Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арналған ән байқауы өтті

Алматыда Қыздар университетінде Алматы қаласының студент жастары арасында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арналған «Күрең күзде күлімдеп шыққан күн едің…» атты ән байқауы болып өтті.

1401169620_a

 

Бұл туралы аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.

Шара Мәдина Ералиеваны еске алуға арналған әдеби-музыкалық композициямен басталды. Қойылым барысында Қыздар университетінің студенті Айзада Төлетай өзі шығарған әнін орындады. Кейін әншінің көзін көрген әріптес, қызметтес болған өнердегі достары – Гүлзия Байбосынова, Бақыт Шадаева, Жанар Айжанова, Гүлфайруз Далғабай, Ықылас Нұрғалиев, Тілек Оразалиев және Зәмзагүл Шәріпқызы Мәдинаны сағынышпен еске алды.

«Мәдина туралы бір күнде айтып тауысу мүмкін емес. Ол әнші ғана емес, сегіз-қырлы бір сырлы жан еді. Киімдердің түр-түрін тігіп алатын ісмер, оған қоса суретші болатын. Сахнаға жарқырап шығатын. Мінезінің өзі қандай еді! Ашық мінезді, жарқын адам болатын. Өнерге жарқырап келді, жарқырап өтті, жарқырап кетті. Оның ұрпағы, жалғасы ұлы барда, сүйетін халқы барда, өнерін насихаттаушы бүгінгі жастар барда, оның өнері ешқашанда өшпейді», – деді ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, әнші Жанар Айжанова.

Байқауда Мәдина Ералиевадай өнердегі сара жолын жалғастыруды мақсат тұтып келген 11 қатысушы бақ сынады. Олар дара тұлғаның өзіне ғана тән даусымен айта алмаса да, әндерді өз мүмкіндіктеріне қарай барын салып орындады. Екі турдан тұрған байқауда үміткерлер «Күрең күз» әнін және  Мәдина Ералиеваның репертуарынан бір әннен орындады.

Әділқазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлдені Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжнің студенті Рақымжан Мақсатбаев жеңіп алды. І жүлделі орынды да аталмыш колледждің студенті Қазбек Әбу иеленді. ІІ   орынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Самғау» квартеті лайықты деп танылса, ІІІ орын  Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжнің студенті Ержанат Ақиқатқа бұйырды. Ал, «Муна» тобы ерекше топ деген аталымға ие болса, «Көрермен көзайымы» атағына Дінмұхамедәлі Сәмбет ие болды. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетелік, қазақтың біртуар әншісі, өнерді жанындай сүйген, «Ән әлемінің Ақбаяны» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның өмірден өткеніне биыл он бес жыл толып отыр. Оның «Айқарагөз», «Ақбаян», «Сағым жылдар» сияқты әсерлі әндері халық жадында, жүрегінде мәңгіге сақталып қалды.

Талқылау