Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Рухани келісім күніне орай дін өкілдерінің қатысуымен ғылыми-практикалық форум өтті

18 қазанда Алматы қаласында Рухани келісім күніне орайластырылған "Бірлігіміз – әралуандықта" тақырыбында ғылыми-практикалық форум өтті. Шараға қаланың діни бірлестіктерінің басшылары, шетелдік сарапшылар қатысып, елдегі рухани ынтымақтастықты дамыту және экстремизммен күрес сынды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

форумФорум Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасы алаңында өтті. Спикерлер қатарында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы, православ шіркеуінің епископы Геннадий, Рим-католик шіркеуі Қасиетті үштіктің куриясы Лаоз Карлос Замарро, Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов бар.   

Ғылыми-практикалық форумды ашқан Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов өз сөзінде форумның маңызы мен негізгі мақсаттарын атап өтті. 

"Бүгінгі күн елдегі Рухани келісімге арналады. Соңғы жылдағы оқиғалар діни және мәдени диалогтың маңызды екенін, мемлекетаралық және дінаралық қатынастың күрделі екенін тағы дәлелдеді. Тәуелсіздік жылдарында біз Қазақстанда түрлі діндердің арасында бейбіт келісімді орната алғанымызбен мақтанамыз. Қазақстанда түрлі конфессиялар мен діни ұйымдардың жұмыс істеуіне арналған барлық жағдай жасалған. Оның үстіне еліміз халықаралық аренада бітімгерлік бағытты да дамытуда. Оның мысалы ретінде жақында Астанада өткен дәстүрлі дін өкілдерінің VII съезін айтуға болады", – деді ол. 

Рухани келісім күніне байланысты өткен жиында спикерлер пікір алмасып, татулық пен бірлікті, түрлі діндер арасында ынтымақты нығайтуға байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, Алматының бас имамы Төлеби Дәділұлы отбасыдағы дін мәселесін көтеріп, балаларға "әралуандық" пен "зайырлылық" ұғымдарын дұрыс түсіндіру керегін атап өтті. 

"Әралуандылық елде өмір сүріп жатқан өзге дін өкілдерінің дәстүріне, наным-сеніміне құрметпен қарау деген сөз. Мұны айтқан себебім отбасы ішіндегі кей кикілжіңдерге діни сенім араласып кетіп жатыр. Әкесі басқа, ал баласы басқа дінде болуы мүмкін. Ал бүгінгі Рухани келісім күнінің басты мақсаты – тыныштық пен бейбітшілік үшін қызмет ету. Тыныштық отбасыдан басталады. Сондықтан дін басшылары мен ұйым төрағалары уағыз кезінде осы мәселені қаперге алса екен деймін", – деді ол. 

Рим-католик шіркеуі Қасиетті үштіктің куриясы Лаоз Карлос Замарро Қазақстанда кез келген дін өкілі қауіпсіздікте және тұрақтылықта өмір сүре алатынын, елде бұған арналған алғышарттардың бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгінде Қазақстан "кездесу мемлекеті" деген мәртебеге ие. Себебі мұнда жанжалдасқан елдер мен адамдар келіп, қорықпай кездесу өткізе алады. 

Ғылыми-форумға қатысты пікір білдірген орыс православ шіркеуінің епископы Геннадий Рухани келісім күні аясында өтетін басқосудың дәстүрлі шараға айналуы қуантарлық жайт екенін айтады. 

"Менің білуімше, мұндай жиын еліміздің барлық аймағында өтеді. Қазақстан қазіргі таңда айрықша микроәлем болып отыр. Мұнда түрлі дін өкілдері бар. Білесіздер, ХХ ғасырда білімді, білікті және ауқатты азаматтардың көпшілігін Қазақстанға жер аударған. Дегенмен қазақ халқының қонақжайлығы арқасында олар аман қалды. Қазір осы азаматтар елдегі түрлі конфессиялық ұйымдардың негізін салды. Сөз сөйлегендердің барлығы рухани келісім жолы елдің стратегиялық дамуында қажетті екенін атап өтті. Қазір білім беру саласында, медициналық қызмет көрсеткенде діни ерекшеліктеріне ешкім назар аудармайды. Мемлекеттің осындай зайырлы саяси бағытты таңдағаны қуантады. Мұнда барлығымыз бір-бірімізді бауыр сезінеміз", – деп мәлімдеді ол. 

Форумды ұйымдастырған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке жиынның мақсаты түрлі дін өкілдерін бір ортаға жинау және дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылау екенін атап өтті. 

"Қазақстан бойынша 18 конфессия тіркелсе, соның 17-і Алматыда бар. Бұл Алматының еліміздің рухани астанасы екенін көрсетеді. Форумға шетелдік және қазақстандық діни сарапшылар қатысуда. Қазір әлемде қақтығыстар болып жатқанын көріп отырмыз. Біз дін өкілдері арқылы осындай елдерді соғыссыз әлем құруға шақырғымыз келеді", – деді Ерғали Ахилбекұлы. 

Айта кетейік, Рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні. Атаулы дата Қазақстан егемендік алған соң белгілеген алғашқы мерекелерінің бірі болды. 

Талқылау
Пікір
zhasulan
13 Жел, 22 жыл - 14:25

 

Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын!