Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жеті айдан бері жалақысын ала алмай жүрген жүздеген жұмысшы жанайқайын жеткізді

Ақтөбеде қиыршық тас шығаратын зауыттың жүздеген жұмысшысы жеті айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Шағым айтып бармаған жерлері жоқ. Соттың жұмысшылар пайдасына шығарған шешімі де қолдарында. Алайда, кәсіпорын басшылығы көк тиын да төлеуге асығатын емес. Берешек бүгінде 60 млн теңгеден асып кеткен. Сорақысы жұмысшылар өздерінің зейнетақы қорына бақыр тиын да түспегенін осы былықтың беті ашылғанда ғана білдік деп отыр.

Ақтөбеде жеті айдан бері жалақысын ала алмай жүрген жүздеген жұмысшы жанайқайын жеткізді

Шалқар ауданының Бершүгір ауылындағы қиыршық тас өңдеу зауыты бір-екі жылда құрыла салған кәсіпорын емес. Нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан, жалақыны кешіктіріп жатқанда жұмысшылар бастапқыда сабырлылық танытып, күттік дейді. Алайда, шыдамның да шегі бар. Бір ғана адамға берешектің өзі жарты миллионға жеткенде, қол қусырып қарап отыра алмапты, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Айлығымды маусымнан бастап төленген жоқ. 465 мың теңге берешек осы компания. Оған дейінгі зейнетақы төлемі де төленбеген. Неге бұл компанияға шара қолдануға болмайды? 104 адамға берешек. Сонда бұл заңға бағынбайтын компания ма?» – дейді кәсіпорынның бұрынғы экспедитор-жүргізушісі Мұрат Мінайдаров.

Ашынған бір топ адам кеше кәсіпорынның облыс орталығындағы кеңсесіне келді. Қолдарында соттың әр жұмысшыға тиесілі жалақысын өтесін деген шешімдері бар. Ол әркімде әртүрлі. Жарты миллионнан 2,5 млн теңгеге дейінгі соманы ала алмай жүргендер көп. Алайда, соттың шешімі осы уақытқа дейін қағаз жүзінде қалып отыр деп қынжылады жұмысшылар.

«Еңбек департаментіне арыз бердік. Олар да біздің қолымыздан ештеңе келмейді деді. «Біз ештеңе шеше алмаймыз, біз айыппұл салып кеттік», – деді. Сотқа жаздық, сот шешімі шықты. Ақша берілсін уақытында делінеді шешімде. Бірақ шешім шыққаннан кейін, «Жаңатас Ақтөбе» дұрыс емес деп арыз жазған», – дейді зауыттың бұрынғы жұмысшысы Төлеу Жандуллин.

«Онда отырыс болды. Еңбек департаментінің өкілдері болды. Бекенов біздің талабымыз 10 күнде орындалады еді. Содан бері 2 ай өтті», – дейді зауыттың бас есепшісінің бұрынғы орынбасары Нұркен Қарабалин.

Жұмысшылар бұл жерде бір шикіліктің барын айтады. Маусым айынан бастап қызметкерлеріне ақшасын бермегенімен, кәсіпорын басшылары қол қусырып қарап отырмапты. Консервацияға уақытша жабылғанға дейін қиыршық тасты сатып, одан түскен ақша келесі бір фирманың шотына түсіп отырған дейді.

«Сатып алушылармен үшжақты келісімшарт жасап отыр. Үшжақты келісімшартта  «Теміртас Ақтөбе» ақшаның бәрі соған түседі, міне менде қағаздары бар. Күніне қиыршық тастың қанша тоннасы сатылды. Орташа бағасы – 1500 теңге», – дейді зауыттың бұрынғы жұмысшысы Төлеу Жандуллин.

Жалақысын ала алмай жүрген 104 жұмысшының бұл бір парасы ғана. Көпшілігі шалғай ауылдарда тұрады. Мәселесін айтып келетін жағдайлары жоқ, жолақыға да ақша таппай отыр, дейді әріптестері. Алайда, бас кеңсеге келген он шақты адамның өзін «келдің-ау» деп жатқан ешкім болмады. Бас есепшісі бар, заңгері бар «басшымыз жұмыста жоқ, біз ештеңе білмейміз» деумен болды.

Кеңседегілерден мардымды жауап алма алмағаннан кейін зауыт жұмысшылары облыстық әкімдікке барды. Ақ жағалылылардың әдеттегідей үйреншікті жауабы бар.«Жұмыс тобы құрылып, мәселе қаралады» деді. Ал кәсіпорын басшыларына арадағы келісімді бұзамыз деп шүйлікті.

«Арнайы топ шақырып, осы топ кеше осы мәліметтерді өз құлағымен әр мекеме басшысынан тыңдады. Біз бүгіннен бастап хабарлама беріп, бүгінде қолында бар келісімшартты бұзамыз. Содан кейін жаңа инвесторлар келеді», – дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Тұралаған зауытқа дәл қазір қызығушылық танытқан инвестор бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Алайда, әкімдіктегілер жаңа қожайынға ең бірінші жұмысшылардың қарызын өте деп өтініш айтамыз деп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

STAN.KZ
Жұма, 08 Ақпан, 2019 09:10