Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда пәтерін заңсыз жалға беретіндерге қарсы күрес басталды

Ешқандай құжатсыз, ауызша келісіммен жүзеге асатын мұндай кәсіпкерлік заңмен қудаланады. Оларды тәртіпке шақыру үшін салық органдары өкілдері арнайылап рейдке шығатын болған. Бірақ, заңды түсіндіруге келгендермен көпшілігінің әңгімесі жараспады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Заңсыз кәсіпкерлерді аулау салық қызметкерлерінің ай сайынғы әдеті. Не пәтерін, не басқа да құрылыс нысанын жалға беріп қоятындардың көбі әсіресе жеке тұрғын үй секторында көп кездеседі. Оларды салықшылар да жақсы біледі.

Салық орындарына тіркелмеудің осындай сан түрлі себебі бар. Барлығына соңғы рет деп хабарлама қағазы берілді. Дегенмен, мұндай тексерулерді пысқырмайтындары да бар. Ауласында пәтерін жалға беріп, көлік жөндейтін орын ашып алған азамат (жоғарыдағы суретте) заңға бағынудан мүлде бас тартты.

«Бір  тиын бермеймін мен. Өкіметке ештеңе бермеймін, өйткені маған ештеңе беріп жатқан жоқ олар», -дейді заң бұзғандардың бірі.

Заң бойынша пәтерін не басқа да ғимаратын жалға беретін азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде салық орындарына тіркелуі керек. Сондағысы табысынан екі пайыз көлемінде салық төлейді. Мәселен, екі қабаттан тұратын мына үйдің жертөлесінде кәсіп қызып жатыр. Тазалық жағы төмен деңгейде. Құжаттары да жоқ.

Бұл қосқабатты ғимаратта барлығы 25 пәтер жалға беріледі. Көлеміне қарай бағалары да әр түрлі. 25 мыңнан 40 мың теңгеге дейін барады. Дегенмен, тапқырлардың мұндай табыс көзі мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдерінің назарынан тыс қалмады. Пәтер иелеріне енді не ескертпе беріледі. Қажет болса, 34 мың теңге айыппұл салынады.

Осындай заңсыздықтарды тізіп жүретін салықшылардың тосын жағдайға тап болатын кездері аз емес. Айғайлап, балағаттағанмен қоймай, жұдырық ала жүгіретіндері де бар екен.

«Осыдан бір ай бұрын осындай тексеріс барысында жеке азаматтар өздерінің иттерін жегіп, біздің салық қызметкерлеріне дөрекі сөйлеп, сонымен қатар соққыға жықты. Осы мәселе бойынша біз сот орындарына жүгініп, сот осы азаматқа үлкен мөлшерде айыппұл салды», – дейді Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Түменбаев.

Жалпы биылғы 9 ай ішінде тек Медеу ауданында 686 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Бұл өткен жылға қарағанда айтарлықтай өскендігін көрсетіп отыр.

 

Талқылау