Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында әжей өзін ұлы мен келінінің ұрып-соғып, үйінен қуып шыққанын айтты

Алматы облысы Байсерке ауылының тұрғыны Күлімхан Шыбынтаева туған ұлы мен келінінің өзіне көрсеткен азабы жайлы айтып берді.

Бұл туралы “Қарекет” бағдарламасында айтылды.

Әжей бүгінде жиенінің қолында тұрып жатыр. Айтуынша, оған дейін далада түнеп, суық тиіп ауырып қалған.

“Әжем осындай күйге түседі деп ойламаппын. Келіні мен немерелері, ұлы қосылып ұрған. Басынан ұрып, құлағын қанатқан. Қатты соққыдан тіліп тістеп алған. Түнгі уақытта қайда барарын білмей далада түнеген. Суықта өкпесінен суық өтіп, ауырып қалды. Мен дәрі-дәрмегін алып бердім. Өз анасына істеп отырғанын көріп қынжыласың”, – дейді немересі Әсел Мұхтарқызы.

Әжейдің өзі де сол күнгі оқиғадан соң мең-зең күй кешіп жүр. Ол үйді баласына бергенше, жетімдерге бергенім артық дейді.

“Он құрсақ көтеріп, бірін аш қылмай асырап едім. Еңбек етіп, мал өсіріп сол үйді алдым. Оны балама сыйға бердім. Енді өз үйімнен өзімді қуып, ұрып-соқты. “Өзі өлді деп айтамыз” деді. Бәрі жабылып ұрған соң мені өлтіреді екен деп қаштым. Екі демалыс далада жүрдім. Талдың түбіне қонып жүрдім. Сол ұлымды мал бағып жүріп, айдалада тапқан едім. Ол бала арқамнан таяқпен бір қойды. Көрсетіп отырғаны мынау. Үйді тартып алады деп қорқып отыр. Оны жетімдерге бергенім артық. Мені алжып кетті дейді. Алжыған түгім де жоқ. Алжысам осылай сөйлеп отырам ба?”, – дейді әжей.

Әжей ұлының атына 1991 жылы үйін жазып берген. Енді көпшіліктен көмек сұрап, қайта алып  беруін қалайды.

Кейуана он құрсақ көтерген. Баласының біреуі қайтыс болған.

Ал, келін-баласы әжесінің айтқаны жоққа шығарды. Керісінше, әжейді мәпелеп-аялап ұстап отырмыз дейді.

“Мен бұл үйге келін болып түскелі 25 жыл болды. Енем өте тынымсыз адам. Сыртымыздан солай сөйлейді. Тамағын да беріп, жағдайын да жасап отырмыз. Ешнәрсені жақтырмайды. Затымды ұрлад, ұрып-соқты дейді. Осыған біз де шыдап келдік”, – дейді келіні Эльмира Нүсіпәлиева.

Келінінің сөзін күйеуі, әжейдің ұлы да растап отыр.

“Анамыз сондай мазасыз кісі. Бірақ өз анамызды кімге айтып жамандаймыз. Бұл Әсел қарындасымның, жиеніміздің ісі ғой. Әжейді қарсы қойып отыр”, – дейді ұлы Нұрбек Шыбынтаев.

Оның сөзін әпкелері мен көршілері де қостады. Келін-баланың әжейге жақсы қарайтынын айтты. Қара шаңырақтың кенже балаға қалғанына наразылықтан ағайын арасында дау туды деп жорамалдайды олар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау