Алматы облысында жарылыстан 1 адам қаза болып, 7 адам зардап шекті
Алматы облысының Алакөл ауданында жарылыс болып, 1 адам қаза тапты. Бұдан бөлек, жеті адам зардап шекті.
Оқыс оқиға Үшарал қаласындағы "Алакөл" ұлттық табиғи паркі әкімшілігінің аумағында болған. Ауруханаға түскендердің жағдайы қалай? Бұл жарылысқа қатысты мамандар қандай болжам айтып отыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Оқыс оқиға парк әкімшілік ғимаратының бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Өрт сөндіру көлігінің автоцистерна сорғышына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан сәтте жарылыс болған. Видеодан зардап шеккен екі адамның жерде жатқаны байқалады. Кейін қызмет барысында 8 адам ауыр жарақат алғаны анықталды.
Оқиға туралы алғашқы хабар облыстық төтенше жағдайлар департаментіне кеше түстен кейін түсіпті.
"Өрт сөндіруге арналған өздерінің техникасын жөндеу жұмыстарын атқарған. Артында насосты ремонтап жатып соққанда подшипниктер жарылған", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Азамат Жұртбаев.
Жарақаттанған 8 қызметкердің барлығы "Алакөл" ұлттық паркінің жұмысшылары. Төтеншеліктердің мәліметінше, олардың дені механиктер мен жүргізушілер екен. Алған жарақатынан жұмысшылардың бірі ауруханада жан тапсырыпты.
"8 науқастың ішінде бір науқас дене жарақаттарының ауырлығына байланысты түскеннен кейін жасалған алғашқы медициналық шараларға қарамастан, алғашқы сағатта қайтыс болды. Қалған 7 науқастың 4-уі қазір жансақтау бөлімінде, оның 3-уіне ота жасалды. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Қалған 3 науқастың жағдайы орташа. Олар травмотология бөлімінде ем қабылдап жатыр", - деді Алакөл аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Бақытгүл Бижанова.
Зардап шеккендердің үлкені 66 жаста болса, кішісі 24-те екен. Дәрігерлердің сөзінше, оларға тиісті ем-дом жасалып жатыр. Қазіргі таңда жарылыстың неден болғаны анықталуда.