Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 13 жасар баланы бір айдан бері таппай жатыр

Алматы облысында жоғалған ұлын іздеуді талап еткен ананы полицей кабинетінен қуып шыққан. Алматы облысының Үштөбе қаласында 13 жасар Иса Бекбаевтың із-түзсіз жоғалып кеткеніне бір ай болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Алматы облысында 13 жасар баланың жоғалғанына бір ай болды

Жасөспірімді құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер жасағы, туысқандары жабылып іздеген. Бірақ күні бүгінге дейін бір де бір белгі табылған жоқ. Баласының бір жерде тірі жүргеніне сенімді анасы оған көмек керек болуы мүмкін деп отыр.

Бала үйіне оралмай қалған күннен бастап туысқандарының көз жасы құрғаған емес. Исаның әке-шешесі мен кішкентай қарындасы күні-түні оның ұялы телефондағы суретіне қарап, телміріп отырады. Жоғалғанына тура бір ай өтіпті. Айтуларынша, 26-шы маусым күні көршінің балаларымен ауыл маңындағы Қаратал өзеніне шомылуға кеткен. Суға батты дегенге туысқандары сенбейді. Өйткені өзенге ағып кеткенін көрген адам жоқ.

-Жеңгем аяқ астынан тез жет деді! Үштөбенің сыртынан келгенше сағат 8 болды. Келсем ұлым жоқ. Содан бері әлі таппай жатыр. Одан кейінгі түсіп жатқандарды тауып жатыр. Менің ұлым суда емес! Суда емес!», – дейді Анар Бекбаева, Исаның анасы.

Бала із-түзсіз жоғалған күннен бастап оны іздемеген адам жоқ. Құтқарушылар мен полицейлер, еріктілер жасағы, туысқандары сулы, орманды жердің бәрін кезіп бір белгі іздеген. Таппаған. Өзенге сүңгуірлер жіберіліп, іздеу операциясына тікұшақ та тартылыпты. Қараталда шомылды деген баланың киімдері де табылмаған.

-Іздестіру жұмыстары 10 күн жалғасты. Одан кейін ата-анасының сұрауы бойынша тағы 3 күнге жалғастырылды. Бірақ нәтижесіз болып тұр», – дейді Азамат Жұртбаев,Алматы облыстық ТЖД баспасөз хатшысы.

Жақында төтенше жағдай қызметі Исаның туысқандарына іздеу жұмыстары тоқтатылғаны жөнінде ресми анықтама берген. Баланың не өлісін, не тірісін біле алмай қамығып отырған олар амалсыздан Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне шағымданыпты.

-Кіріп едім бастығы жоқ екен. Орынбасары отыр екен.Ол кісінің аты Данияр деген жігіт. Сол кісіге кіріп едім өзіме боқтық сөздер айтып, қолымды бұрап қуып шықты. Құрбым қасымда болған еді екеуіміз прокуратураға барып, арыз жазып кеттік», – дейді Гүлнар Түменбаева, Исаның туысы.

Мұндайды күтпеген жоғалған баланың туысқанының шағымын Алматы облыстық Ішкі істер департаменті ресми тіркеген. Бірақ әзірге полицияның әрекетіне қатысты ешқандай түсініктеме бермей отыр. Ал Исаны іздеуді туысқандары тоқтатқан жоқ. Өйткені баланың денесі табылмайынша, өлді дегенге сене алар емес.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау