Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бас имам елден ақша жинап, бермей  алдап кеткен

Өтеген батыр кентінің бұрынғы бас имамы Серік Кәріпжановты ауыл тұрғыны Маматова Гүлзира 4 мың доллар ақшамды алаяқтық жолмен тартып алды деп айыптауда,-деп жазды КТК арнасы.

Басы дауға қалған молдадан мүфтият та теріс айналған. Бір жыл бұрын қызметінен қуып жіберіпті. Ең сорақысы Алланың атын жамылып алаяқтыққа барды деген азамат соңғы он жылда төрт мешіттің басы имамы қызметін атқарып, жамағатқа уағыз айтып келген.

Даулы оқиға осыдан он жыл бұрын басталған. Басына іс түскен Маматовтар әулеті көмек қолын созатын адам іздеп шарқ ұрады.

Сол кезде туыстары Іле ауданында аты дүркіреп тұрған бас имам Серік Кәріпжановпен таныстырған. Олар дін қызметкерлерін аттай қалап, ет асып үйге шақыртады. Кез-келген мәселені шешемін деп білек түрген молданы көрген Гүлзира ханым оның сұраған төрт мың долларын бірден тауып берген.

«Жаным қиналып қызымның шығуын ғана ойладым сол кезде мен. Төрт мың доллар сұрағаннан кейін өзім қолына санап бердім. Ол Түркісіб ауданындағы прокурор досым соған берем деді. Сол жұмысыңызды шешіп береді деді. Қолхат алған жоқпын, имам ғой деп сендім»,-дейді  жәбірленуші Гүлзира Маматова.

Танысым көп деп көпірген молда сөзінде тұрмапты. Ақырында телефон ұрлаймын деп тұтылған Гүлзира Маматованың қызы екі жылға сотталды.

Ал имамның алаяқтығын дәлелдейтін дәнеңе жоқ. Алла жолындағы адамға ақша бергенде қолхат та алынбаған. Іс жабулы күйіде қалар ма еді, егер Маматовтар зейнеттегі тергеушімен құдаласпағанда.

«Бұл кісіні алып Қапшағайға мешітке бардым. Наиб имамға жолықтым. Құрманәлі деген кісіге. Ол айтты Серікті іздеп жүргендер көп деп. Ол талай адамды отырғызып кеткен екен. Менен де бас имам қылам деп 500 доллар алып кеткен»,-деді жәбірленушінің құдасы Қазыбек Ертаев.

Серік Кәріпжанов Қапшағайдан соң Ақши ауылы мен Панфиловта да бас имам болып, жамағатқа уағыз оқыған. Жүрген жерін шулатып, халықты қан қақсатқан молданың былығы бетке шыққанда мүфтият да одан теріс айналды.

«Қазіргі таңда заңсыз түрде жұмыстан босатылды. Жоғары муфти Ержан Қажы Малғажыұлы сол кісі заңсыз түрде өз бұйрығымен босатқан.  Біз соттың соңына дейін кінәмізді мойындамаймыз. Ешқандай жауап бермейміз»,-дейді  адвокат Ілияс Досымбетова.

Күдіктінің адвокаты молданы тоғыз баласымен жұмыссыз далада қалдырған діни басқарманы сотқа береміз деп отыр. Ал басқарма қызметкерлері имамның қалт басуға құқығы жоқ. Ол халықтың айнасы дейді.

«Діни қызметкер таза болуы керек. Ол халықтың айнасы. Қазіргі сот мәселесінде тергеу мәселесінде болып жатқанды сот өзі дәлелдейді деп ойлаймын. Ал ол туралы біздің қолымызда қателіктер немесе бір жағдай болғаны туралы, арыз түскені туралы біз айта алмаймыз»,-дейді ҚМДБ заңгері Сағитжан Дәулетияр.

Бір қызығы бір бұл іс бір жылға жуық тергелген. Дәйек жоқ деген желеумен прокуратура оны 3 рет кері қайтарыпты. Соттың алғашқы отырысында сыр бермеген имам сүттен ақ судан тазамын деп өзіне шаң жуытар емес.

Ет бұзылса тұз себеді, ал тұз бұзылса не себеді?! Он жылдан астам Алла үйінде жамағатқа уағыз оқыған имамның қылмыстық іске шатылуы кім-кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық.

Қазір молданың қорғаушысы, өзі, тіпті дін басқармасының қызметкерлері қылмыс дәлелденген жоқ деп отыр. Бірақ Серік Кәріпжановтың үстінен шағымданушылар әлі де артуы мүмкін.

Себебі қызметтік бабын асыра пайдаланған имамға құдайдай сенгендер бар ақшасын санап беріп отырған. Ал бұл іске қатысты келесі сот отырысы ақпанның бесі болады.

Оқи отырыңыз:

Ауғанстанда қаза болған қазақ жігітінің туыстары алаяқтарға алданып қалды

Қарағандыдағы кішкентай қыздың өліміне дәрігерлердің кінәсі бар екені белгілі болды

Таразда жоғалған сарбаз: Біреулер хабарласып ұлымыздың қол-аяғын байлап ұстап отырғандарын айтты

Талқылау