Меншігіндегі жерінен айырылған Текелі тұрғыны: Әділдікке жетпесем, заңды сыйлайтын өзге елге қоныс аударамын
Шенділердің озбырлығынан әбден шаршаған Алматы облысының тұрғыны Болатбек Жақыбаев әділдікке жетпесем, заңды сыйлайтын өзге елге қоныс аударамын дейді. Сот жүйесіндегі кемшілік пен жергілікті биліктің заңсыз әрекетінен шаршаған Текелі қаласының тұрғыны осылай деп шағымданды.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Оның бұлай күйінуіне әкімдіктегілер мен бұрынғы полиция қызметкерінің озбырлығы әсер еткен көрінеді. Және мұндай шешімге қарсы болғаны үшін жергілікті судья бір жарым жылға бас бостандығынан айырған екен.
«Олар сенде ақша жоқ, қайда барып шағымдансаң да шындық біздің жағымызда. Ит үреді көш жүреді дейді»,- деп шағымданды Текелі қаласының тұрғыны Болатбек Жақыбаев.
Текелі қаласындағы шенділер шындықты тек ақшамен өлшейді деген Болатбек Жақыбаев әділдік үшін күресемін деп жүріп ақыры сотталып тынғанын айтады. Сөзіне сенсек, меншігіндегі жерді жауаптылар тартып алып, бұрынғы полиция қызметкерінің жеке шаруашылығына апаратын жол салып бермекші. Алайда, ол бұған еш келісім бермегенін айтады. 10 жыл бойы соттасып, өзіне тиесілі жер телімін бермегені үшін, ақыры, бір жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылған екен.
«Қолымда әрекеттерімнің заңды екенін растайтын құжатым болса да әділдікке жете алмай келем. Жемқорлыққа қарсы күрес бөліміне, прокуратураға да хат жаздым. Алайда, қала прокуроры Қарашев қайда жазсаң онда жаз, бізді бәрібір жеңе алмайсың деп шығарып салады. Түбінде біздің айтқанымызды орындайсың деген жауаптан басқа ештеңе естімедім» – дейді Текелі қаласының тұрғыны Болатбек Жақыбаев.
44 жастағы Текелі тұрғыны меншігіндегі жерді қорғағаны үшін өзін қылмыстық жауапқа тартқандарды түсіне алмай дал. Онымен қоса қалалық сот 10 ай бұрын жеке куәлігін алып, қайтармай отырған көрінеді. Соңғы кездері жергілікті биліктің тарапынан қысым да күшейген. Сол себепті, қазір отағасы кәмлетке толмаған 2 баласы мен жарына нан табу үшін жұмысқа да бара алмай отырғанын айтады.
«Асыраушымыз біздің, міне. Мен, мысалы, жұмысқа шаға алмаймын, екі кішкентай балам бар. Қазір алыс жолдарға кетсе, шыға алмай отыр. Ал, бізді тастап кететін болса аналар келіп, қоқан-лоққы көрсетеді» – дейді жұбайы Гүлім Жақыбаева.
Ал, жер қатынасына жауапты маман дауға айналған жер телімінің о баста мемлекет меншігінде болғанын айтады. Арнайы комиисияның шешімімен жеке шаруашылыққа апаратын жол салынуы тиіс, дейді. Алайда, қазіргі жер иесіне мемлекеттік актіні берген мекеме басшысы қазір барлық жағдайды тек соттың үкіміне ысырып отыр.
«Қаланың бас жоспарында белгіленген. Текелі қаласының мәслихатының шешімімен бекітілген бас жоспар бар. Текелі қаласы сотының шешімі бар, аппеляция берілген, облыстық соттың шешімі бар» – дейді Текелі қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Болат Есболатов.
Соттың шешімімен, 2 баланың әкесі, алғашқыда 5 тәулікке сотталып, 200 сағат қоғамдық жұмысқа да тартылып үлгерген екен. Алайда, заңгерлер аталған іске қатысты сот шешімінде бірқатар кемшіліктердің барын айтады.
«Мемлекеттік меншік туралы заңның 6-бөліміне сәйкес, біреудің жерін алу үшін оның өтемақысы төленуі тиіс. Яғни, сарапшылар жердің нарықтағы бағасын анықтаған соң, оған сол ақша берілуі керек болатын. Ал, бұл кісіге ол туралы ескертілмеген. Сондықтан бұл істі қайта қозғайтын болса, біраз кемшіліктерді анықтауға болады» – дейді қорғаушы Марат Зарипов.
Болат Жақыбаев, енді Жоғарғы сотқа аппеляциялық шағым жазуды көздеп отыр. Алайда, одан нәтиже болатынына үмітім аз, дейді. “Мыңмен жалғыз алысып”, әділдікке жете алмадым деген Текелі тұрғынының ендігі арманы – адам құқығы тапталмайтын елдердің біріне қоныс аудару.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.