Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлеуметтік желідегі ақпараттық шайқасқа тосқауыл қоятын заң керек пе?

Бұл күнде әлеуметтік желі шен-шекпенділер мен өнер жұлдыздарының оғаш қылықтары мен ерсі әрекеттерін әшкерелейтін “алаңға” айналды. Әлдекімнің жеке өмірінің “құпиясы” болуы тиіс мәліметтерден ғаламторда көз сүрінеді. Оның жалпақ жұртқа жария болуы ол адамдардың өздері қаламаса да, басқалар бұған пысқырып қарағаны шамалы.

Әлеуметтік желідегі ақпараттық шайқасқа тосқауыл қоятын заң керек пе?

Ғаламтордағы шайқастар жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Соның салдарынан жазығы жоқ жандарға жөнсіз күйе жағылған оқиғалар да болуда. Мамандар болса бұған заңмен тосқауыл салатын уақыт жетті дейді. Дегенмен, әлемжелі кейбір жандардың шынайы пенделік бет-пердесін де ашып беретін нысана да болып отыр.

Бүгінде смартфонның сенсорын бір рет басып, еш кінәсі жоқ адамның абыройын айрандай төгіп, жаманатқа қалдырып жатқандар бар. Дегенмен, кейде желіде ақпарат тарату әділетті қалпына келтірудің жалғыз жолы болуда. Осылайша, интернет дәуірінде көптеген құпия әп-сәтте жалпақ жұртқа жариялануда. Қазнетте күн сайын болмаса да, жиі-жиі танымал адамдардың “отбасылық құпиясы болуы” тиіс жеке суреттерін, өнер жұлдыздары мен шен-шекпенділердің әдепсіз қылықтары түсірілген видеоларды көріп жатамыз. Бұған етіміз өліп кеткені сонша, аса мән бермейтін деңгейге жеттік. Алайда, кейде осындай дүниелер талайдың таңдырын өзгертуде.

Экс-мәжілісмен Мұхтар Тінікеевтің дастархан басында былапыт сөздер айтып, бір адамның бетінен ұрған бейнежазбасы да талай әңгімеге арқау болды. Алғашында, Тінікеев бұл видеоның “қалжың” екенін айтып, ақталған-ды. Бірақ, оқиғаның жай-жапсары белгілі болғасын депутаттық мандатынынан өз еркімен бас тартты. Ал, белсенділер болса әркімнің жеке өміріне жөн-жосықсыз араласып, видеолар мен фотоларды жариялауға тыйым салатын заңдық тетіктер керек дейді.

«Негізі мұнымен күресу керек. Меніңше, тіпті ақпараттық жалпы арнада ағымда министрлік тарапынан болсын, заңдық тұрғыдан шектеу қойылу керек. Қазір біз сол межеге жеттік деп ойлаймын» – дейді техноблогер Садық Шерімбек.

Әлеуметтік желілерде әкім-қаралар мен депутаттарды айтпағанда, халық ықыласына бөленіп жүрген өнер адамдарының да “пенделік бет-перделері” ашылып қалып жатыр. Мәселен, Павлодарда концерт берген Төреғали Төрәлінің “дөрекі қылығы” жұрттың жадынан өше қойған жоқ. Ата сақалы аузына түскен қарияны жатып кеп сөгіп, тіпті жекпе-жекке шақырғаны дүйім жұрттың ызасын туғызған еді.

Төреғали Төреалі: «Ей, Қызылординец! Индюха, қара бері».

Қасықтап жинаған беделін шелектеп төгіп ала жаздаған ” Ұлы дала баласы” налаға қалмайын деді ме, халықтан кешірім сұрап барып, бір-ақ тынды. Ал продюсерлердің акуласы аталып кеткен Баян Алагөзованың бұрынғы күйеуінен оңбай таяқ жеп, ауруханаға түскен сәті де әп-сәтте ғаламтор беттерін шарлап, талай сайттарға азық болды. Мамандар, рейтинг қуған порталдардың адамның жеке басына қатысты мәліметтерді “жерден жеті қоян тапқандай” жарыса жариялауын әбестікке балайды.

«Басында тәп-тәуір ашылған сайттар, танымдық порталдардың өзі рейтинг қуалаудың нәтижесінде пәленше-пәленшемен жатты, мына екеуі қырылысып қалды дейді. Қазақ интернетінің мүлдем басқа бағытқа бұрып тастады» – дейді блогер Садық Шерімбек.

Шенді-шекпенділер мен танымал адамдардардың не ішіп, не жегені, кіммен көңіл жарастырғаны, қайда демалғаны – бұл күнде әлеуметтік желіде тез таралып, жүздеген мыңдаған лайк жинайтын тақырыпқа айналды. Заманауи тілмен айтсақ “хайпқа” қарық болудамыз. Бірі жеке өміріндегі “құпиялардың” жалпақ жұртқа жария болмауын мүлдем қаламайды. Бірақ,”арзан сенсация” қуушылардың құрығына түсіп қалып жатыр.

Ал, өзгелері керісінше ел назарынан тыс қалмасы үшін түрлі оғаш әректтерге барудан арланбайды. Мәселен “атың шықпаса жер өрте” дегенді берік ұстанатын блогер Айжан Байзақова түнгі клубта қазақ қызын шешіндіріп, елді дүр сілкіндіргені әлі есте. Осылайша, мамандар әлеуметтік желі кей жағдайларда бәзбіреулердің “құйтырқы жоспарын” ең жеңіл жолмен жүзеге асыратын алаңға айналғанын айтып отыр. Дегенмен, оның қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуде “қозғаушы күш” болып отырғанын да жоққа шығаруға болмайды дейді.

«Бүгінгі таңда осы әлеуметтік желінің дамуға қоғамдағы мәселенің шешілуіне түйіткілді мәселелердің қоғамның алдында айтылуына септігін тигізіп жатыр. Бұл өте жақсы тенденция» – дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.

Медельдің екі жағы болатындай, әлеуметтік желінің пайдалы тұстары да көп, зиянды жақтары да жетіп артылады. Бірақ, бірнәрсе анық: бұл күнде ғаламтор кімнің не істеп, не қойып жүргенін қалт жібермей қадағалайтын құралға айналды. Ал, бұл оқиғалдардан сабақ алып, ой түюді әркімнің өз ықтиярына қалдырдық.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау