Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда өгей әкесінен қорлық көрген оқушы қыз қорада түнеп, малмен бірге ас ішкен

Алматыдағы мектептердің бірінде 6-сыныпта оқитын қыз қорада түнеп, малмен бірге ас ішкен. Өгей әкесінен күнде таяқ жеп, өз шешесінен қорлық көрген жасөспірімнің жантүршігерлік жағдайы туралы бір топ ата-ана жеткізді. Әжесінің әңгіртаяғынан зәрезап болған мектеп оқушысы аш қалмас үшін итпен бірге ауқаттанып, бірнеше күн үйіне кіре алмаған.

Алматыда өгей әкесінен қорлық көрген оқушы қыз қорада түнеп, малмен бірге ас ішкен

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ащы суға тойып алған оқушы қыздың әжесі тілшілерді үйіне кіргізбек түгілі, жан-жақтан қаумалаған иттердің жібін ағытып жіберді. Адам санына қарағанда ит пен құс көп. Маскүнемдердің бәрі осында жиналған. Құдды қоқыс полигонына ұқсайды. Қақпадан шыққан оқушы мұғалімдерін көріп жылап жіберді. Анам ұрып соқпайды. Тек бөтен біреулер мені сатпақ болды, дейді.

«Мені сатып жібергісі келді. Бұл ережеге сай емес. Кім екенін білмеймін, бірақ 3 адам. Анам біліп қойды», – дейді 6-сынып оқушысы.

Шындығын айта алмай, әбден дірілдеген немересінің аузын жауып, үйіне қуып әлек болған әжесі бірге тұрады екен. Ауруханадан шешесі де жартылай мас күйі келді. Өгей әкесі де оңбапты. Екі күннің бірінде ішеді. Учаскелік полицейлер тізімде тұрғанын айтады.

Ауладағы иттер де үй ішінде емін-еркін кезіп жүр. Тура шыбынның ұясындай, ұшатын жәндіктің түр-түрі осында. Тамақ үстелінде темекі тұқылы толып жатыр. Күйе басқан қазан ошақ, көгерген заттармен араласып тұр. Жуынатын бөлме де жоқ. Бұл үйдегі екі бөлменің сиқы. Шешесі жұмыстан қуылған. Көрінгеннің итін бағып күн көреді. Баланың мектепке сасып баратыны содан болар.

«Кеше күйеуімнің туған күні болды. Иттерді қараймын. Сол үшін ақша аламын», – дейді қыздың анасы.

Отбасы қаланың қақ ортасында орналасқан баспанада отыз жылдан бері тұрады. Он екі жыл бұрын айналасындағы барлық үйлер сүріліп, бұл әулетке келгенде, құрылыс тоқтап қалыпты. Баспананың төрт құбыласында терең қазылған төрт ор бар. Құлағалы тұрған үйді жалғыз темір тіреп тұр. Сынып жетекшісі мен учаскелік полицейлер ай сайын тексеріп тұрғанымен бірде-бірі білім бөліміне жеткізбеген бе, әйтеуір мемлекеттік қорғаушылар бізден естіп, ұшып жетті.

«Жоқ, біз білген жоқпыз. Біз бәрін бірдей біле бермейміз. Бұл жер санитарлық нормаға сай емес. Қыздың денсаулығына зиян келтіреді. Комиссия арқылы қызды алып кететін шығармыз. Біздің қадағалауымызда болады», – дейді Бостандық ауданы білім бөлімінің бас маманы Николай Хан.

Білім бөліміндегілер отбасына тек үш күн ғана уақыт берді. Дүйсенбі күні тексеріске келгенінде үйдегі иттер мен айналасындағы қаптаған сүйектер түгелімен жоғалсын, деді. Жөндеу жұмысы болмаса да, ең құрмаса шыбындарды кетіріп, тазалық сақтауын талап етті. Егер ол да орындалмаса, 12 жастағы қыз мемлекет қамқорына өтуі мүмкін.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау