Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тау бөктеріндегі құрылыстарға бақылау күшейтіледі

Алматы әкімі Ерболат Досаев тиісті басқармалар, төтенше жағдайлар, жер ресурстары басқармаларының қатысуымен тау бөктерінде құрылысты реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкімдік мәліметінше қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қаланың таулы аймақтары мен тау бөктерінде құрылысқа бақылау күшейтілген. Қала құрылысын бақылау басқармасы 2022 жылы 36 нысан, 2023 жылы 89 және биыл 32 нысан салуға рұқсат берілмегенін хабарлады. 

“Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде барлық құрылыс салушы жобалық шешімді сақтамайды. Мәселен, анықталған заңсыз құрылыстың 54 фактісінің 46-ы сотқа берілді, оның 30-ы қаланың пайдасына шешілді, 5-еуінде нысандар бұзылды. Алматы әкімі Ерболат Досаев сәулет және қала құрылысын қадағалау органдарына, аудан әкімдіктеріне тау бөктеріндегі аумақтарда өз бетінше құрылыс салуға тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленіп жатқан Құрылыс кодексіне жеке тұрғын үйлер құрылысының барысын тексеру мүмкіндігі бөлігінде қала құрылысын бақылау органдарының өкілеттігін күшейту жөнінде ұсыныс енгізіледі. Жер ресурстарын басқару департаменті жер заңнамасының сақталуы үшін жер телімдеріне тексеріс жүргізу жүктелді.

Талқылау