Алматы облысында жаңа туған сәбиді пакетке салып, есік алдына іліп кеткен
Алматы облысының полиция қызметкерлері Түрген ауылындағы көшелердің бірінде табылған жаңа туған сәбидің анасын іздестіріп жатыр. Жұқа шәліге орап, есік алдына қалдырып кеткен жаңа туылған сәбиді көрген тұрғындар, жедел жәрдем шақырған.
Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеп Stan.kz ақпарттық агенттігі хабарлайды.
Тастанды сәби туралы ақпарат әуелі әлеуметтік желілердің бірінде таралған. Ақпарат бойынша, 12 ақпан күні Есік қаласындағы ауруханаға жаңа туылған сәби келіп түскен. Кейіннен анықталғандай, сәбиді Түрген ауылының тұрғындары жеке үйлердің бірінен есік алдынан тауып алған. Қызды жұқа шәліге орап, полиэтилен пакетке салып, қақпаға іліп кеткен. Жаны ашыған ауыл тұрғындары сәбиді жылы жерге апарып, дереу жедел жәрдем мен полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Өз кезегінде, Алматы облыстық полициясы бұл факттың ресми тіркеліп, алдын-ала тергеуге жіберілгенін мәлімдеді.
“Табылған сәбидің анасын іздестіру мақсатында арнайы полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Еңбекшіқазақ ауданынның полиция бөлімшесінде көрсетілген іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті”,- деп хабарлайды Алматы қалалық полиция департаменті.
Жаңа туылған сәбидің қазіргі ахуалы туралы Есік аудандық ауруханасының дәрігерлері мәлімдеме жасады.
“Салмағы 2500 грамм, бойы 49 сантиметр, қыз бала. Ауруханаға келген кезде сәбидің жағдайы нашар болды. Әбден жаураған, әлсіз, дене температурасы 34 градусқа түскен. Бірден жаңа туылған сәбилердің жан сақтау бөліміне жатқызылды. Дәл қазіргі уақытта жағдайы орташа, керекті ем-домдар алып жатыр. ВИЧ пен RW бойынша сараптама жүргізілді”,-деді Есік аудандық перзентхана бөлімінің меңгерушісі Гүлнара Мамырбекова.
Сонымен қатар, дәрігерлер жас сәбидің құжаттарымен аудандық әкімшілік айналысатынын айтып өтті. Құжаттары реттеліп, ем қабылдап болған соң жаңа туылған нәресте Шелек аудандық Балалар үйіне орналастырылатын болады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.