Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ақтөбедегі жағажайда топырақ басып қалған сәбидің анасы болған оқиғаны жылап тұрып айтып берді
Ақтөбеде жағажайға демалуға барып, жар астында қалғандарға қатысты сот отырысы басталды. Шілдедегі сұмдық оқиға кезінде 6 адам зардап шеккен болатын. Арасында 10 айлық сәби де бар. Сот отырысында жәбірленушілерге оқиғаны баяндау оңай тимеді. Топырақ үйіндісінің басып қалған балаларды қалай қазып алғандарын айтқанда аналары көз жастарына ерік берді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Анастасия Ермейчук жағадайда болған жайтты ұмыта алатын емес. Көз алдында кішкентай қызынан көз жазып қала жаздаған. Топырақ астында жатып қалған 10 айлық Златаның денсаулығы мәз емес. Былдырап тілі шығып, енді-енді аяғынан тұра бастаған сәби сол оқиғадан кейін мүлдем сөйлемей, жүре алмай қалыпты. Құм басқан кезде қабырғасы сынып, бел омыртқасы майысып, басы мен кеуде тұсы жарақаттанған. Екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатып, жаны қалған қызға әлі ұзақ емделуге тура келеді.
«Көзімді ашсам, бұлдырап ештеңе көрінбейді, шаң бұрқырап жатыр. Жалма-жан баламды іздей бастадым. Айналам айқай-шу. Бір кезде топырақ астынан қызымның бас киімін көріп қалдым. Жанталасып сол жерді қолыммен қаза бердім. Бір кезде қолыма құлағы ілінді. Жүрегім зу етті…», – дейді зардап шегуші Анастасия Ермейчук.
Ақылы жағажайдағы жағдай биыл 22 шілдеде болды. Онда тыныуға келгендер жардың жиегіндегі тапшанды жалға алады. Қыз-келіншектер балаларымен отырған сәтте жардың басындағы тастар құлап, ағаш күркені құлатып кеткен. Кейін тергеу барысында жағажайдың қожайыны қауіпсіздік талаптарын сақтамай, демалушылардың өміріне қауіп төндіргені белгілі болды.
«Тұрғындарға қызмет көрсете отырып, олардың өміріне қауіп төнетіндігін қаперіне алмаған. Қолмен жасалған тапшанды жардың астында орналастыра отырып, оның құлауы мүмкіндігін ескермеген», – дейді мемлекеттік айыптаушы Қайрат Меңдібаев.
Жәбірленушілер жағажай басшысының осы уақытқа дейін дәрі-дәрмек жағынан көмектеспегені былай тұрсын, жағдайларын сұрап келмегендерін айтты.
Алайда, кәсіпкер болса, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Жәбірленушілер жағажай қожайынынан моральдік-материалдық шығынды өтеуді талап етіп отыр. Әзірге қанша сома екенін нақтылаған жоқ. Сот отрысы әлі жалғасады.