Ақтөбеде ұялы телефонды қуаттау мүмкіндігі бар аялдамалар салынды
Өткенде Ақтөбедегі 5-шағын аудандағы аялдамалардың ескі павильондары алынып тасталған болатын. Осы аптада «Мәңгілік алау» жағындағы аялдама пункті жаңадан қойылды.
Бұл туралы “Ақтөбе” басылымы жазды.
Жаңа аялдаманың жоғарғы жағында жарық-диодты дисплей бар. Тағы бір жаңалық — аялдама бағанасына usb-кабельге арналған үш көзі бар порт орнатылған. Аялдамада тұрған адам анықтап қарамаса, қуаттандыру жабдығын бірден көре қоймасы анық.
Телефоныңыздың қуаты таусыла беретін болса, өзіңізбен бірге енді usb-кабель алып жүрсеңіз болғаны. Алайда, қуат көзі жауын-шашыннан қорғалмаған, беті ашық тұр.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Есет батыр көшесі, Молдағұлова және Әбілқайыр хан даңғылдары секілді 6 орталық көшеге қойылатын usb-порты бар 12 аялдама пункті үшін жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлініп отыр.
«Мұндай павильондар негізінен адам көп жүретін жерлерге қойылады. «Қалтасы бар» аялдамалардың құны — шамамен 1 миллион 600 мың теңге. Ал «қалтасыз» аялдамалар миллион теңгеге жуықтайды», — дейді аталған бөлімнің маманы. Айтпақшы, бұдан басқа Ақтөбеде демеушілердің қаржысы есебінен зарядтауға арналған порты жоқ 20 жаңа аялдама бой көтереді.

Министр Нұртілеуді ұстады деп жалған ақпарат таратқан Orda.kz құрылтайшысы кім және оны қандай жаза күтіп тұр?
