Алматыда әуе компанияларының бірі ескі ұшағын мейірімді жандарға тегін бермек (фото)
Қазақстандық әуе компаниялардың бірінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ерекше хабарландыру пайда болды. Онда компания басшылығының бір ұшақты «жақсы қолға» тегін беретіндігі жазылған.
Бұл туралы Қазақпарат жазды.
«Достар, біздің таңқаларлық ұсынымыз бар! Біздің паркте ЯК-40 ұшағы бар. Кезінде бұл ұшақ талай рет көкке көтерілді, отандық авиацияға қалтқысыз еңбек етті. Бірақ, ұшақтардың да еңбек қызметінің шегі болады ғой. Борт қызметін өтеп болып, енді Алматы әуежайының паркінен орын алды. Сондықтан, біз қанатты досымызды мейірімді жандардың қолына тегін тапсыруға дайынбыз. Тек олар оны игілікті іске пайдаланса болғаны», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ұшақтың иелері оны алғысы келгендерге не үшін керек екендігін егжей-тегжейлі жазуларын сұрайды.
«Біз әрине ұсыныстарды жан-жақты қарап, ішінен ең үздігін таңдаймыз. Егер ұшақ әлеуметтік жобаға пайдаланылар болса, қуанышымызда шек болмас еді. Мысалы, ұшақты балаларға қуана-қуана берер едік. Ол бала бақша үшін тамаша аттракцион емес пе?» – делінген хабарламада.