Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Алматылық әйел жалғызбасты зейнеткерлерді тегін тамақтандырып жүр
Жалғызбасты зейнеткерлерге қамқорлық пен мейірімділік көрсетіп жүрген алматылық Рәсима Темербаеваның игі ісі елдегі ең үздік әлеуметтік жобалар байқауында бағаланды.
Бұл туралы Астана арнасына сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мейірімді әйел тамақ әзірлеу шоуын ашуға әбден лайық. Өйткені, Рәсима қол жетімді өнімдерді шебер қолдана отырып, әр түрлі ас мәзірін жасайды және бір уақытта 150 адамды тамақтандыра алады. Сонымен қатар, ол зейнеткерлерге тегін тамақ береді. Ол осы қайырымдылығымен соңғы үш жыл бойы айналысып келеді.
«Біздің жобамыз тек тамақтандыру ғана емес. Жоба – зейнеткерлік жастағы адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған. Олар қоғамға керек екенін түсініп, үйден шығу үшін осындай жобаны іске қостық. Біздің жоба зейнеткерлеріміз таңнан кешке дейін төрт қабырғаға қарап отырмай, күнделікті белгілі бір уақытта жұмысқа шығатындай жүрсін деген ниетпен жасалды. Әжелердің макияж, маникюр жасатып жатқанына қарап сүйсінесің» – дейді Рәсима Темербаева.
Рәсимаға жақсылық жасауға Алматы тұрғындары көмектеседі. Олар күн сайын әлеуметтік желілер арқылы ақша жинап, Рәсиманың есеп шотына ақша аударады. Ал, жүрегі кең әйел ол қаражатты жалға алынған ас үйге, азық-түлікке жұмсайды. Содан кейін ол күн сайын көмекшілерімен бірге түскі асты қалада екі жерге жеткізеді. Ал онда оны әрдайым қайырымды жандар күтеді.
«Бұл бағдарлама көп нәрсеге көмектеседі. Мен болашақта да осындай жақсылықтардың болғанын қалаймын. Өйткені қазіргі заманды өздеріңіздер де білесіздер. Және бұл жақсы көмектеседі»,- дейді Рәсиманың көмекшілерінің бірі.
Ал көпшілікке осылай жақсылық жасап жүрген Рәсима Темербаеваның еңбегін үздік әлеуметтік жобалар республикалық байқауының әділ қазылар алқасы бағалады. Әйел бірінші орынды иеленіп, жүлде ретінде 3 миллион теңге алды. Бірақ Рәсима бұл ақшаны өз қажеттіліктері үшін жұмсамайды. Ол бұл қаражат бірнеше айға жалдау ақысы мен азық-түліктерді сатып алуға жетеді, деп тіпті шығындарды есептен қойған.