Ақтөбеде бала күтуші өзге әйелдің тастап кеткен қызын 4 жыл бойы асыраған
Қорғаншылық өкілдері бөтен отбасында 4 жыл өскен ақтөбелік бес жасар қыздың ата-анасын анықтады.
Бұл туралы аймақтық байланыс қызметі хабарлады.
Білім басқармасының хабарлауынша, 2015 жылдың тамызында Ақтөбе қаласының тұрғыны қызын бала күтушіге қалдырып кеткен. Отбасы қызды 4 жыл тәрбиеледі.
«Қыздың туған анасы Астанада тұрып жатыр. Қалалық білім беру бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органы Астана қаласының Алматы ауданы білім бөліміне өтініш жіберді. Телефон арқылы әңгімелесу барысында әйел төрт жыл бұрын отбасылық себептермен қызын өзге отбасына тастап кетуге мәжбүр болғанын айтты. Қыздың әкесі де Астанасында тұрады. Әйел бір аптаның ішінде баланы отбасына алып кететінін айтты», - деп хабарлады білім басқармасынан.
Министрлік қызды отбасына қайтару мәселесі заңда белгіленген тәртіппен қатаң түрде шешілетінін атап өтті. Айта кетейік, бүлдіршін заңды өкіл болмауы себепті бала күтушіден алынып, «Аяла» балаларға қолдау көрсету орталығына уақытша орналастырылды. Психолог қызмен жұмыс істейді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.