Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының тұрғыны кәсіби медицина емдей алмаған ауруынан есектің сүтінің көмегімен жазылған

Алматы облысының тұрғыны Виктория Варвашова есектің ел естімеген пайдасын тауыпты. Айтуынша, кәсіби медицина емдей алмаған асқазан жарасын есектің сүтімен жазған. Қазір бойжеткен ауласында есек байлап, емделушілерге оның сүтін сатуды қолға алған екен. Қазақ “еңбегі адал, еті арам” деп білетін бұл жануардың сүті шынымен пайдалы ма? Бұған дін өкілдері не дейді?

Алматы облысының тұрғыны кәсіби медицина емдей алмаған ауруынан есектің сүтінің көмегімен жазылған

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қазақ үшін барға саналса да, малға саналмаған жануардың сүтінен шипа іздегендердің бірі – Виктория Варвашова.  Асқазанындағы дертке дауа таппаған соң, дәрігерлер есектің сүтін іш деп кеңес берген екен. Бойжеткен ақ халаттылардың  бұл ұсынысын  құп көріп, бірден іске кіріскен.

«Алғашқы күндері ішім қатты ауырды. Алайда, солай болатынын дәрігерлер ескерткен болатын.  Бірақ аз уақыттан кейін іштің ауырғаны басылды. Қазір өзімді жақсы сезініп жүрмін. Шынымен де есектің сүті денсаулыққа пайдалы екен» – дейді Балпық би ауылының тұрғыны Виктория Варвашова.

Виктория тақ тұяқты жануардың сүтін ішкелі алты күн болғанын айтады. Сөзіне сенсек, қазір дертінен айыққан. Енді, өзі сияқты асқазан жарасын емдей алмай жүргендерге көмек көрсетуді көздеп жүрген көрінеді. Айтуынша, Еуропа елдерінде аталған сүтке сұраныс көп, тіпті, литріне екі мың еуро төлейтіндер де бар екен. Осыны ескеріп, жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді бағамен сатуды ұйғарыпты. Бойжеткен  клиенттеріме өзім сауған есек сүтінің бір литрін үш мың теңгеге беруге дайынмын деп отыр.

«Қазір маған  адамдар  хабарласа бастады, көбі аталған сүтті сұрайды. Себебі, менің интернеттегі парақшамды оқып, есек сүтінің пайдасы туралы біліп жатқандар көп. Болашақта осы бағытты қолға алып, есек сүтінің өндірісін дамытқым келеді»,  – дейді Балпық би ауылының тұрғыны Виктория Варвашова.

Ал, емделудің тың жолын таңдаушы Викторияға есек сүтін іш деп кеңес берген дәрігерлер бұл мәселеге қатысты жақ ашпай отыр. Өңірде  есек сүтінің құрамын зерттеп, пайдалы не зиянды элементтердің бар-жоғын анықтайтын зертхана да жоқ екен. Дегенмен, диетологтар есек сүтінің пайдасы шаш етектен, дейді. Тек, ол туралы қазақтардың көбі білмейтін көрінеді. Мәселен, бұл сүтті еуропа елдерінде тағам ретінде әрі емдік мақсатта пайдаланатындар көп. Әсіресе, оған косметологтардың сұранысы көп. Сол себепті, кәрі құрлықта оның  литрін 2 мың еуроға дейін бағалайтын көрінеді.

«Есек сүті, әсіресе, ақуызға бай, ішуге жеңіл әрі дәмді. Құрамында магний, калий сынды минералдар бар. Адам ағзасы үшін өте пайдалы. Ертеректе оны  жас балаларға ішкізген. Себебі, ағзаны қайта қалпына келтіріп, баланы жетілдіру үшін бұл таптырмас дәрі», – дейді диетолог Нұршат Нұрболұлы

Жылқы тектес жануардың сүтінде шипа бар ма деген сауалды жергілікті тұрғындарға да қойдық. Көбі есекті шаруаға пайдаланғаны болмаса, сүтін ішетіндер туралы естімеген екен.

«Есектің сүтін пайдаланбайды ғой. Оны ішкен адамды көрмедім. Жылқынікін болады, мысалы, қымызын білесің. Есектің сүтін білмеймін енді», – дейді тұрғындардың бірі.

Дін өкілдері де дертке шипа іздегендердің мұндай әрекетін қолдамайды. Нақтырақ айтқанда, шариғатта есек сүтін ішуге тыйым салынған екен. Ал, ел арасында кез-келген дерттен сауықтырады деп айтылатын ит сорпасы мен борсықтың майы сынды «ойдан құрастырылған» дәрілер-сауатсыздардың шығарған «надани үкімі» дейді имамдар.

«Бұл жерде есектің өзі қандай арам болса, лас нәрселермен қоректеніп, пайғамбарымыз (с.а.с.) оған тыйым салған болса, оның етіне де, оның сүтіне де соншалықты пайдалануға тыйым салынады.  Және арам нәрселер, лас нәрселер еш уақытта адамға пайдалы, шипалы болған емес, шипа болмайды ол нәрсе. Өйткені, қазір 21-ғасыр, медицина дамыған. Медицина оған ешқашан рұқсат беруі мүмкін емес», – дейді имам Қанат Маратұлы.

Есек сүтін емге пайдаланып, артынша, оны кәсіпке айналдыруды көздеген Викторияның идеясы бастаған жерінен тоқтайтын да сияқты. Себебі, жергілікті билік өкілдері мен аудан имамдары бойжеткеннің мұндай бастамасын қолдамайтындарын айтып, ақыл-кеңестерін берген көрінеді. Мұны ескерген Виктория енді тақ тұяқты жануарды тек шаруаға пайдаланам деп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау