Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жас жанұя дәрігерлердің кесірінен екінші сәбиінен айырылып қалды

Алматы облысында жас жанұя бір жылдың ішінде екінші  сәбиінен айырылды. Жұбайлар осы жағдай дәрігерлердің кінәсі екеніне сенімді. Бұл туралы Еуразия арнасы хабарлайды.

Сарыөзек аулының тұрғыны Нұржан Махановтың екі мәрте әке атануға мүмкіндігі бар еді. Бірақ оның екі сәбиі де дүниеге келе сала, шетінеп кеткен. Ол бір жылдың ішінде қос балаларын жерлеген.  Маханов осы жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр:

“Бірінші перзентім қыз бала еді. Тоғыз ай бойы жетілген. Әйелім босанарда дәрігерлер оның толғағын қабылдамады. Талдықорғандағы перзентханаға жіберді. Ол біздің аулымыздан 90 км қашықтықта орналасқан. Жетеміз дегенше сәби жатырда шетінеп кеткен. Осылай біз қызымыздан айырылып қалдық “, — дейді ол.

Жұбайлар екінші сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүрген еді. Жүктіліктің сегізінші айында дәрігерлер Нұржан Махановтың жары Мадинаны денсаулығын бақылау  үшін ауруханаға жатқызады. Мадинаны емдеген дәрігер оған антибиотик жазып берген. Азаматшаның сөзінше,  олар екпені ешбір тексерізсіз салған. Жарты сағаттың ішінде Мадинаның іші қатты ауырған. Қан кете бастаған:

“Қасымда кезекші дәрігер болған жоқ. Санитар әйел мен күйеуім ғана жанымнан табылды. Олар мені операция бөлмесіне шығарып салды. Мен ол жерде хирург пен анестезиолог келгенше жарты сағат жаттым. Сосын олар маған наркоз жасады. Оянғанымда баланың шетінеп кеткенін айтты”, — дейді ол.

Дәрігерлер кінәні мойындаудан бас тартып отыр.

“Бала 1 кг 900 грамм салмақпен дүниеге келді. Бірақ тірі балаға ұқсаған жоқ. Осыған қарамастан, оған реанимация жасалды. Бізде мекемемізде реаниматолог, педиатр бар. Олар қолдарынан келгенше баланы құтқаруға тырысты. Өкінішке орай, сәби шетінеп кетті “, — дейді Кербұлақ ауданындағы аурухананың директоры Қанат Қалдыбаев.

Операция кезінде дәлізде болған Нұржан Маханов баланың жылаған дауысын естідім деп айтып отыр.

Нұржан Махановтың сөзінше директор өтірік айтып отыр. Ол Мадинаға 10 минуттың ішінде ота жасау керектігін айтқан. Ал әйелі дәрігерлерді жарты сағаттан астам уақыт күткен.

Жұбайлар қазір барлық сұраұтарға жауап беретін сот медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

 

Талқылау