Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыға жұмысқа келген келіншек Өзбекстандағы келіндердің азапты өмірі жайлы айтты

Өзбекстан жерінде қалып қойған қазақтар Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау сынды қалаларда жұмыс істеп, отбасын асырауды әдетке айналдырған.

няня

Ташкенттен Алматыға жұмысқа келген келіншек, бала күтушісі болып бірнеше ай істеген. Осы уақыт аралығында ол қазақстандық келіндердің өмір сүруіне, қайын жұртындағы сыйы мен абыройына қарап қызыққанын жасырмайды.

Stan.kz тілшісіне сұхбат берген Әсем (есімі өзгертілген) Өзбекстандағы қазақтардың салт-дәстүрі мен әсіресе келінге жүктелетін міндеттер мен жауапкершіліктің шектен тыс екенін айтты.

-Өзіңіз ата-енеңізбен тұрасыз ба?Тұрмысқа шыққаныңызға қанша жыл болды?

-Мен 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Өзбекстан қазақтары үшін бұл орташа жас. Негізінен қыздар 16 жасқа толған кезден бастап, жергілікті халықтың әдеті бойынша қыздың қолын сұрап келушілер көбейеді. Келісіп жатқандар 17 жастан да отбасылы болады. Мен енеммен тұрамын. Бір ұл, бір қызым бар. Күйеуімнің әкесі жоқ. Жалғыз қарындасы тұрмыста. Қайын сіңлім мен тұрмысқа шыққаннан кейін төрт жыл өткенде ұзатылды. Келін болып түскеніме жеті жылдан асты.

-Алматылық келіндердің өмірі сізге несімен ұнады?

-Мен бұған дейін Өзбекстанның өзінде жұртпен араласатын жұмыста істеп көрген емеспін. Келін болып түскеннен кейін өзімнің ата-анам мұғалімдіктің дипломын сатып алып берді. Бірақ, ауылымыздағы мектепке жұмысқа тұра алмадым. Осы уақытқа дейін үй шаруасын істедім, ол дегеніңіз: мал, асхана, есік алдындағы егіндік. Маусымдап егін алқабында еңбек етеміз. Ол жерде кәдімгі мақта егіп, пісте, жүгері сияқты дәнді-дақылдарды өсіреміз. Алматыға таныстарымыз арқылы бірінші рет жұмысқа келіп отырмын. Бір келіншектің баласына қараймын. Сол үйдің келіні де өзінің ата-енесімен тұрады. Олардың өмірлері мен үшін еуропаның киносы сияқты.

-Олар сонда бай тұрады ма?

-Сонысы қызық. Ешқандай да бай емес. Алматының іргесінде, қарапайым жер үйде тұрады. Үйлері де үлде мен бүлдеге толып тұрған жоқ. Тек өздеріне қажеттінің барлығы бар. Келіндерін қызындай көреді. Атасы мен енесі келіндерін қызым деп атайды екен. Ол келін біздегідей жорғалап, соларға жағыну үшін жалпылдап та жүрген жоқ. Расымен де сол үйдің қызы ма деп қаласың. Енесі келініне баласын қарасып, жағдайын түсініп көмекші алып беріп, жұмысын жалғастыруына жағдай жасап отыр. Төрт адам тұратын үй. Атасы мен енесі, келіні мен баласы да жұмыста. Мен сол үйдің немересіне қарадым.

– Келін мен ененің қарым -қатынасында Өзбекстандағы қазақтармен салыстырғанда қандай ерекшеліктер бар екен?

-Өзбекстанда мен араласатын қатарластарым, абысындарым мен келіндерім сырт көзге жақсы келін болғанымен, отбасында қатты қысым көреді. Келін болып түскен күннен бастап сыналып, сол үйге келген жұмысшы сияқты үлкендерге жағынуға тырысу әдет. Мысалы, мені енем түнде кеш жатқызып, таңғы алтыда аула сыпыруға үйретті. Мен еш қарсылығым жоқ, жұмысты келін істегені жақсы ғой. Тек таңғы алтыда оятқышы бар сағатымды алып қоятын. Сонда айтатыны «Күн шықпай тұрып,өзің оянып үйрен».

Сол алтыда тұрғаннан бастап түнгі он екіге дейін қимылдап жүруің керек. Жұмыс жоқ кезде көрпе тігеміз, ауладағы шөпті жұламыз. Меніңше мамандық бойынша, мектепте жұмыс істеудің өзі үлкен бақыт. Олай болу үшін менің ата-анам ақша төлеп, жұмысқа кіргізуі тиіс. Сосын айлығымды қалай аламын, солайымен енемнің қолына тапсыруым керек. Мектепке жұмысқа тұрғызуға ата-анамның жағдайы келмеді. Сондықтан тұрмысқа шыққаннан бері үй шаруасы мен егін алқабында істеймін. Алматыдан бала күтуші болып тапқан табысымды да енеме алып барып беремін.

-Енеңіз ол ақшаны бірге жейтін тамаққа, балаларыңыздың киіміне жұмсайтын шығар?

-Әрине, бірақ бізде қалыптасқан түсінік па білмеймін бұрыннан кележатқан әдет бар. Келін ауырса, өз төркінінде емделеді, келінге бір зат қажет болса өзінің ата-анасы алып келіп береді. Енем де өзінің жалғыз қызын емдетіп, жиен немерелеінің қажетін түгендеп отырады. Сондықтан мен табысымнан бір киім де ала алмаймын.

-Рұқсат сұрап, өзіңізге ұнайтын затты алып алсаңыз болатын шығар.

-Әрине алуға болады. Бірақ, сол затты бірнеше жыл бетіме салып, күйеуім екеумізді ұрыстырып, отбасымыздың берекесі қашуы мүмкін. Бізде қайтып келген қызды ата-анасы алып барып, отбасымен табыстырып қояды. Сондықтан өз еркімізбен бас көтеріп қалағанымызды істей алмаймыз. Бір, ажырасып қайта қосылу деген- түскен жеріңдегі абыройың мен сыйыңды түсіреді. Өмір бойына күйеуінің туыстары келіннің бетіне басып отырады.

-Сүйіп қосылған күйеуіңіз сізді қорғап, қалағаныңыз бен тілегіңізді орындауға тырыспайды ма?

-Бізде күйеуіміз ең бірінші адам болып саналады. Оның сөзі-заң. Әйелін қорғап ата-анасына қарсы сөйлеген ұл болмайды. Күеуіміздің көңілінен шығу үшін де туыстарының барлығына еш мәселесіз  ұнауға, жағынуға міндеттіміз. Күйеуі ұрыпты деген сөз біздің жақта әйелдің абыройын түсіреді. Бірден сондай таяқтауға лайықты әйел деген баға алады.Шындап қараса ер адамның нәзік жандыға қол көтеруі ұят емес пе?

-Сізді күйеуіңіз ұрған кез болды ма?

-Ия. Бірнеше мәрте. Менің абысынымды тіпті аяғы ауыр кезде енесі сабап тастады.

-Не себепті?

-Келіні ұнамай қалған. Ұлын ажырастырып, басқа қыз алып бермекші еді.

-Ол келін не себепті ұнамай қалды?

-Қайын інім өзінің қалыңдығын қатты жақсы көрді. Ол ешқашан туыстарының сөзіне еріп, әйеліне қол көтерген емес. Келінім де күйеуін қатты жақсы көреді. Анасы ұлын әйелінен қызғанған болар, келінді бірнеше рет үйінен қуып жіберді. Аяғы ауыр кезде шашынан жұлып, аунатып тұрып ұрды. Мүмкін баланы түсірмекші болған да шығар. Келініміз сонда да ешқайда кеткен жоқ. Қазір аман-есен босанып алды. Ал, қайным анасынан әйелін қорғамайды және анасына қарсы да шықпайды, шешесінің сөзін қолдап та сөйлемейді.

-Енесінен таяқ жеген келіншек өз ата-анасына шағымданбайды ма?

-Жоқ. Ата-анасын алаңдатқысы келмейді. Бізде күйеуінен, қайын енесі мен қайын сіңлісінен таяқ жепті деген жай қалыпты жағдай сияқты. Ондайды басынан өткізбейтіндер кем. Мысалы, мен де қанша қорлық көргеніммен өз ата-анама білдірмеуге тырысамын. Әпкелеріме ғана айтамын. Олардан ақыл сұрап отырамын. Олар тек «шыда» деген ақыл айтады. Балалар өскеннен кейін басылады деп сендіреді.

Өзбекстанда тұратын қазақ келіні осылайша Алматыда тұратын келіндер сияқты өмір сүруді армандайды. Әсем алдағы уақытта күйеуіне Қазақстанға көшу жайлы ұсыныс айтып көрмекші. Себебі, ол қызының өз өмірін қайталағанын қаламайды.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандық ана қызын бермей қойған кедей жігіт байыған кезде қатты өкінді

Психолог: Жақыныңыздың күнәсін кешіргіңіз келсе, оны “өлтіріңіз”

Ардагерлер үйіндегі қария қызметкерлердің күн көрсетпейтінін айтып налыды

Бақытты азаматтар әйелін ұратын жігіттерге кеңес берді

Талқылау