Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында тұрғындар бірнеше жылдан бері мемлекет берген баспанаға кіре алмай жүр

Ақтөбе облысы Алға ауданында мемлекеттен тегін берілген 10 соттық жерге үй салған тұрғындар баспаналарына кіре алмай жүр. Себебі аталған аумаққа инфрақұрылым желілері тартылмаған. Бірнеше жылдан бері ауыз су мен электр жарығын күтіп шаршаған жұрт пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Төзіміміз таусылды деген қараша жер бермес бұрын осы мәселені шешіп алмаған шенеуніктердің әрекетіне қапалы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Гүлнар Смағұлова – мемлекеттен тегін жер алған тұрғындардың бірі. Ол Ұшқұдық ауылынан берілген 10 соттық жер учаскесіне үй салыпты. Алайда келіншек бес жылдан бері тұрғызып қойған баспанасына кіре алмай жүр. Себебі әлі күнге дейін аумақта жарық пен ауыз су желісі тартылмаған. Ал адам тұрмағаннан кейін үйдің шатырынан су ағып, қабырғалары сыз тарта бастапты. 

“Таза еңбегімізбен, маңдай терімізбен салған үйімізге кіре алмай жүрміз. Үйіміз жылдан жылға тозып бара жатыр. Жарық та, ауызсу да жоқ. Неге бізге құр уәдені үйе береді? Кәмелет жасқа толмаған балаларымды ерітіп Ақтөбе облысында екі бөлмелі пәтерді 140 мыңға жалдап отырмын. Неге шырылдамаймын?” – дейді Үшқұдық ауылының тұрғыны Гүлнар Смағұлова. 

2016 жылы кезекте тұрғандардың барлығына елді мекен іргесінен тегін жер берілген. Қазір 20-ға жуық үй салынып тұр. Тұрғындар иесіз үйлерге ұрылар кіріп, ішіндегі заттарын үптеп кетті деп күйінеді.

“2019-да салып қойдық. Кіре алмай отырмыз әлі. Жарық жоқ. Газ келді. Бірақ насос қою үшін жарық керек. Үйдің қасына баған жүргізіп қойды. Бірақ трансформатордың ішін тонап кетті. Ішінде дым жоқ. Үйге қайта-қайта қарап қоямыз. Терезесін сындырып кетеді. Құрал-сайманды ұрлап кетеді”, – деп күйінді тұрғындардың бірі Сұлтан Естаев.

Аудан әкімдігі 2017 жылы 530 учаскіге электр желісі тартылғанын, алайда аумақта жер телімдерінің барлығында құрылыс жүргізілмегендіктен трансформаторлардың тоналып кеткенін жасырмады. Қазір аудандық бюджеттен 30 миллион теңгеге сметалық құжат жасалыпты. Қаржы бөлінген соң баспанасын тұрғызып қойған тұрғындарға электр желісін тартып береміз деп сендірді.

“Қазір келген азаматтардың, өтініш білдіріп жатқандардың учаскелерін, кварталын қараймыз, зерделейміз. Біз "Энергожүйемен" сөйлесіп отырмыз. Мамандары осы жерде бар. Жаңадан салынған желіге де кейбір жерлерде қосылуға мүмкіндік бар. Егер салынатын үйлердің бәрі жақын арада бітсе,  жаңағы айтқандай бюджеттен ақша қарастырып толық желі жөндеп береміз”, – деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Қанғожин.

Сондай-ақ шенділер ауылға ауыз су тарту мәселесін шешуді қолға алған. Алайда жалдамалы пәтерде тұрып шаршаған халық осы түйткілдің түйінін тезірек тарқатып беруді сұрайды. 

Айта кетейік, бүгін Ақтөбедегі құрылыс материалдары бар қоймадан өрт шыққан еді. Мамандар жалынды сөндіргенін хабарлады.

Талқылау