Алматы облысында әлдекімдер кәсіпкердің үйінің ауласына бомба қойып кеткен
Алматы облысында жыл басында көлігі қасақана жарылған кәсіпкерге тағы қастандық жасалды. Бұл жолы қаскөйлер Ащысай ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметовтің үйінде жоқтығын пайдаланып, баснанасының тура кіреберісіне бомба қойып кеткен.
Таңғы бесте атылған жарылғыш зат темір сатыны қиратып, әйнектердің түгін қалдырмапты. Ал сол сәтте үйде кәмелетке толмаған 4 бала болған. Елді мекен жұртының үрейленгені сонша, емін-еркін жүріп-тұрудан қалдық дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Еліміздің ең қаситетті мерекесі – Тәуелсіздік күнінде Ащысай жұрты ұйқысынан таңғы 5-те шошып оянды. Өйткені, ауылдағы кәсіпкердің тура үйінің алдына белгісіз біреулер жарылғыш зат қойып кеткен. Ол темірдің өзін жарып, шыныларға дейін атылған. Ал, іште қожайынның жұмысшысы мен кәмелет жасқа толмаған төрт бірдей баласы ұйықтап жатқан.
«Таңғы сағат бесте жарылған. Содан шошып оянып, мына жаққа шықтым. Қыздар оянып мен жаққа келіп жатыр. Оларды ішке алып кіріп, содан төмен секіріп астын тексеріп қыздарды алып шықтым» – дейді кәсіпкердің жұмысшысы Нұржігіт Тұрғынов.
Не болғанын түсінбеген Нұржігіт Тұрғынов үйдің екінші қабатынан сыртқа қалай секіргенін де білмейді. Полицейлерді шақырамын дегенінше, ауыл жұрты да апыр-топыр осы үйге ағылыпты. Өйткені, жарылғыш заттың дауысы жер жарып, бүкіл Ащысайды шошытқан. Әйтеуір, ешкімге зақым келмепті. Әйтпесе, бір емес екі терезенің әйнегі ұшып, аяқ алып жүретін жер қалмаған. Қыздардың жұмыстағы шешесі үйге жеткенше, мың өліп, мың тірілдім дейді.
«Төртеуі де үйде жатқан. Мен естіп, шошып кеттім. Қалай бұлай болады? Мүмкін емес қой! Балаларда несі бар? Қалай кешке дейін біздің үйге қастандық жасай береді?» – дейді Нұрлан Ахметовтің әйелі Сұлушаш Жасыбаева.
Келіншектің қайта-қайта біздің үйге қастандық жасай береді дегені бекер сөз емес. Осы жылдың басында ғана кәсіпкер Нұрлан Ахметовтің үйінің алдында тұрған “Лексус” маркалы көлігіне тағы жарылғыш зат қойылып, атылған еді. Ол кезде де жұмысшысы Нұржігіт зардап шеккен болатын. Бірақ, әлі күнге дейін полицейлер ол қаскөйді таппаған. Қаңтардағы қастандық түгілі, бұдан 4-5 жыл бұрынғы Ахметовке жасалған қылмыстың беті әлі ашылмады дейді ауыл тұрғындары
«Бір рет шабуыл жасайды адам өлімі бола жаздап әрең қалды. Екінші рет, үшінші рет, төртінші рет. Соның бірі де ашылған жоқ, бір дерек жоқ, бір мәлімет жоқ халыққа жеткен» – дейді Ащысай ауылының тұрғыны Асылбек Сүлейменов.
«Біз қорқамыз, әрқайсымыз қорқамыз. Әрқайсымыздың басымызға келуі мүмкін. Неге халықтың сенгені күштік құрылымдары халықты неге қорғай алмайды?. Неге нәтиже жоқ?» – дейді Ащысай ауылының тұрғыны Сағидолла Мергенбаева.
Ащысайлықтарды ұрейде ұстап отырған қаскөйдің кім екенін ауылдықтар түгілі полицейлер де білмейді. Жұрт жайбарақат жүріп-тұрудан қалдық дейді. Олардың тіпті оқиға орнына келіп, тексеру жүргізген полицейлердің жұмысына көңілдері толмайды. Тәртіп сақшылары кеткен соң, жұрт үйдің айналасын өздері жіті қарап шығыпты. Сөйтсе, контейнердің астына жасырырылған камера мен диск тауып алып, құзырлы органдарды қайта шақырған.
Ал, үш мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың 15 жылдан бергі әкімі Ащысайдың әр азаматын беске танимын дейді. Қастандық іштен емес, сырттан келген, өйткені округте жарылғыш зат ұстайтын қолы ұзын адам жоқ екенін айтады.
«Ести салысымен біз келдік. Тиісті органдарға хабарын бердік. Қазір енді тергеу амалдарын жасап жатыр. Сағат жетіден бастап, 12 жарымға дейін жүрдік қой» – дейді Еңбекшіқазақ ауданы Қаратұрық ауылдық округінің әкімі Ермек Сансызбеков.
Ал, облыстық полиция департаменті үш күннен бері демалыста. Бұл жағдайды учаскелік полицейлер естіртпеген бе, әйтеуір түк білмей отыр. Ал үрейленген тұрғындар бұл мәселеге Ішкі істер министрлігінің бамсшылығы өздерің араласса дейді. Өйткені, бірнеше жылдан бері жасалып келе жатқан қастындықты әлі күнге дейін аша алмаған аудандық тәртіп сақшыларына деген сенімдері жоғалған. Іс бұлай жалғаса берсе, соңы адам өлімімен аяқтала ма деп қауіптенеді тұрғындар.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.