Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ақтөбеде аяғынан айрылып, төсекке таңылған зейнеткер мүгедектік ала алмай отыр
Қарияның кемпірі болса отағасының жағдайын айтып, дәрігерлерге сан мәрте бардым, бірақ ешкім құжаттарды әзірлеуге асығатын емес деп отыр. Ал ақ халаттылардың неге мүгедектікті рәсімдеуді кешіктіріп жатқанына қатысты айқан уәжін естігенде, тіпті жағасын ұстапты. Жарымжан жандар неге тиесілі көмекті алуға дәрменсіз?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бір басында бірнеше дерті бар Юрий Мануиловтің төсекке таңылғанына бір жылға таяп қалған. Жұбайы Раиса Ивановна соңғы уақытта оның жағдайы тіпті қиындап кеткенін айтады. Қан қысымы, жүрек талмасы сияқты сырқатының үстіне қант диабеті қосылып, дерті дендеген соң, аяғын тізеден төмен кесуге тура келіпті. Бар ауыртпалық содан басталыпты. Өзі де денсаулығы сыр беріп, әрең жүрген жұбайы учаскелік дәрігерлерге барып отағасын 3-топтан 1- топтың мүгедектігіне ауыстыруын сұраған.
«Мен қайта-қайта өтініш айтып барам, олар “жоқ, сіздің шалыңызға болмайды” деп шығарып салды. Сұрасам, ол кісі қазір 3-топтың мүгедегі дейді. Мына жатысына қарап-ақ, ол кісінің қазіргі жағдайымен 1-топтағы мүгедектік берілуі керек деп санаймын. Оған қоса, жөргек, басқа да қажетті тиесілі заттарды алғымыз келеді», – дейді Мануиловтің жұбайы Раиса Мануилова.
Дәрігерлердің «жұбайыңыздың 3-топтағы мүгедектігі бар емес пе» деген сөзі кейуананың жүрегіне қатты батыпты. Бір жылдан бері жүріп-тұрудан қалған науқасты қалайша еңбекке қабілеттілердің санатына жатқызылатынын түсіне алмай әлек. Ал учаскелік емхананың дәрігерлері болса, Юрий Мануиловтің жағдайын жіті бақылап отырғандарын жеткізді. Мүгедекті рәсімдеу үшін күтуге тура келеді екен. Өйткені, зейнеткерге ота жасағанына бір ай ғана болды деп түсіндірді.
«Денсаулығының ауырлығына байланысты II не I топқа берілуі керек. Сондықтан, қазіргі уақытта шыққанына 1 ай болып, документтерін дайындап жатырмыз. Амбулаториялық көшірмелерін дайындадық. МСЭК-ке жібереміз, инвалидность жағын солар шешеді», – дейді №6 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Батырханова.
Зейнеткердің мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар да бақылап отыр. Желтоқсанның ортасына дейін сырқатқа өте ауыр деңгейдегі мүгедектік санатын беру жоспарланғанын жеткізді.