Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Алматы облысында туған анасы 9 жыл құлдықта болған 11 жасар қызынан бас тартқан
Тоғыз жыл құлдықта болған 11 жастағы қызды туғандары қамқорына ала алмай жүр. Өйткені нағашылары төрт баласымен жалдамалы үйде тұрады. Жағдайлары төмен. Ал, өзімен бірге құлдықта жүріп бар азапты бірге көрген туған шешесі одан бас тартып отыр. Әкесі де тәрбиеме бағынбайды деп бауыр етін үйінен қуып шыққан. Жақындарынан пана іздеген Дильназ құлдықта кімдер қай жерде ұстағанын айтты.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Кішкентай үй бар еді сарай сияқты. Суық еді. Отын әкелмеуші еді. Көмір бермеген. Күнде макарон алып, пісіре береміз» – дейді Дильназ.
Азапты тоғыз жылын Дильназ осылай емін-еркін баяндай бастады бізге. Бір байқағанымыз, көзінен бір тамшы жас шықпады. Өйткені, таяқ жеп, аштан қалатын күндерге еті әбден үйренгенін айтады. 2009 жылы шешесі жұмыс іздеп Еңбекшіқазақ ауданы, Ақбасар ауылына сиыр саууға барған. Шөп орды, қора тазалады анам, дейді. Сөйтіп, тоғыз жыл қинап құл еткен. Тек, қысты күні анасы қатты ауырып пайда болмаған соң қожайындары қуып жіберіпті.
«Ал, бізді жіберген соң қорқыту басталды. Сендер біреуге бірнәрсе айтсаңдар, сені балалар үйіне жіберіп, бәрін кесіп тастаймын. Ал анама оны жындыханаға апаратынын айтты» – дейді құлдықта болған қыз Дильназ Ташкенбаева.
Ауыл фермасында өздері секілді тағы 12 адам құлдықта жүрді дейді Дильназ. Қашайын десе, қорқады. Қашпайын десе ұрып-соғып мезі қылады. Тіпті анасы сол қыспақта жүріп үш ұл тапқан. Төрт баласымен қожайынға сыймады ма, оп оңай жіберіпті. Сөйтіп, келіншек өз әке-шешесінің үйіне келеді. Бірақ, аға-жеңгелері Дильназды көріп шошыдық, дейді. Анасы дұрыс қарамай, сарайда жататын күйге түскен.
«Бұл қыз сарайда жатқан. Қараусыз. Хабар жетті. Одан кейін біз алып кеттік. Анасы бас тартты. «Қыз маған керек емес», – деді. Бізге жазып берген қолхаты бар. Уақытша қызым ағамның қолында тәрбиеде болады деген» – дейді Дильназдың жеңгесі Жанар Кенжебекқызы.
Дильназ қазір уақытша баспанада төрт баласы бар туғандарының үйінде тұрады. Аға-жеңгесінің тек біреуі жұмыс істейді. Жеңгесі үйде. Үкіметтен жәрдемақы да ала алмайды. Олар пәтерге айына 25 мың теңге төлейді.
Отбасының материалдық жағдайы да мәз емес. Сондықтан, нағашылары мемлекеттік қорғаушылар Дильназды қамқорымызға бермей ме деп қорқады. Ал, аудандық шенділер шешесінің бас тартқанын растап отыр. Тәрбиесіне көне алмапты. Әкесі болса жоқ екен. Енді, туыстарына беру үшін анасының құжаты болу керек дейді. Алайда…
«Себебі Наргиздің, яғни анасының құжаттары жоқ. Жоқ болған соң біз ешқандай заңды әрекеттер жасай алмаймыз. Ата-аналық құқықтан айыруға, қорғаншыларға табыстауға мүмкіндіктер жоқ болып жатыр» – дейді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау және қорғаншылық секторының меңгерушісі Ақмарал Манасбаева.
Он бір жасында әріп танымайтын Дильназды білім бөліміндегілер интернатқа орналастырған. Қазір демалыс болған соң жақындарында көрінеді. Алайда, құжат рәсімделіп, қамқоршы іздейтін болса, отбасының барлық жағдайы ескеріледі екен. Сондықтан, аядай бөлмеге төрт баласын әрең сыйдырған әулетке Дильназды үкімет бермесі анық.