Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік түлектің өлімі: күдікті оқиғаны өз нұсқасымен баяндап берді

Ақтөбеде кәмелеттік жасқа толмаған баланы өлтірді деп күдіктелетін,  “Алтын белгі” медалінің иегері Бекназға қатысты сот ісі  басталды. Бұл туралы Ақтөбе Таймс басылымына сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Сотта Бекназ орын алған оқиғаны өз нұсқасымен айтып берді.

“Мен Азатты өлтірмек түгілі, оның денесін зақымдағым да келмеді. Өз қылмысымды мойындаймын, бірақ мен адамды қасақана өлтіруге ниеттенетін азамат емеспін”, — деді ол.

Күдіктінің сөзінше, 25 мамыр күні олар сыныптастары және ата-аналарымен бірге демалыс орнында демалып жатқан. Ол жерде қаладағы басқа мектептердің түлектері де болған. Екі күннен кейін Бекназға Instagram әлеуметтік желісі арқылы Азаттан хабарлама келеді. Бекназ демалыс орнында Азаттың аяғын басып кеткен екен. Бекназ Азаттан кешірім сұрайды, бірақ Азат оған боқауыз сөздермен жауап қайтарады.

15 маусым  күні Азат пен Бекназ “Алтын белгіні” иеленген түлектерді мараппаттау кешінде кездеседі. Ұлдар арадағы мәселені оңашада шешкенді жөн көреді.

17 маусым күні Бекназдың ата-анасы Мұғалжар ауданына, тойға кетіп қалады. Кешкісін ол қыздармен және досымен қалада қыдырып жүрген. Олар Түргенев көшесінен өтіп бара жатқанда, бір топ балаларды көреді. Олардың арасында Азат та болған. Ол Бекназды оңашада сөйлесуге шақырған. Екеуі жатақхананың артына қарай барған. Төбелес кезінде Азат Бекназдың анасы жайлы боқауыз сөз айтқан көрінеді. Сол сәтте күдікті соққыдан екі бүктеліп қалады. Қалтасынан пышақ  түсіп кетеді. Эмоцияға берілген Бекназ пышақты қолына алады, бірақ ары қарай не болғанын білмейді. Бекназ  досымен бірге такси ұстап, оқиға орнынан кетіп қалған. Келесі күні ол Азаттың ауруханада көз жұмғанын естіген.

Сотта марқұмның әкесі Азаттың апа, атасының қолында тәрбиеленгенін айтты. Ол — төрт баланың үлкені.

“Азат өте жақсы тәрбиеленген. Ашық мінезді еді. Өлгеннен кейін кез келген адам жайлы түрлі нәрсені айтуға болады. Менің ұлым боқауыз сөз айтқан жоқ және дауды бастаған жоқ. Азат көшеге сирек шығатын. Футболға қызығатын. Сол күні ол достарымен бірге футбол көруге кеткен. Матчтан соң ұлыма қоңырау шалдым. Тұтқаны басқа бала көтеріп, Азатты біреу пышақтап кеткенін айтты”, — дейді Азаттың әкесі.

Естеріңізге сала кетейік, 19 мектептің түлегі Азат Дүсүпов 17 маусым күні “Ақтөбе”- “Ордабасы” командаларының кездесулерінен кейін қайтыс болды.

Оны өлтірді деп айыпталатын Бекназдың жасы 17-де еді. Бірақ  ол 18 жасқа толған күні кісі өліміне қатысты айыпталды. Бекназды жасқа жеңілдік жасамайтын арнайы сотта соттап жатыр.

 

 

 

Талқылау