Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 2 миллиард теңгеге жөнделген асфальт қармен бірге еріп кетті

Жыл сайын қармен бірге еріп кететін Ақтөбенің асфальт жолдары тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Шұрық-тесігі көп жолдардың кесірінен қаланың сырты емес, тіпті ішіндегі қатынас қиындап кетті дейді ашынған халық.

Айтуларынша, былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен жаңа жолдардың өзі биыл жүруге жарамсыз болып қалған. Ал қаладағы сапасыз салынған тас жолдарды беске білеміз деген шенеуніктер жылда еріп кететін асфальтты көліктердің көптігінен көреді, деп хабарлады 31 арна.

Күні-түні жолаушы тасып, отбасын асырап отырғандардың бірі – Нұржан Қамедов. Көп уақытын көлікте өткізетіндіктен Ақтөбенің әр қиылысындағы жолды жақсы біліп алған. Жол төселмей жатып, тесіліп, ойдым-ойдым шұңқырға айналатын қаладағы жолда жүру мүмкін емес дейді. Осы жолдың кесірінен көлігінің қайта-қайта сынып, бар тапқанын дөңгелек ауыстыруға жұмсаудан жалыққанын айтады.

“Қар ерігенде асфальтта кетеді ғой бізде еріп. Білмеймін, оны қалай, кім қарап отырғанын? Мына жолды былтыр істеді. Жағдайын қараңыз. Мүмкін емес”, – дейді тұрғын Нұржан Қамедов.

Тұрғындар жыл сайын жаңаланғанымен, көктем шыға қар суымен бірге еріп кететін Ақтөбенің асфальтына таң қаламыз дейді. Ал бүгін кабинеттерінен аса көп шыға қоймайтын шенділер былтыр жөнделіп, биыл тесіліп қалған жолдарды өздері аралауға шығыпты. Сөздерінше жол салған мердігер компаниялар сапасыз асфальтты өз қалталарынан ақша шығарып, қайта жөндейтін болады. Алайда қаладағы тесілген барлық жолды жатқа білеміз деген шенеунік асфальт жамылғысының тесілуін сапасыздықтан ғана емес, қаладағы көліктердің көптігі мен ауа-райынан да көреді.

“Біз бәрін де білеміз. Арынов көшесін де білеміз. Жүргізбейтін Тургенев көшесі ертеңнен бастап орташа жөндеу жұмыстары басталады. Өзіңіз білесіз қала аумағында көлік санының көбеюі өсіп жатыр. Ол да осы жолда ақау пайда болуына өз септігін тигізеді”, – дейді Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали.

Билік биылғы қыстан шыға алмаған асфальтты жолдарды жөндеуге қазынадан тағы да қыруар қаржы бөліпті. Барлығы 25 шақырымды құрайтын жолға екі жарым миллиард теңге жұмсаймыз деп отыр.

Тағы оқыңыз:

Базардың орнына саябақ салғысы келген билік саудагерлерді қуып жатыр

Қарағанды облысында топан судың ортасында қалған тұрғындар ауылдан шыға алмай отыр

Жезөкшелерді қамшымен сабаған Жан Ахмадиев: Депутат болсам, біраз нәрсені өзгертер едім

Шымкентте әкесі мен қызын өз үйінде өлтіріп кеткен сол үйдің баласы болып шықты

Талқылау