, бірде былай сөйледі. Не керек, сонымен аузынан Меркі деген сөз шықты. Меркі тумасымын деген. Меркіде тұрған бір-екі жерін айтты. Сосын менің сол жақта бірге оқыған бір-екі имам группаластарым бар. Сол кісілерге қоңырау шалып, қыздың аузынан шыққан сөздің бәрін айтып едім, сәйкестік келді. Сонымен көшесіне дейін бәрін біліп едік, имам дереу арада адамдарды жұмылдырып, сол көшеге барып, ата анасын тапты» – дейді Алматы қаласы орталық мешітінің наиб-имамы Қасым Әшімов.
Қазір Айгүл қаладағы 12-нші ауруханаға жеткізілді. Қыздың денесін ұзақ уақыт жуынбағаннан жара басып кеткен. Демек, шұғыл көмек керек. Ол өзінің осы күнге дейін қайда болғанын, не істегенін айта алмады. Меркі ауданынан Алматыға қалай жеткені де есінде жоқ.
Ата-анасы болса оның тек сауығып кетуін тілейді. Бойжеткен ем алғанша олар қалада қалмақ. Ал, барлық шығынды орталық мешіт көтереді.