Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында мерейтой соңы оқушының өлімімен аяқталды

Тоқсан жылдықтың әлегі. Алматы облысы Іле ауданының мерейтойына дайындық кезінде 10-сынып оқушысы қаза тапты. Алты жүз бала қатысқан флешмобтың соңы қырғын төбелеспен аяқталып, кәмелет жасқа толмаған жасөспірім пышақталған.

Қару тура жүрек тұсына тиген Қыдырәлі Бейсенбай сол жерде қансырап жарты сағат жатып қалған дейді туғандары. Оның үстіне, іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз ететін не полицей, не жедел жәрдем қызметі болмапты. Жалғыз ұлынан айырылған отбасы туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жалғыз ұлын алыстан бақылап, билегеніне мәз болған әке қапияда айырылып қаламын деп ойламадым дейді. Егер ауданның мерейтойы болмағанда, ұлымның талай мерейін көрер едім деп егілді. Өйткені, Іле ауданының 90-жылдығында шенділер алып стадионда 600 оқушыны жаппай билетпек болыпты. Үшінші дайындығын көруге тіпті әкесі қызымен барғанын айтады. Бірақ, достарыммен қаламын деген баласының көңілін қимапты. Өзегін өртегені де сол.

“Аман ба деп едім, өліп қалды деді. Өліп қалды дегені несі ит өлгендей айтты. Бір тептім. Несін жасырайын. Қайда жатыр деп едім. Скорыйда деді. Балам жатыр екен. Бетін жауып тастапты. Жүрегінің тұсында тряпка тұр екен” – дейді марқұмның әкесі Бақыт Садықов.

Сөйтсе, 10-сынып оқушысы “массовкада” төбелескен екі жігітті арашаламақ болыпты. Оның бірі колледж студенті екен. Пышақты сұға салып қаша жөнелген. Кәмелет жасқа толмаған баланың қалтасында не үшін суық қару жүргені белгісіз. Туғандары мерейтойды тойламақ болған шенділер оқушыларды жинағанымен қауіпсіздікті ойламағанына күйінеді. Себебі, дайындықта бірде бір полицей, не жедел жәрдемді көрмепті. Әйтпесе, жарты сағат қансырапған күйі дәрігер күткен ұлдарына көмектесер еді дейді.

“Мен өз көзіммен көрдім. Негізі болу керек. Бәленбай ауылдан келеді. Автобус келеді. Сеніп ата анасы жібереді. Мен қырымды сеніп жібердім ғой” – дейді марқұмның әкесі Бақыт Садықов.

Өмірі қыршыннан қиялған оқушы дәл осы мектептің үздігі, спортшысы болған. Сыныптастары түгілі оқытушыларына дейін есеңгіреп жүр. Бірақ, өлімге Іле ауданының 90 жылдық мерей тойына дайындығының еш қатысы жоқ дейді. Себебі, флешмобқа қатысқан оқушылар қоғамдық жұмысқа араласып үйренеді екен. Тіпті ол флешмоб оқушылардың сабағына кедергі де емес, уақытын да алмайды деп таң қалдырды.

Екі мыңға жуық бала оқитын мектептен мерейтойда елу оқушы билейді екен. Әр сенбіде ұстаздары бас-көз болып стадионға жетектейтіндерін айтады. Әкімдіктен келген бұйрықты бұлжытпай орындауға міндеттіміз дейді. Бірақ, Қыдырәлінің қайдан барғаны белгісіз деп ақталуда.

“9-сыныптың елу оқушысын апардық. Оның жанында өзіміз дене шынықтыру мұғалімдеріне кезекшілік қойдық. 5-15 кеткенде дайындық бітті. Бірақ баланың өлімі сомен сәйкес болып тұр” – дейді №13 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Жәбел.

Ал, шенділер ауданның тоқсан жылдығын дүркіретіп өткізу үшін флешмоб ұйымдастырғандарын жасырмайды. Тіпті, тоғыз елдімекендегі ең ұзын, сымбатты деген 640 ұл мен қызды жұмылдырудамыз дейді. Жыл басынан бері дайындалған мерекеге бюджеттен сегіз миллион теңге бөлінген. Ерікті демеушілерді қоспағанда бұл. Алайда, оқытушы мен оқушылардың еңбегі тегін.

“Ауданның 90-жылдығы бір ақ рет болайын деп жатқан нәрсе. Іс шараның бәрін оқушыларды қамтамасыз етеміз. Ауданның тұрғындарымен қамтымасақ біздің ауданда не боп жатқанын кім біледі” – дейді Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев.

Шенеунік те, бұл қайғыны кездейсоқ деп отыр. Тойға қатысы жоқ, той тойланады бәрібір деді. Ал, қабырғасы қайысқан отбасы ұлдарын келмеске аттандырған студентті кешірмейтіндерін айтады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Алдын ала тергеу жұмыстары басталыпты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау