Ақтаудағы балабақша жанжалы: Ата-аналар сәбилерді ұрды деген директорға сенбей, ақшаларын талап етті

Ақтауда жекеменшік балабақшадағы былық әшкере болған соң ата-аналар директордан ақшаларын қайтаруды талап етті. Бүлдіршіндердің әке-шешелері мен мекеме қызметкерлерінің сөзінше, жанжал тәрбиешінің балаларға берілетін тамақ мөлшерін видеоға түсіргеннен кейін туындаған.

Мұны біліп қалған мектепке дейінгі мекеме басшысы қызметкерді соққыға жығып, басын жарған, деп хабарлайды Евразия.

Жекеменшік балабақшадағы бұл оқиға 14 ақпан күні болған. Жаға жыртысқа мекеме тәрбиешісі Асыл Өтепованың ұялы телефонына түсіріп, ата-аналарға жіберген видеосы себеп болыпты.

“Міне, қашаның түбінен салғаны. Компот та міне, бір графин осы. Екі литрге жетпейді кішкентай. 25-27 балаға осындай қылып құйғызады. Мынау нан қаждый балаға. Міне, мынандай кішкентай кусоктан, бір штуктан. Супы міне, ішінде дым жоқ, түбінен саласын себебі жетпей қалады. Мынау күнедікті істейтін тамақ обед, ужин макарон осындай былшыраған”, – дейді видеода.

Осы былықты түсіріп, ата-аналарға жібергенім үшін бастығым сабап тастады, дейді тәрбиеші. Алайда, мектепке дейінгі мекеме басшысы Гүлжанат Мұратбай бойжеткеннің басынан сапты аяқпен ұрмағанын айтып ақталуда. Оның айтуынша, тәрбиеші түсірген бейнежазба жалған. Және ол осының алдында ерсі қылықтарымен көзге түскен көрінеді.

“Біздің балабақшаға баласын алып келетін Нұрмағанбетова Ляззат есімді ата-ана маған телефон шалып хабарласады. Сіздің балабақшаға барып едім, сіздің тәрбиешіңіз бұрышқа апарып бір баланың аузына аяғындағы тәпішкесін тығып отырғанын көзімен көрдім. Осы жағдайдан кейін мен қатты ұрысқаным рас себебі ондай жағдай біздің балабақшада ешқашан болып көрген жоқ. Бұл бір рет орын алған нәрсе екінші рет қайталанбайтынына кім кепіл деп сол жерде жұмыс жасап жатқан қызметкерлерге жұмыстан босатуларын сұрадым”, – дейді балабақша басшысы Гүлжанат Мұратбай.

Яғни, директордың сөзіне сенсек қызметкерлердің оған мұндай қастандық жасауына оларды жұмыстан шығарылуы себеп болған. Дегенмен, басшылықтың айтқан бұл сөздерімен ата-аналар келіспейді.

“Біздің балаларымыз тәрбиешіні көре сала оған қарай жүгіреді. Мысалы, менің балама егер де біреу дауыс көтеріп, айқайлайтын болса ол ренжіткен адамға бармайды. Ал, директор болса баланың аузына бәтеңкесін тықты деп жала жауып жатыр. Барып жүргенімізге 8 ай болды, не ішке кіргізбейбі, не қандай тамақ ішкенін, азық-түліктің түбіртегін көрсетпейді. Тек айдың бесі бола қалса ақша, тездетіп ақша өткізіңіздер деп бастайды”, – дейді қала тұрғыны Әлия Джаналиева.

“Қазір бізге не құжаттарымызды, не қалған ақшаларымызды қайтармай жатыр. Директор ата-аналармен байланысқа шықпай. Қашып жүр. Егерде оның еш кінәсі болмай, ары таза болатын болса алдымызға шығып кешірім сұрап, жағдайды түсіндірер еді”, – дейді қала тұрғыны Мәдина Бесембаева.

Ал, “Шындықты айтқаным үшін осылай жазаландым” деген тәрбиеші төбелестен соң, Маңғыстау облыстық ауруханасына “жабық бас ми” және “сол жақ самай жарақаты” диагнозымен түскен. Десе де, алғашқы көмек көрсетілген соң, амбулаторлы емделуге үйіне қайтарылыпты. Қазір екі тарап та полицияға шағым түсіріп, білім беру басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бөбекжайдың қызметін тоқтатты.

“Айналайын” балабақшасы 2017 жылдың ақпан айында іске қосылды. Балабақшадағы орын саны 40. Бүгінгі тағда балабақшада яғни 3 жасқа дейінгі 33 бала тәрбиеленуде. Балабақша мемлекеттік тапсырып алып отырған жоқ. Алайда, балабақша тарапынан орын алып отырған жәйтті құзырлы органдармен бірлескен комиссия құрылып, анықтау жұмыстарны жүргізілуде. Балабақша бүгінгі таңда қызметін тоқтатты”, – дейді қалалық білім бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқраушы Бағдат Тұрғанбаева.

Ия, жұрттың жағасын ұстатып, ата-аналарды уайымға салған оқиғаны енді құзырлы орган өкілдері тексермек. Алайда, бұл жағдайда қатты зардап шеккен тарап балалар екенін ескерген жөн, дейді ата-аналар. Сондықтан шындықтың түбіне жетіп, кінәлілерді жазаға тарттармайынша біз тыныштық таппаймыз деп, прокуратураға шағым түсіріпті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр