Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жоғалған жігіт азаптап өлтірілген: Оны жан досы өлтіргенін мойындады

Алматы облысында бір аптадан бері туғандары жер-көктен іздеген 22 жастағы жігіт өлі табылды. Оны өзінің жан досы пышақтап кетіпті. Сорақысы сол, қаскөй жолдасын өзі өлтіріп, дым болмағандай оны марқұмның туыстарымен бірге іздеп, әлеуметтік желілерге хабарландыру жариялаған.

Ал қайғыдан қан жұтып отырған отбасы еңгезердей ұлын бір адамның өлтіргеніне сенбейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

22 ақпаннан бері туғандары жер көктен тіздеп табылмаған 22 жастағы жігіттің мәйіті түнде сағат 9-жарымда осы Чапай ауылының маңынан табылған. Денесінің екі жеріне пышақ сұғылып, әбден сабалып азаппен өлтірілген дейді жақындары. Ең өкініштісі, өлімге күдікті ретінде марқұммен бірге оқыған жан досы ұсталып отыр.

Биыл келін түсіреміз деп жоспарлаған отбасы баласының мәйітін құшақтап, тойға жинаған ақшаға табыт аламыз деп еш ойламаған. Қайта-қайта талып қалып жатқан анасы қайтсе, үйге тірі оралады деген үмітім болды дейді. Ал, жантүршігерлік өлімге күдікті ретінде басқа емес, ұлының жас досы іліккеніне сене де алмайды. Өйткені, бір табақтан ас ішіп, бірге жүрген сыныптасына ағасындай қамқор болғанын айтады.

“Мен одан сонша сұрадым. Білгеніңді айт дедім. Оған енді өмірлік жаза беріңдер. Ұлыма тиіскендердің бәріне өмірлік жаза беріңдер. Өтінем”, – дейді анасы Әмина Мамидова.

Күдікке ілінген Женя деген жігіт Вадил Мамидовті соңғы рет көріп, екі мың теңге бердім депті бәріне. Тіпті, жанашырлық танытып туғандарымен қоса іздеген. Бірақ, кеше түн жарымда полицейлерге мәйіттің жатқан жерін көрсетіпті. Сөзінше, жұма күні сөзге келген екі жолдастың арасында жалжал туған. Сөйтіп, жертөлеге кіргізіп аяусыз сабаған, артынша ісін жасырмақ болып, айдалаға денесін лақтырып кетіпті.

“Пышақталған. Басынан кескен. Алты жеріне пышақ сұғылған. Азаптап өлтіргенін Женя деген досы өз мойнына алып отыр. Бірақ, мен оның жалғыз өзі өлтіргеніне сенбеймін. Қазір тергеу жүріп жатыр”, – дейді әкесі Әли Мамидов.

Бір аптадан бері үрейде жүрген Чапай ауылының жұрты жаппай іздемеген жеріміз, тіміскілемеген тесігіміз қалмады дейді. Туғандары марқұмның сау тамтығы қалмай әбден азапталып өлтірілгенін айтады. Сенбі күннен бері ит құсқа жем болып, далада жатқанына да іштері удай ашуда. Бірақ, еңгезердей азаматқа бір адамның әлі келмейді деп отыр. Ал, полицейлер әзірге тек бір ғана күдікті ұсталды дейді.

“Осы қылмысты жасады деген күдікпен бір азамат ұсталды. Қазіргі таңда Іле аудандық полиция изоляторына қамаққа алынды. Факті бойынша сараптама тағайындалды”, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Айта кету керек, марқұм Вадил Мамидов пен күдікті осы ауылда туып өскен. Бір сыныпта оқып, айырылмас дос болыпты. Женя қой аузынан шөп алмайтын момын дейді жолдастары. Сондықтан, жантүршігерлік өлімнің артында «басқалар» тұруы мүмкін дегенді айтты отбасы.

 

Талқылау