Алматыда жалғызбасты ана пәтерінен мәжбүрлі түрде шығармақ болған сот орындаушыларына пышақ ала жүгірді
Алматыда жалғызбасты ана өз пәтерінен мәжбүрлі түрде шығармақ болған полицейлер мен сот орындаушыларына тап беріп, пышақ ала жүгірді. Жұлдызай Андасбаеваның екі кішкентай баласы бар. Ал олардың тұрып жатқан пәтері жалғыз баспанасы екен.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Кеше таңертең сот орындаушылары Жұлдызайдың пәтерінің есігін бұзып кіріп, әйел мен екі баласын мәжбүрлі түрде шығаруға кіріскен.
Ал екі баланың анасының сөзінше, ол банктегі қарызын уақытылы жауып отырған. Олар өздері тоқтатты, дейді әйел.
«2007 жылы «Халық банктен» ипотека алу арқылы пәтерімді сатып алдым. Біраз уақыт өткеннен кейін менеджер хабарласып, несиені төлеуді жаңа кесте құрастырылғанша уақытша тоқтата тұруымды айтты», – дейді Жұлдызай Андасбаева.
Алайда артынан банктің пәтерді сатылымға қойып, сатып жібергені анықталған. Ал жаңа иелерінің пәтерге кіре алмай жүргеніне 4 жыл болған.
«2013 жылы қараша айында банктен осы пәтерді сатып алдық. 2014 жылы онда тұрып жатқан адамдарды мәжбүрлі түрде шығару туралы шешім шығарылды. Бұл банктің оларды пәтерден шығаруға бағытталған бесінші талпынысы. Олар түрлі сылтау айтып, шын, өтірік аралас сөздер айтып, пәтерде қалуды көздеп отыр. Егер олардың наразылығы болса, ол бізге емес, банкке қатысты», – дейді пәтердің жаңа иесі Асқар Түлкиев.
Ал «Халық банктегілер» Жұлдызай Андасбаеваның ешқашан өз клиенттерінің қатарында болмағанын айтты. Аталған пәтерде сатып алу үшін алынған несие басқа адамға рәсімделген.
«Жүйелі түрде төлем жүргізіп тұрмағандықтан, 7 жылдан кейін пәтер сатылды. Ол басқа жеке тұлғаға тиесілі болған. Қазіргі уақытта сотқа байланысты қандай мәселелер туындап жатқанын білмейміз. Сонымен қатар аталған мәселеге біздің қатысымыз жоқ», – дейді «Қазақстан Халық банкі» АҚ алматы облыстық филиалының директоры Тасбике Құдықова.
Ал Жұлдызай Андасбаева пәтерді делдал арқылы сатып алғанын мойындап отыр. Оның алаяқтың құрбаны болған болуы да мүмкін. Ендігі екі күннен кейін сот орындаушылары оны екі баласымен бірге тағы да пәтерден шығару үшін келеді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.