Алматыда мемлекеттік қызметкерлер 20 жылда әрең жеткен баспаналарынан бас тартуда
Алматыда 20 жылдап кезекте тұрып әрең жеткен баспаналарынан мемлекеттік қызметкерлер түбегейлі бас тартамыз дейді. Өйткені, үш жылдан бері халық лай аралас суға жуынып, тұнықтырып ішіп отыр.
Әйтпесе, қаланың қақ ортасындағы көпқабатты тұрғын үй. Ғимаратты соққан мердігер компанияның берген кепілдік мерзімі аяқталса, тіпті сусыз қалатын түріміз бар деп жыларман күйде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл – Алматының қақ ортасындағы ықшамаудан тұрғындарының жуынатын бөлмесі. Бірақ, тура ауылдағыдай шелектер қаптап тұр. Өйткені, ыстық суды ағызғанда әуелі шелекке құяды. Кейін тұнықтырады. Әйтпесе, құм шығады. Әр ағызғанында 300-500 грамм лай шығады. Бұны сарапшылар мен әкімдікке көрсеткенінде, олардың көзі соқыр ма әйтеуір тап-таза деп берген.
Алғабастықтардың лас сумен алысқандарына үш жылдың жүзі болған. Жылыту маусымы басталса бітті, есептегіш құрылғымыз тоқтаусыз айналады дейді. Өйткені, ыстық сумен қоса бүкіл қаланың кір қоқысы қоса ағатындай деп ашулы. Онсыз да жаздың өзінде қатырып жылымайды, көрінгеннің үйінде жуынып, монша кезіп кететіндерін айтады.
«екі айда бір сместитель ауыстырамыз. Ол тұрады бір 3800-4000теңге. Бітеліп қалады. Құм ұсақ» – дейді тұрғын Азат Бейсебаев.
Бір тұрғын үйдегі он алты әулеттің бәрі мемлекеттік қызметкерлер. Он-жиырма жылдап кезегіміз әрең келгенде тақиямызды аспанға атып қуандық дейді. Енді, баспанада ит байласа тұрмайды деп қапалы. Әу баста бұл мердігерлердің олағы дейді.
«үш труба болу керек екен. біз жан жақтан сұрап білдік. Бір труба суық, екіншісі ыстық. Біреуі батареяға. Енді біреуін кім жасайды. Бармаған жеріміз жоқ» – дейді тұрғын Ләззат Даткаева.
Барып есік қаққан мекеменің бәрі лас суды таза деп қайтарып жібереді екен. Тіпті, атқамінерлер мынадай шланкі іліп тоқтаусыз ағызып қоюға кеңес берген. Бүгін біз де Алатау ауданы әкімдігіне бас сұқтық, түскі астан бір сағатқа кешігіп келген шенділер өзімізге тап берді.
Әйтеуір, түскі астан ашулы келген әкімнің орынбасары коммуналдық мекеме мамандарына нұсқау берді. Сөйтсе, үйді «АлатауГорСтрой» компаниясы тұрғызыпты. Күндіз түні тазалау жұмыстарымен арпалысып жатырмыз деп сендіруде.
«Бір апта желіні түгел тазалап жуды. Қазіргі таңда дүйсенбіден бастап тұрғынүйдің ішкі құбырларын жуып жатыр. кранды ағызып көрдік. Лай су ағып жатыр» – дейді Алатау ауданы «Коммуналдық шаруашылық» ММ маманы Ертіс Бертісов.
Демек, үш жылдан бері асықпаған шенділер биылдан қалмай тазалауға кірісуде. Ал, тұрғындар үй тұрғызған компанияның берген кепілдік мерзімі желтоқсан айында тоқтайды дейді. Кейін пәтер иелер кооперативіне өтіп, қыруар қаржы шығарып, лайға батқанымыз аздай, қарызға белшеден батпасақ деп қалды.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.